Қоғам

ЖЕМҚОРЛАРДАН ӨНДІРІЛГЕН ҚАРАЖАТҚА МЕКТЕП САЛЫНДЫ

ЖЕМҚОРЛАРДАН ӨНДІРІЛГЕН ҚАРАЖАТҚА МЕКТЕП САЛЫНДЫ

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өңірлердің ерекшеліктерін ескере келе, әрбір облыс және республикалық маңызы бар қалалар бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірлеген болатын. Аталған карта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің күнделікті жұмысының негізгі бағдары десек болады.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Дәурен Омаровтың айтуынша, жергілікті тұрғындарды толғандыратын сұрақтарды ескере отырып, өңірлік сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасы 7 негізгі бағытты қамтыған. Олар: білім, инфрақұрылым, құрылыс, тұрғын үй, жер бөлу, қаржы мен экономика және бизнес саласы. – Біріншіден, облыс аумағында алғашқы рет жемқорлардан өндірілген қаражатқа мектеп құрылысы аяқталды. Шу ауданының Төле би ауылындағы 300 орындық орта мектептің құрылысына 2021 жылы бюджеттен тиісті қаражат бөлініп, келісімшартқа сәйкес 2022 жылы аяқталуы тиіс болатын. Алайда мердігер мекеме тарапынан міндеттемелердің тиісінше орындалмауына байланысты мектеп құрылысы мерзімінде аяқталмай, созылмалы құрылыс нысанына айналған. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жемқорлардан өндірілген қаражатты білім беру инфрақұрылымын қолдауға бағыттау туралы тапсырмасын орындау мақсатында агенттік облыс әкімдігіне тиісті ұсыныс берді. Осылайша облыстық әкімдік бюджеттен қосымша 150 миллион теңге қаражат қарастырған болатын. Департамент пен әкімдіктің бірлескен жұмысының нәтижесінде 2023 жылдың 20 қарашасында мектеп құрылысы толықтай аяқталып, пайдалануға берілді. Айта кету керек, сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына облыс аумағында созылмалы құрылысқа айналған 6 әлеуметтік нысан енгізілген. Департамент аталған нысандарды бақылауға алып, тиісті сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Аталған нысандарға қатысты 2023 жылы облыс әкімінің бірінші орынбасарымен тиісті жоспар бекітілді. 3 нысан бойынша қаңтар айында құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтау көзделуде. Ал қалған 2 нысан бойынша сот процесі, 1 нысан бойынша ішкі мемлекеттік аудитпен тексеру жүргізілуде. Мониторингпен облыстың су объектілерінде бекітілген су қорғау аймақтары мен белдеулерінің жоқтығы анықталды. Бұл жер қойнауын пайдаланушылардың су қорғау белдеулерінің жолын кесу түріндегі экологиялық залалға, сондай-ақ өзен арнасының өзгеруіне әкелді. Мониторинг қорытындысы бойынша облыс әкімдігінің 2023 жылғы 1 қарашадағы №215 «Жамбыл облысының су объектілерінде су қорғау аймақтары мен белдеулерін және оларды шаруашылық пайдалану режимін (Теректі өзені мен Ақкөмбез су қоймасы) белгілеу туралы» қаулысы қабылданды. Сонымен қатар талдау барысында Тараз қаласының аумағында дендрологиялық жоспар жоқ екендігі анықталды. Бұл өз кезегінде қаланың экологиялық жағдайына теріс ықпал (заңсыз ағаш кесу және жасыл желектер алаңында құрылыс нысандарын салу және тағы да басқа) етті. Сәйкесінше департамент өткен жылдың басында әкімдікке Тараз қаласының дендрологиялық жоспарын әзірлеу туралы ұсыныс енгізді. Нәтижесінде қалалық әкімдік дендрологиялық жоспарды әзірлеуге 45 миллион теңге қаражат бөліп, бүгінгі күні «Ботаника және фитоинтродукция институты» мекемесімен келісімшарт жасалды. Талдау жүргізу кезінде Шу ауданы әкімдігінің тарапынан ҚР Жер кодексінің 33-бабы 1-тармағы талаптарының бұзылғаны да белгілі болып отыр. Яғни шаруа қожалық мүшелері бұрын шаруа қожалықтарының мүшелері болып табылмайтын өзге тұлғаларға бес жылдық жалдау мерзімі аяқталғанға дейін өз құқықтарын беріп келген. Бүгінгі таңда департаменттің ұсынысы бойынша жалпы көлемі 1 071 гектарды құрайтын жер учаскелері Шу ауданының мемлекеттік жер қорына қайтарылды, – дейді Дәурен Омаров. «Ауыл аманаты» жобасы аясында несиелендіру саласына жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы 16 ауылшаруашылық тауарын өндірушінің өтінімін қабылдаудан негізсіз бас тартқаны анықталған. Өтінімдерді қабылдамауға бұрын алынған несиелердің төлем мерзімін кешіктергені себеп болған. Бұл – заңсыз талап. Департаменттің ұсынымынан кейін аталған ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің өтініштері қайта қаралып, өтінімдер қабылданыпты. Сондай-ақ 10 ауылшаруашылық тауарын өндірушіге қатысты қаражаттың нысаналы мақсатын растауға фискальдік чек ұсынбағаны үшін алынған қарыздың 25 пайыз мөлшерінде айыппұл салуға мәжбүрлегені анықталыпты. Мониторинг ұсынымы бойынша айыппұл салу туралы жіберілген хабарламалар жойылған. Одан басқа мониторинг барысында 154 ауылшаруашылық тауарын өндірушінің сыйақының пайыздық мөлшерлемесін субсидияламағаны анықталған. Мамандар мұның себебі ақпараттық жүйелердегі шарттардың жойылуынан екенін айтады. Департаменттің ұсынымынан кейін облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасы шарттарды қалпына келтіру бойынша шараларды жүзеге асырып, соның нәтижесінде кредиттік серіктестіктерге 24,2 миллион теңге төленіпті. – «Бизнеске жол» жобасы басталғаннан бері департамент пен кәсіпкерлер палатасы 400-ге жуық кәсіпкердің құқығын қорғап, 24 кейс оң шешімін тапты. Шешілген кейстердің нәтижелері бойынша 8 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар салық органдарының қызметкерлері тарапынан салықтық тексерулерге жасаған заңсыз нұсқамасы анықталды. Департамент енгізген ұсыныстан соң Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшылығы аталған нұсқаманы жойды. Бұл бизнес субъектілерін заңсыз салықтық тексерулердің алдын алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ талдау қорытындысы бойынша 24 бизнес субъектісінің банктік шоттарына заңсыз қойылған шектеулер алынып тасталды. 57 кәсіпкер эмиссиялар үшін операторлар тізімінен шығарылды, нәтижесінде 81 кәсіпкердің құқығы қорғалды. Осылайша департамент Тараз қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысына қатысты 7 әкімшілік хаттама толтырып, жалпы сомасы 1,2 миллион теңге (қысқартылған тәртіппен) айыппұл салынды, – дейді Д.Омаров.

Айжан Өзбекова