АҚӘДІЛ СУХАНБАЕВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ
АҚӘДІЛ СУХАНБАЕВТЫҢ ЕСКЕРТКІШІНЕ ГҮЛ ШОҚТАРЫ ҚОЙЫЛДЫ
Тараз қаласындағы Абай даңғылының бойында орналасқан А.Сухамбаевтың ескерткішіне ерлік жасаған күніне орай гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым етілді. Аталған іс-шараға зиялы қауым өкілдері, батырдың жерлестері мен қала қонақтары қатысты. Майданда 268-атқыштар полкінің 2-ші ротасының командирі болған Ақәділ Суханбаев ерен ерлігімен ел есінде мәңгі қалмақ. Екі қолының жараланғанына қарамастан, ол оқ борап тұрған зеңбіректі кеудесімен жауып, Александр Матросовтың ерлігін қайталады. Өмірінің өлшеулі бір бөлігін, албырт жастық шағын оқ пен оттың астында өткізіп, ерлікпен қаза тапқан Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаевтың ерлігі ешқашан ұмытылмайтыны анық. – Жылда осы уақытта А.Суханбаевты еске алу мақсатында қала тұрғындары мен жергілікті атқарушы билік өкілдерінің қатысуымен ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. Біз өзіміз, облыс тұрғындары жерлес батырымызбен мақтанамыз. Ол кісінің жеңісті жақындату жолындағы ерлік әрекетін зор құрметпен бағалаймыз, – деді қоғам қайраткері Амангелді Кәрентаев аталған іс-шарада сөйлеген сөзінде.
Аяулым ЖАМАНҚАРА