Заң

Шаңырақ шайқалмасын десек...

Шаңырақ шайқалмасын десек...

Тұрмыстық зорлық-зомбылық – бір отбасы мүшелерінің ішінде әлдінің әлсізге күш көрсетуі, ұрып-соғуы немесе құқығын таптауы. Әсіресе отбасылық ұзақ жылдар бойғы дау-дамаймен, жанжалдың соңы көбіне ауыр қылмыспен аяқталып жатқанын бүгінде көзіміз көріп отыр.

Осындай қылмысқа барып, соңы кісі өлімімен аяқталатын жағдай халыққа белгілі азаматтардың арасында да орын алуда. Осыған байланысты заң да уақыт өткен сайын қатайтылып келеді. Отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында қылмыстар мен құқықбұзушылықтың алдын алуда ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс өткен жылдың 1 шілдесінен бастап заңды күшіне енген болатын. Осы орайда біз Тараз қалалық полиция басқармасы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Мұсаевамен тілдесіп, отбасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қандай жағдайда жол берілетінін сұраған едік. – Тұрмыстық зорлық-зомбылықты, әсіресе әйелдер мен балаларға қатысты жасалатын әлімжеттікті болдырмау, жолын кесу ішкі істер органдары тарапынан жүргізілетін жұмыстардың басым бағытының бірі. Өзімнің де жұмысымдағы атқаратын міндетім осы мәселеге тікелей қатысты болғандықтан әйелдерге және балаларға қатысты жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтарды болдырмау жолында еңбектеніп келеміз. Бұл ретте әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық жасауға бейім адамдармен жеке профилактикалық жұмысты жүзеге асыруға бағытталған жүйені қалыптастыру және әйелдердің өздерінің құқықтық білімін арттыру маңызды екенін атап айтқым келеді. Жәбірленушінің жеке және отбасылық өмірі туралы мәліметтер құпия ақпараттарға жатады және олар жария етілмейді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі туралы ішкі істер органдарына хабарласып, дер кезінде көмек көрсетілген отбасыларда одан әрі өршу деңгейі де төмен болады. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуының бірнеше себептері бар. Мысалы, отбасындағы құндылықтардың төмендеуі, маскүнемдік, жұмыссыздық, қызғаныш және тағы да басқа жағдайлардың соңы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұласады. Тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеу ісін жүргізу – арыздану сипатынан анықтау сипатына көшіру. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, тұрмыстық зорлықтан зардап шегушілер өміріне немесе денсаулығына қауіп төнген кезде полицияға жүгінеді, ал полиция қызметкерлері келгеннен кейін агрессорларға қарсы арыз жазудан жәбірленушілер бас тартады. Көбінесе полиция келіп-кеткеннен кейін отбасындағы жанжал әрі қарай жалғасады, кейде мұның соңы ауыр зардаптарға әкеліп соғып жатады, – деді ол. Қазіргі заңға сәйкес ұсынылған түзетулер зардап шегушілердің өтінішінсіз, яғни тұрмыстық зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы істерді қозғауға мүмкіндік береді. Хаттама толтыру үшін оқиға болған жерді қарап тексеру хаттамасы, жәбірленушіден түсініктеме алу, куәлардың, көшірмелердің айғақтары, бейнебақылау камераларының, сондай-ақ полицейдің бейнетіркегішінің жазбасы жеткілікті көрінеді. Біз тілдескен құқық қорғау органының қызметкері осы мәселеге де айрықша тоқталды. – Мұндай жағдайда соңғы шешімді сот қабылдайды. Тараптардың қайта татуласу мүмкіндігін болдырмайды. Өтініш болған жағдайда әкімшілік хаттама толтырылады, олардың жартысы жәбірленушінің агрессормен татуласуына немесе ұстанымының өзгеруіне байланысты сотта тоқтатылады. Әйтсе де енді сотта тек бір рет татуласуға болады, қайталанған жағдайда татуласу мүмкін емес, яғни дебошир жауапқа тартылады. Бұл зардап шеккендерге психологиялық қысымнан құтылуына мүмкіндік береді. Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу мақсатында облыс аумағында қазіргі уақытта, яғни 15-26 қаңтар аралығында «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде. Осы алдын алу іс-шарасы шеңберінде полиция қызметкерлері түрлі профилактикалық жұмыстар жүргізуде. Оның ішінде ішкі істер органдарында есепте тұрған адамдарға «Қорғау нұсқамасы», «Ерекше талаптар», «Маскүнем», «Нашақор», «Қолайсыз отбасы» санаттары бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұның тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қосар үлесі көп деді, – А.Мұсаева Облыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы Шу аудандық кеңес беру кабинетінің әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Гүлбану Мұратбек елімізде жыл сайын тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккендер саны артып келе жатқанына қынжылды. Ол мұндай келеңсіз жағдайларға қоғамның әлсіз топтары, яғни әйелдер мен балалар, қарттар ұшырайтынын сөз етті. – Көп жағдайда адамның алькоголь, есірткі тұтыну, шылым шегу секілді зиянды әдеттері отбасылық тұрмысқа кері әсер етіп, оның соңы бір-бірін сыйламаушылыққа ұласады. Көбіне ер адамдар үй ішінде әйел, бала- шағасына күш қолданумен қатар, психологиялық зорлық-зомбылық көрсетіп жатады. Осындай жанжал жеке тұрғын үй немесе пәтер шегіндегі отбасы мүшелерінің тыныштығын бұзады. Заңның басым бағыттарының бірі отбасын қолдау және сақтау болғандықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болған әрбір адам заң аясында қорғауда болады. Сол себепті де отбасында орын алатын зорлық-зомбылыққа төзіп отыра бермей, кез келген адам уақытында құқық қорғау органдарына хабарласқаны дұрыс. Осы ретте облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына әлеуметтік көмек көрсету орталығы «Әлеуметтік бейімсіздікке және әлеуметтік депривацияға әкеп соққан қатыгездікке тап болған адам. Қатыгездік пен зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайға ұшыраған» деп танылған әйелдер мен балаларға психологиялық бейімдеу сатысынан өткізу мақсатында көмектер көрсететінін еске саламын. Осы орталықтың Шу аудандық кеңес беру кабинеті 2017 жылдың желтоқсан айынан бері жұмыс атқарып келе жатыр. 2023 жылы 120 әйел балаларымен бірге келіп консультация алды, сенім телефоны арқылы 140 қоңырау шалынып, консультация берілді. Кабинетке келіп кеңес алған отбасының ішкі мәселесі толық құпия сақталады және бақылауымызда болады. Біздің мақсатымыз – қатігездік пен тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупі салдарынан өмірлік қиын жағдайда жүрген аудан көлеміндегі аналар мен балаларға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетіп, қолдау және кеңес беру. Ажырасу сатысындағы жанұяны қоғаммен отбасына әлеуметтендіріп, қайта қосуға ықпалдастыру, баланы жетім қалдырмау, ананы қаңғыртпау, – деді Г.Мұратбек. Бір айта кетер жайт, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңда көзделгеннен өзгеше қағидалар белгіленбесе, Қазақстан Республикасындағы жеке тұлғаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын, оның ішінде түрлі себептерге байланысты жеке басын куәландыратын құжаттары жоқ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға тиісті қызмет түрлері көрсетіледі. Сондықтан тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған кез келген әйел балаларымен қоса аталған орталықты паналауына болады.

Нұрым Сырғабаев