Жаңалықтар

Өзара ынтымақтастық табысқа жетелейді

Өзара ынтымақтастық табысқа жетелейді

19 қаңтар күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италия Республикасына ресми сапармен барды. Қазақстан Президентін Рим әуежайынан Италияның Қорғаныс министрі Гвидо Крозетто, Рим Папасының өкілі Франческо Каналини қарсы алды.

Мемлекет басшысының Италияға ресми сапары Президент Серджо Маттарелламен кездесуден басталды. Екі ел басшыларының келіссөзіне дейін Квиринале сарайында Қазақстан Президентін салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Қасым-Жомарт Тоқаевтың құрметіне Қазақстанның туы көтеріліп, қос мемлекеттің әнұрандары шырқалды. Құрмет қарауылы бастығының рапортынан кейін президенттер бір-біріне ресми делегация өкілдерін таныстырды. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде бұл Қазақстан Президенті ретінде Италияға жасаған алғашқы сапары екенін атап өтіп, қонақжайлық көрсеткені үшін Серджо Маттареллаға алғыс айтты. – Мен бүгін өзара мүддені көздейтін мәселелерді, атап айтқанда, экономикалық байланыстарды дамыту және екі елді өркендетуге бағытталған қатынастарды нығайту, сондай-ақ халықаралық өзекті мәселелерді шешу жолдарын талқылағым келеді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Италия – Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. – Өзара сауда-саттық көлемі 14,5 миллиард доллардан асты. Таяу жылдары елдеріміз арасындағы тауар айналымы 20 миллиард долларға жетеді деп сенеміз. Италия – Қазақстан экономикасына қаржы салған басты инвесторлардың бірі. Біздің нарықта 300-ге жуық италиялық компания жұмыс істейді, соның ішінде «ENI» кәсіпорны да бар. «ENI» – көшбасшы компания. Біз екіжақты қатынастардағы жетістіктерді жоғары бағалаймыз. Біз олардың жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдай жасауды одан әрі жалғастыра береміз. Дегенмен экономика бағытына ғана емес, мәдениет, туризм сияқты басқа да көптеген саладағы ынтымақтастықты дамытуға тың серпін беру қажет. Қазақстан мен Италия арасындағы ынтымақтастық өте табысты болатынына сенімдімін, – деді Президент. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдік инвесторлар үшін ел экономикасының анағұрлым тартымды және перспективті салалары, оның ішінде «жасыл» энергетика туралы егжей-тегжейлі мәлімет берді. Мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Италияның әлемдік аренадағы, оның ішінде БҰҰ мен ЕҚЫҰ аясындағы өзара іс-қимыл мәселелеріне арнайы тоқталды. Екі ел президенттері БҰҰ Жарғысының қағидаттарын құрметтеу негізінде халықаралық қатынастар мен жаһандық қауіпсіздік жүйесін нығайтудың маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар тараптар Қазақстан мен Орталық Азияның Еуропа одағымен арадағы ынтымақтастығын дамыту перспективаларын талқылап, көлік және логистика саласындағы өзара тиімді ықпалдастықтың, атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағытын өркендетудің келешегі зор екенін ерекше атап өтті. Өз кезегінде Серджо Маттарелла Италия Қазақстанда жүргізіліп жатқан саяси және қоғамдық реформаларға үлкен қызығушылық танытып отырғанын атап өтіп, Римге сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Сондай-ақ бүгінгі келіссөздердің нәтижесі екіжақты экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық байланыстарға тың серпін береді деп сенім білдірді. Достық рәуіште өткен кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Серджо Маттарелланы Қазақстанға сапармен келуге шақырды. Қазақстан Президенті Римге ресми сапары аясында Италияның бизнес-қоғамдастық өкілдерімен де кездесті. «Дөңгелек үстелге» халықаралық деңгейдегі 30-ға жуық компания қатысты. Президент ел экономикасына шетелден тікелей тартылатын инвестиция көлемін ұлғайту мақсатында практикалық және заңнамалық тұрғыда жоспарланған шаралар туралы италиялық кәсіпкерлерге мәлімет берді. «Біз инвесторларға оңтайлы әрі ыңғайлы орта қалыптастыру үшін бизнеске қойылатын артық талаптарды анықтап, оларды жойдық. Жақында Инвестицияларды тарту жөніндегі кеңес құрылып, оған кең ауқымды өкілеттік берілді. Бұл Кеңестің жедел шешім қабылдауына, көрсетілетін жан-жақты мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету арқылы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруына ықпал етеді», деді Президент. Қасым-Жомарт Кемелұлы жаңартылатын энергия саласындағы ынтымақтастықтың келешегі туралы айта келе, Қазақстан өңірде бірінші болып Париж келісімін ратификациялаған мемлекет ретінде 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жөнінде міндеттеме алғанын атап өтті. Мемлекет басшысы технологиялық революцияны және алдағы уақытта аса маңызды шикізатты өндіру және өңдеу саласында жаһандық сұраныстың еселеп өсетіні жөніндегі болжамды ескеріп, Италия кәсіпкерлерін осы бағытта ынтымақтастық орнатуға шақырды. Сондай-ақ Италияның бірқатар ірі компаниясын Қазақстанда жергілікті өндіріс ашуға шақырған Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның әлеуетті инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін айтты. Жиын барысында Италия Республикасы Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары – Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Антонио Таяни, CDP тобының бас атқарушы директоры Дарио Сканнапьеко, «Confindustria» компаниясының интернационалдандыру жөніндегі вице-президенті Барбара Джакомелло, «CONFAPI» компаниясының президенті Кристиан Камиса, «Leonardo SpA» тобының президенті Стефано Понтекорво, «Fincantieri SpA» компаниясының бас атқарушы директоры Пьерроберто Фолгьеро, «PetrolValves» компаниясының бас атқарушы директоры Сандро Малкори, «Pietro Fiorentini» компаниясының бас атқарушы директоры Паоло Нарди және тағы басқалар экономиканың тиісті салалары бойынша Қазақстанмен арадағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларына қатысты көзқарастарын білдірді. Инвестициялық «дөңгелек үстел» аяқталған соң Мемлекет басшысының қатысуымен бірқатар екіжақты құжаттарға қол қою рәсімі өтті. Италияға сапар аясында Қазақстан Президенті Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы Джорджа Мелонимен келіссөз жүргізіп, «Eni» компаниясының бас операциялық директоры Гвидо Брусконы, «NEOS» әуе компаниясының президенті Лупо Раттацциді, «Bonifiche Ferraresi» компаниясының бас атқарушы директоры Федерико Веккьониді қабылдады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Ватиканда Рим Папасы Францискпен кездесті. Қазақстан Президенті сөзінің басында әлемдегі адамзаттың игілігі жолындағы қажымас қайраты мен қажырлы күш-жігері үшін Католик шіркеуінің Жоғарғы Понтификіне ризашылығын білдірді. Өз кезегінде Понтифик бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету ісіндегі күш-жігері үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтты. Кездесуде Мемлекет басшысы мазмұнды кездесу үшін Рим Папасына алғыс айтып, Қазақстан алдағы уақытта толеранттылық, үйлесімділік, бауырластық идеяларын дәріптеу ісінде Қасиетті Тақпен ынтымақтастық жасауға ниетті екенін растады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Италияға сапары аясында Қасиетті Тақтың мемлекеттермен байланыс жөніндегі хатшысы Пол Ричард Галлахермен, БҰҰ Азық-түлік және ауылшаруашылығы ұйымының (FAO) бас директоры Цюй Дунъюймен, БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының атқарушы директоры Синди Маккейнмен кездесіп, Ватикандағы музейге барды.

Аkorda.kz