Жастар

Математика – алынбайтын қамал емес

Математика – алынбайтын қамал емес

Оқушы күнімізде көбіміз математика, физика, химия пәндерінен жиі ақсайтынбыз. Теоремалар мен формулаларды шеше алмай, миымыз қатып отырғанда еске ел аузындағы «Алгебра, химия,Қонбайды менің миыма.Икс (х) + игрек (у)Барады-ау мені күйдіріп» деген қалжыңға құралған өлең оралатын. Мұғалімнің «Бәріңе бірдей айтылып жатқан нәрсе. Неге бірің түсінгенді, өзгелерің ұқпайсыңдар?» деген сөзі мен қатулы қабағы мысымызды басып тастайтын. Ұстаздарды еш кінәлай алмаймыз. Әрине, мұғаліміміз сабағын жанын сала түсіндіріп-ақ жататын. Алайда ол кезде қазіргідей дамыған технологиялар, оқушыларды пәнге қызықтырып тұратын әдіс-тәсілдер қолданылмайтын. Былайша айтқанда, бүгінгідей мүмкіндіктер аз болатын.

Соңғы уақытта педагогтар оқушыларын өз пәніне қызықтырмай қоймайтын небір амал-айлаларды ойлап табуда. Бірі пәнге қатысты деректерді хит әндердің мақамына салып түсіндірсе, енді бірі тақырыбы айқайлап тұратын бейнеролик арқылы назарыңды аудартады. Біліктілігі мен білімі толысқан осындай жас маманның бірі – Қазына Яхудаева. Қазына Ерғалиқызы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылындағы №7 орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қазынаның жаратылыстану ғылымына, оның ішінде математикаға деген ерекше сүйіспеншілігі мектепте жүргенде оянған. Оқушы күнінен нақтылықты жақсы көретін кейіпкерімізге әрбір есептің жауабын табу адреналин алғандай өзгеше сезім сыйлайтын болған. Ұстаздың бұл пәнді таңдаудағы басты себебі – осы ғылымға деген жанашырлығы. Көпшіліктің математиканы соншалықты қиын деп, оны игеруді балаларға алынбайтын қамал ретінде көрсетуі жанына батқан. Өзі де математика пәнінің мұғалімі атанып, халық арасында қалыптасқан осы бір стереотипті жойғысы келген. Арманын шындыққа айналдыру үшін Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне оқуға түседі. Ақылы түрде оқуға түскен зейінді қыз 3-курста GPA-сы (бағаның орташа шамасы) ең жоғары болып, сол кездегі Білім және ғылым министрінің бұйрығымен шәкіртақы ала отырып оқу мүмкіндігіне ие болды. Қазына – эрудитті, шығармашыл, белсенді, жігерлі, педагогикаға құштар адам. Жас маман оқытудың жаңа, оңтайлы, сапалы әдістерін қарастырып, үнемі ізденісте жүреді. Оқыту процесінде жас мұғалім ұстаз өміріндегі негізгі сұрақтарға жауап іздеуге тырысады. «Сыныппен және әр оқушымен қалай ортақ тіл табысуға болады?», «Балаларды мейірімділікке, адамдарға, қоршаған ортаға құрметпен қарауға қалай баулимын?», «Оқушыны математиканың ғажайып әлеміне қызықтыру үшін нендей тәсіл керек?» деген оймен жүретін математик білім беру ісіне зор жауапкершілікпен қарайды. Ол «Жақсы мұғалім болу үшін сіз оқытатын пәнді де, білім беретін оқушыны да жақсы көруіңіз керек» деген ұғыммен өмір сүреді. Қазына Ерғалиқызының өзі де, шәкірттері де көптеген байқаулар мен турнирлердің жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Оның айтулы жетістіктерінің бірі – 2021 жылы «Жаңа мектеп-жаңашыл ұстаз» және «Өндірістің жас маманы» атты республикалық жас мұғалімдер байқауында бас жүлде иегері атануы. Жас маманның Айша бибі ауылындағы №7 орта мектепте қызмет істеп жүргеніне төрт жылдан асты. Осы уақыт аралығында математик тәжірибесі толысқан маманға айналды. Сөзімізге дәлел, өткен жылдың ақпан айының басында Қазына Айша бибі ауылынан пәнге қызыққан балалар үшін «Pythagorean_math» тегін математикалық үйірмесін ашты. Жаңа нысанның лентасын облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар кесіп, алдағы жұмысына сәттілік тіледі. Педагог орталықтың жұмысын жандандыруға облыстық жастар ресурстық орталығының көп көмегі тигенін тілге тиек етті. Үйірмесінің мақсаты – оқушылардың математикалық сауаттылығын арттыру, логикалық ойлау дағдысын дамыту, олимпиада есептерін шығаруға баулу, әлеуметтік желілерді тиімді және дұрыс пайдалануға шақыру. Қатысушылар желіде отырып, мұнда жалықтырмайтын және көркемделген жылдам бейнежазбалар арқылы кез келген уақытта өз білімін арттырады. Қазіргі сәтте үйірмеде 10-12 жас аралығында 20 оқушы білім алады. Үйірмеге қатысушы оқушыларға мұғалім жүргізетін сабағымен қатар, балаларға математикалық есептерді шығару барысындағы лайфхактар және есептеудің жеңіл әдіс-тәсілдерін үйретеді. Ал білім алушылар көңілге түйгендерін «TikTok» және «Instagram» әлеуметтік желілерінде бейнежазба арқылы желі қолданушылармен бөліседі. Мұғалімнің айтуынша, оқушылардың лайфхактары, үйірме сабақтары әлеуметтік желіде (@pythagorean_math) 70 мыңнан астам қаралым жинайды екен. – Егер бейнежазбаны мұғалімдер түсірсе, роликті тамашалап отырған мектеп жасындағы балаларда «есепті шешу мұғалімнің қолынан келеді, өйткені ол бәрін және математиканы жетік біледі» деген ой қалыптасуы мүмкін. Ал керісінше оқушылар түсірген осындай бейнежазбаларды көрген жас желі қолданушысы «басқа оқушының қолынан келген жұмыс менің де қолымнан келеді» деп қызығушылық танытып, практикада жүзеге асыруға тырысып көреді. Бір айта кетерлігі, бейнежазбаға арнап әр оқушы 5-6 лайфхак және есептерді шығару жолдарын өздері дайындап келеді. Осылайша шәкірттерім бірлесе отырып лайфхак іздеп немесе оңай есептеу әдістерімен өзара тәжірибе алмасып, білім қорларын кеңейте түседі. Уақыт өте келе, оқушы шығаруға қиындық туғызған есептердің оңай шешу тәсілін өзі ойлап табуға тырысып, логикалық ойлау қабілетін дамытады. Әрі бұл жоба оқушыларды әлеуметтік желіні жақсы жағынан пайдалануға дағдыландырады. Ата-аналар да балаларының талпынысын көріп, қолдау көрсеткен сайын оқушылар шабыттанып, оқуға құштарлығы артады. Атап өтерлік жайт, өз жобам арқылы волонтерлікті жаңа қырынан көрсеткім келді. Волонтерлік тек қайырымдылықпен айналысу немесе қан тапсыру ғана емес. Жұмысына, ұлтқа, адамзатқа деген жанашырлық істің барлығын волонтерлікке жатқызуға болады, – дейді Қ.Яхудаева. Шынында да бұл жоба мектеп оқушыларын әлеуметтік желіні дұрыс қолдануға дағдыландырады. Білікті маманның қолға алған жобасының арқасында математикаға еш қызығушылығы жоқ оқушының да логикалық сұрақтарды шешу процесі арқылы аталмыш пәнге деген қызығушылықтары оянып, қабілетін олимпиада есептерін шығару деңгейіне дейін жеткізген. Облыстық, аудандық жастар ресурстық орталығы үйірменің жұмысы алға басуына барынша қолдау көрсетіп жүр. Орталық қызметкерлері әсіресе оқушыларды ынталандыруға күш салуда. Мәселен, былтыр мамыр айында үйірменің 4 үздік оқушысы – Медина Айдархан, Әбдіраш Әлібек, Аруна Досалы, Көпжүрсін Жансерік ұстаздары Қазынамен бірге Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жандар Тоқсабаның қолдауымен Түркістан өңіріне екі күндік тегін экскурсияға барып қайтты. Өз ісін шын сүйген маманның ең үлкен жетістігі – облыс әкімінің марапатына ие болуы. Жыл соңында аймақ басшысы облыстық жастар форумына қатысып, жиында «Тәуелсіздік ұрпақтары», грантының иегерлері мен «Әулиеата үміті» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттаған болатын. Кейіпкеріміз «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының «Ауыл жастарының бастамаларын қолдау бағыты» бойынша жеңімпаз атанып, 500 мың теңгелік сертификаттың иегері атанды. – Форумға жалғыз емес, оқушыларымды ерте бардым. Осы гранттың марапаттауы күні облыс әкіміне жобаны таныстырдық, Көпжүрсін Жансерік және Бауыржан Нұрасыл атты ек оқушым сол форумда әкімге лайфхак көрсетті. Қуантқаны, Ербол Шырақпайұлы балалармен еркін, жайдары сөйлесті. Оқушылар әкімге есепті оңай шешудің тәсілдерін үйретті. Облыс басшысының алдында білімдерін танытқан балалар ерекше шабыттанып, одан әрі жігерлене түсті. Менің бар қалауым – солардың бақыты. Оқушыларым үлкен жетістікке жетіп, биіктерден көрінсе, мұғалім ретіндегі үмітімнің ақталғаны. Алайда мен оларға «тек оқыңдар, білімнен артық еш нәрсе жоқ» деп үйретуден аулақпын. Балалардың дарынды, зерек оқушы емес, адамгершілігі мол тұлға болып қалыптасуы маңызды, – дейді Қазына Ерғалиқызы. Сондай-ақ жас ұстаз форум аясында 2 том болып жарық көрген «Әулиеата жастары» энциклопедиясына енген. Педагог үйірменің ашылғанына жыл толар тұста өмірінде осындай қуанышты оқиға орын алғанын жақсылыққа жорыды. Ұтып алған қаражатын үйірменің дамуына жұмсаймын дейді. Ұстаз болу – көпшіліктің ықыласына бөлену, ұстаз болу – талайдың сауабын алу, ұстаз болу – мейіріміңді өзгеге төгу. Нағыз ұстаз болашақтың адамын қалыптастырады. Нағыз ұстаз ертеңгінің арманына қанат байлап береді. Нағыз ұстаз ел мен жердің тұтастығын сақтайтын ұрпақтың ұстанымын нығайтады. Бүгінгі кейіпкеріміз Қазына Ерғалиқызын осы берілген жоғары бағының үдесінен шығып жүрген маманның бірі десек артық айтқандық емес.

Ақтоты Жаңабай