Қоғам

ТЫНБАЙ ТІРЛІК ЕТІП, БАҚЫТЫН ТАПҚАН ЖАН

ТЫНБАЙ ТІРЛІК ЕТІП, БАҚЫТЫН ТАПҚАН ЖАН

Ләззат Жабатаева Түркістан облысында дүниеге келгенімен барлық өмірі біздің облыста өтіп келеді. Ол алдымен Жамбыл гидромелиоративтік құрылыс институтын экономист мамандығы бойынша бітірді. Екі жыл мамандығы бойынша Т.Рысқұлов ауданында, 1983 жылдан бері Байзақ ауданының сақтандыру, су шаруашылығы мекемелерінде экономист болып қызмет атқарды. Ал 1990 жылдардағы тоқырау кезінде қысқартуға түсіп, жұмысынан босап қалады.

Міне, осы күндерден бастап Ләззат шиеттей 4 ұл-қызын жеткізу жолында қолына ел сияқты ала дорбаны алып, саудаға шығады. Алғашқыда Т.Рысқұлов пен Байзақ аудандары шекарасындағы жол бойында жолаушыларға тамақ пісіріп, сатады. Балалары есейе келе қазіргі тұрған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» тас жолының бойынан 1998 жылы 4 сотық жер алып, тұрақты кәсіпкерлікті бастайды. Бүгінде осы жер 1,5 гектарға ұлғайып, жабық және ашық «Отырар» асханасы, қонақүйі, техника жөндеу орны, медициналық пункт, наубайханасы бар халыққа қызмет көрсететін үлкен орынға айналған. Кәсіпкер Ләззат Келдібекқызы мемлекеттен ешқашанда несие алмаған екен. Өзінің адал еңбегінің арқасында 80-ге жуық адамды ауысымды және тұрақты жұмысқа тартып отыр. Олардың бір мезетте 100 адамға дейін қызмет жасай алатынына көз жеткіздік. Ләззаттың бұл жұмысына ұлы Ердос көп көмегін тигізуде. – Мен Ердос ұлымды осы кәсіпке үйретіп, өсірдім. Бүгінде ол жұмысты ұршықша иіріп келеді. Сондай-ақ Айнұр, Гүлназ, Қаракөз қыздарым да өздерінің көмегін беріп отырады. Ерінбей еңбек еткен адам қашан да табысқа қол жеткізеді. Рас, кәсіпкерлікті алғаш бастағанда қиын болды. Балалар жас еді. Бірақ та қиындыққа қарсы тұрып, бүгінде осындай жақсы нәтижеге, елдің құрметіне бөленіп отырмыз, – дейді Ләззат бізбен әңгімесінде. Ләззат кәсібі жүріп, жағдайы жақсара бастағанда алдымен Жібек жолы ауылынан 100 орындық жекеменшік «Бөрте» бөбекжай-бақшасын стандартқа сай етіп соғып, онда 4 топ ашты. Балабақшада 20-дан аса адам жұмысқа тартылған. Балабақшаға ұлы Ердос Иманқұлов басшылық етеді. Балабақша маңайына жеміс ағаштары егілген. Ата-аналарға қолжетімді болуы үшін көкөністер өз аулаларында өсірілсе, ет пен нанды Ләззаттың өзі қамтамасыз етеді. Осы жерде балабақша балалары, Базарбай, Амангелді, Тегістік ауылдарынан өз автобустарымен тегін тасымалданатынын да айта кетейік. Ләззаттың аудан орталығынан ашқан сауықтыру орталығына да 5-6 жыл болыпты. Үлкен қызы Айнұр Иманқұлова басқаратын бұл орталықтың да бағасы қолжетімді. Сондықтан да оған келушілер көп. Ләззаттың жақсы бір қасиеті туып-өскен жерін ешқашан да ұмытпайтындығы болып отыр. Ол кәсіпкер ретінде өзі туған Түркістан облысындағы Отырар ауылында да 100 орындық жекеменшік бөбекжай соғып, ашқан. Сондай-ақ өзі оқыған мектепке де ұдайы көмек қолын созып отырады. Отырарлықтар да Ләззаттың еңбегін жоғары бағалап, биыл оған Отырар ауданының Құрметті азаматы атағын берген. Осы жерде Ләззаттың осыдан 4-5 жыл бұрын Байзақ ауданының Құрметті азаматы атанғанын да айта кеткен орынды. Қазақта «қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар. Тура осы сөз біз сөз етіп отырған Ләззат Жабатаеваға арналып айтылғандай. Себебі ол қайырымдылық жасаған сайын ісі алға басып, табысы күн өткен сайын артып келеді. Ләззаттың аз қамтылған, көпбалалы 4 отбасыға үй сатып әпергенін жақсы білеміз. Өзінің қарамағында жұмыс істейтін 5-6 студенттің жалақысынан бөлек, оқу орындарына тиісті қаржыларын төлеп отыр. Жыл сайын «Мектепке жол» акциясына қатысып, 40-50 балаға мектепке қатысты құрал-жабдықтарын, киім-кешектерін алып береді. Сондай-ақ Отырардағы, өз ауданымыздағы жұмысшыларына тоқсан сайын сыйақы беріп тұруды әдетке айналдырған. Жағдайы төмен, көпбалалы, аз қамтылған отбасылар мен жалғызілікті жандарға үнемі көмек қолын созып отырады. Облыста жалғасын тапқан «Мейірім» жобасына сәйкес, өңірдегі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде тәрбиеленіп жатқан, яғни асыраушысынан айырылған 134 баланың тұрмысын жақсартып, қиындыққа ұрынбауы жолында да жұмыс жүргізілуде. Бұл мақсатта 87 мемлекеттік мекеме мен ірі кәсіпорындардың басшылары жауапты тұлға есебінде бекітілген. Тиісті азаматтар сол балалар өсіп, үлкен өмірге араласқанша олардың ашылған есепшоттарына қаржы салып, өзге де мәселелер бойынша қолдау көрсетеді. Сондай-ақ олардың кейіннен тұрақты жұмысқа орналасып, баспаналы болуын да бақылауға алады. Осы жоба бойынша кәсіпкер Ләззат Жабатаева бір отбасындағы ағайынды Данияр мен Дулат Тілеуімбетовтерге демеушілік көрсетіп келеді. Алдағы уақытта өз есебінен ипотекаға баспана алып беруді жоспарлап отырғанын айтып өтті. – Қазақта «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген жақсы сөз бар. Сондықтан да еңбек ету керек. «Мемлекет маған не береді» деп, алақанды жайып қарап отырған дұрыс болмайды. Істің көзін тапқан, ерінбей еңбек еткендердің жағдайлары жақсы болатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр, – дейді кәсіпкер ана.

Сүндетулла ӘБІЛОВ, Жібек жолы ауылы, Байзақ ауданы