Заң

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі бойынша қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар

2020 жылдың 25 қарашасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа кепілдендірілген мемлекеттік құқықтық көмектің көлемін 2 есеге ұлғайтуды тапсырған болатын. 2022 жылдың 20 маусымында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету салаларындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң қабылданды.

Аталған Заң мемлекет кепілдік берген заң көмегіне құқығы бар тұлғалардың және осындай көмекті көрсететін субъектілер тізімін кеңейтуге бағытталған. Енгізілген өзгертулер мен толықтыруларға дейін мемлекет кепілдік берген заң көмегін өз құзіреті шегінде мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар және жеке сот орындаушыларымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсететін субъектілер тізімі заң консультанттарымен толықты. Заң консультанттары мемлекет кепілдік берген заң көмегін азаматтық істер және құқықтық консультация беру түрінде көрсете алады және адвокаттармен қатар заң консультанттарының көрсететін заң көмегіне ақы төлеу және қорғау мен өкілдік етуге байланысты шығыстарын өтеу мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілетін болады. Сонымен қатар жоғарыда аталған Заңмен қолданыстағы «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заңының 26-бабында қарастырылған мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар шеңбері кеңейді. Қазіргі кезде құқықтық консультация беру түріндегі заң көмегі алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға ғана көрсетілетін болса, ендігі кезекте құқықтық консультация беру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі келесідей тұлғаларға да көрсетілетін болады: - мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға; - асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға; - жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқықбұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға; - Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға; - кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көпбалалы отбасыларға; - кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға). Сонымен қатар соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыларға да көрсетілетін болады. Халыққа кепілдендірілген мемлекеттік құқықтық көмектің көлемін арттырып, оң өзгерістер беруге бағытталған жоғарыда аталған қабылданған Заң 2022 жылдың 20 тамызынан бастап қолданысқа енгізіліп, жұмыс барысында қолданылатын болады. Облыстық әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік қызмет көрсету бөлімі