Биік белестерді бірге бағындырайық!
Биік белестерді бірге бағындырайық!
Біз тек ауызбіршілігімізді қандай да бір қиындықты еңсеретін кезде ғана танытпай, баянды болашаққа да бірге қадам басуымыз қажет. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген дана халқымыз. Болашақтың бірліксіз болмайтынын болжай білген бабаларымыз осы қағиданы басты бағыт етіп ұстанған. Ел болашағы үшін «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығара отырып жұмыс істеуіміз керек. Бұл ретте қазыналы қариялардың да демеуі мен сүйеуі аса маңызды. Елдің бірлігі мен дамуы жолына аға буын өкілдерінің де қосар үлесі зор әрі тың серпін береді деп сенемін. Бұл жай сұхбат емес, бұл – қазақ қоғамына үлкен қозғау салған ойтамызық. Бұл ойлар біздің еңселі ел ретінде дүние дамуында алды-артын бағамдай білетін, алпауыттармен иық тірестіре алатын мемлекет ретінде орныққанымызды айқындап отыр. Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтай көктемде өтетінін де айтты. Идеология саласындағы көптеген мәселенің шешімін талқылайтын Ұлттық құрылтай бүгінде сындарлы диалог алаңына айналғаны көңіл қуантады. Сонымен қатар Президент тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны қатаңдатуды қолдайтынын да айтты. «Отан – отбасынан басталады» десек, үйде берілген тәлім-тәрбие өскелең ұрпаққа өз әсерін бермей қоймайды. Атамыз қазақ «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген. Сондықтан бүгінгі ұрпақтың бойына салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызды сіңіре отырып, уақыт көшінен қалмауымыз керек. Озық ойлы ұлттың ұрпағы ретінде үнемі алда болуды мақсат етуіміз қажет.
Жанат ЖҰМАДІЛДАЕВ, Сарысу аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Сарысу ауданының Құрметті азаматы