Жаңалықтар

Денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тұрақты қолдауының арқасында елімізде бұқаралық спорт пен жоғары жетістіктер спортын дамыту жолында қыруар жұмыстар атқарылуда. Нәтижесінде жыл өткен сайын өңір-өңірлерде заманауи спорт нысандары ел игілігіне берілуде.

Мәселен, жуырда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Т.Рысқұлов ауданындағы Ақыртөбе елді мекенінде жобалық құны 293 миллион теңгені құрайтын денешынықтыру-сауықтыру кешені ашылды. Спорт ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне аудан әкімі Ернар Есіркепов қатысып, осынау бағдарлама шеңберінде 2027 жылға дейін тағы 8 спорт кешені бой көтеретінін атап өтті. Жалпы бұл нысан ауданда соңғы бір жылда пайдалануға берілген екінші әлеуметтік ғимарат. Ауданда өткен жылы жасөспірімдер арасындағы спорттық жарыстарда аудан жастары 32 рет үздік деп танылса, 28 саңлақ спорт шебері разрядына қол жеткізген. Айта кетейік, Жамбыл облысында өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 9 спорт нысанының құрылысы жүріп, пайдалануға берілді. Ал осы жылы өңірде 13 спорт нысаны ел игілігіне ұсынылады деп жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі