Жаңалықтар

Талас ауданында былтыр 52 көше жөнделді

Талас ауданында былтыр 52 көше жөнделді

Соңғы жылдары Талас ауданында халықтың әл-ауқаты жақсарып, маңызды мәселелер оң шешімін тауып келеді. Оның ішінде жол мәселесі де тұрақты назарда болып, әр жылы аудан орталығында және елді мекендерде көшелер асфальттанып жатыр. Мысалы, Қаратау қаласындағы бірқатар жолдың жаңа кейіпке енгенін айтуға болады.

Жұмыстың басым бөлігі «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында қолға алынды. Еліміздегі бұл бағдарлама ауылдардағы тұрмыс-тіршілікті жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар шалғай елді мекендерді де абаттандырып, жаңа бір деңгейге көтеру мақсатын көздейді. Бағдарлама шеңберінде жастар жұмылып жұмыс істеп, ауылдарды әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамытуға атсалыса алады. Өткен жылы аталған бағдарлама аясында Талас ауданындағы елді мекендердің көшелерін жөндеу бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Мәселен, аталмыш жоба арқылы Үшарал және Ойық ауылдық округтерінде жалпы ұзындығы 15,65 шақырымды құрайтын 21 көшені жөндеуге 670 миллион теңге қаражат бөлініп, орта жөндеу жұмыстары мерзімінде толығымен аяқталды. Сондай-ақ Кеңес ауылдық округіне қарасты Бөлтірік шешен ауылындағы Нұралы көшесіне орта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қалпына келтірілді. Бұдан бөлек Майтөбе ауылындағы Б.Момышұлы, Есейхан ауылындағы А.Омарұлы, Қараой ауылындағы Байжан, Қасқабұлақ ауылындағы Тамды әулие және Бейбітшілік, Тамды ауылындағы Жубаева, Көктал ауылындағы Есейхан көшелерінің жол төсемі жөндеуден өтті. Есепті кезеңде аудан орталығы Қаратау қаласындағы ұзындығы 16,8 шақырымды құрайтын 6 көшеге (Қ.Сәтпаев, А.Байтұрсынұлы (бұрылысымен), М.Есжанұлы, Е.Өмірұлы, Қ.Тоқтыбайұлы, Қ.Жарқынбеков) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудан орталығындағы Б.Момышұлы мен Шахтер көшесі қайта жаңғыртудан өтіп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді. Бүгінгі таңда Қаратау қаласына және Қызыләуіт ауылына кіреберіс аудандық маңызы бар жолдар орташа жөндеуден өтіп, қиыршық тас төселген. Оған қоса «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бөлінген қаражаттың үнемделген қаржы есебінен Бостандық, Ақкөл және Ойық ауылдарында ұзындығы 3,65 шақырымды құрайтын 12 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Талас ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі