Жаңалықтар

Таразда тағы қару-жарақ табылды

Таразда тағы қару-жарақ табылды

Жамбыл облыстық Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері Тараз қаласынан кезекті рет қару-жарақ тапты. Өңірлік департаментке бағынысты ЖД-158/4 мекемесінің жедел бөлімінің қызметкерлері Әділғазы Төлебаев пен Қуандық Қуанышұлы облыстық полиция департаментіндегі әріптестерімен бірлесіп, жедел іздестіру шаралары барысында шаһардың Асқаров көшесінің соңындағы өзеннің жанынан темір қорапша тапты. Оның ішінде қару-жарақ пен оқ-дәрілер, атап айтқанда 12-калибрлі 1 винчестер, 12-калибрлі 26 дана оқ-дәрі және 1 қара түсті бетперде, 1 бұрыш спрейі, 1 мылтыққа арналған май, сондай-ақ 15 дана 20 калибрлі оқ табылып, тәркіленді.

Бұл жағдай бойынша сот-баллистикалық сараптама тағайындалып, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 3-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Айта кетейік, тараздық ҚАЖ қызметкерлері бұған дейін «Шаңырақ» ықшамауданының кіре берісіндегі жоғары вольтты желілер бойындағы бетон сынықтарының астынан қару-жарақ толы полиэтилен пакетін тапқан болатын.

Айгүл АБДЫБАЕВА, ЖД-158/4 мекемесінің қызметкері