Жаңалықтар

Қазақстандық фермерлер халықаралық көрмеге қатысты

Қазақстандық фермерлер халықаралық көрмеге қатысты

Дүниежүзілік «GFFA» азық-түлік және ауылшаруашылығы жөніндегі форумға қатысу үшін Германия астанасы Берлинге барған ҚР Ауылшаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков бастаған қазақстандық делегация «Жасыл апта» көрмесінің ресми ашылуына қатысты.

– 2024 жылғы халықаралық «Жасыл аптаның» ауқымды іскерлік бағдарламасы жетекші өндірушілердің озық тәсілдерімен және жетістіктерімен танысуға және бүкіл әлемнің ауылшаруашылығы саласының көшбасшыларымен байланыс орнатуға тамаша мүмкіндік береді, – дейді Ербол Тасжүреков. Қазақстан алғаш рет 2018 жылы «Жасыл аптада» өзінің павильонын ашып, 10 отандық ауылшаруашылығы өнімін өндірушілердің өнімін әлемге таныстырған болатын. Биыл көрмеге 20-дан астам қазақстандық компания қатысты. Экспозицияда ет өнімдері, бие мен түйенің құрғақ сүті, ұн, өсімдік майлары, кондитерлік өнімдер, бал, жент, жеміс шырындары бар. Германия – Қазақстанның, әсіресе экономика мен ауылшаруашылығы саласындағы маңызды серіктесі. 2023 жылдың қаңтар-қараша айларында екі ел арасындағы ауылшаруашылық өнімдерінің тауар айналымы 113,7 миллион долларды құраған. Бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңінен 18,3 пайызға артық. Осы уақыт ішінде Қазақстаннан Германияға 26,2 миллион АҚШ доллардың ауылшаруашылық тауарлары экспортталған. Қазақстан өз кезегінде Германиядан тек шоколад және құрамында какао бар басқа да дайын өнімдерді 24 миллион АҚШ долларға импорттаған (2023 жылдың қаңтар-қараша айларында Германиядан Қазақстанға жалпы импорт 87,5 миллион АҚШ долларды құрады). Ербол Тасжүрековтің айтуынша, германиялық инвесторлардың қатысуымен «CLAAS» және «HORSCH» компанияларының ауылшаруашылық техникаларын құрастыру жобасы іске асырылған. Қазіргі уақытта «Baumann GmbH» компаниясының қуаты жылына 30 мың тонна қой етін өңдейтін зауыт салу туралы келіссөздер жүргізілуде. – Германиядағы дүкен сөрелеріндегі отандық тауарлардың ассортименті жыл сайын кеңейе түсетініне сенімдімін. Қазақстанның бұл көрмеге қатысуы дәстүрге айналды және іскерлік байланыстар орнатуға, тәжірибе алмасуға, жаңа бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін маңызды оқиға, – деді вице-министр.

Талғат Нұрханов