Қоғам

Адам саудасы һәм құлдық

Адам саудасы һәм құлдық

Адам саудасы, құлдық деген ұғым ықылым заманнан, яғни адамдар қауымдасып өмір сүре бастаған кезден бар. Физикалық тұрғыда кім күшті, сол маңайына әлімжеттік жасаған, күштіден әлсіз пана сұраған заманда қол астындағыларды құрдай жорғалатып, құлша жұмсағандар болған. Бір тайпаны бір тайпа басып алып, ішіндегі еңбекке жарамдыларын өздеріне керек болмаса келесі бір тайпаға заттай айырбас жасау сол кездері жабайы бизнес түрі болғаны анық. Мұндай адам саудасы барлық құрлықта және осы кезге дейін жалғасқаны тарихтан аян. Тіпті әлемде құлдық сауданы заңдастырған мемлекеттер де болды.

Өткен дәуірлерге қатысты тарихи деректерге көз жүгіртсек, V ғасырдың өзінде қарызын өтей алмаған кедейді, бір елді бір ел жаулау, отарлау барысында қолға түскен тұтқынды қолында кірі барларға сатып, құл саудасын қыздыру ашық жүргізілген. Мәселен, Вавилион, Египет, Грекия, Рим елдерінің нарығында құлға деген сұраныс жоғары болған. Тіпті Мысырдағы пирамидалар құлдардың күші һәм қанымен тұрғызылған деген деректер бар. XVI ғасырда Батыс Еуропада құл саудасының қатты белең алуына жаңадан жер ашу, маңайдағы елді жаппай отарлау ісі себеп болған. Еуропалықтардың ши мылтығына төтеп бере алмаған Америка, Азия, Африка құрлықтарының түрлі халықтары, амал жоқ, құлдықтың қамытын киген. Америкада шын иесі саналатын үндістерден тәркіленген жерлер африкалық құлдардың күшімен игерілгені де тарихтан белгілі. Кез келген ақ нәсілдінің құл ұстауы қалыпты жағдайға айналып, олар қара нәсілділерді «бізге құл болуы үшін жаралған» деген түсінікпен өмір сүрді. Бай-кедей болып өмір сүрген қазақ қоғамында да бай-бағландар малай жұмсаған. Қолындағы малының күйлі болуын ойлап өріс ауыстырып, жаз жайлауды, қыс қыстауды мекен еткен ата-бабаларымыз құл еңбегін жалшы, малшы есебінде пайдаланған. Ол кездегі жаугершілік заманда ата-бабаларымыз қалмақ, жоңғар, ойраттармен болған соғыста қолға түскен ұлды құл, қызды күң еткен. Жаудан олжалаған сұлу бикештерді тоқалдыққа алып, күңнен бала таптырған. Қазақ даласындағы құлдықтың заңдастырылуына қатысты деректерді сөйлетсек, кіші жүз қазақтарын Ресейдің қол астына алған Анна Иоановнаның тұсында, яғни 1737 жылы еліміздің солтүстік өңірінде құл саудасын жүргізу (Сібір) заңдастырған екен. Ол жарлықта: «...түземдіктер қолға түссе, оларды сатуға, шоқындырып, ақысыз-пұлсыз тегін ұстауға рұқсат етіледі» деп жазылыпты. Ойрат хандығының құлауы салдарынан орыстардың қазақ даласын еркін кезуі барысында құлдық езгі тіпті күшейіп, 1755 жылы Анна Иоановнаның жарлығына толықтырулар енгізіліп, «помещиктер сатып алған құлдарын тауар ретінде айырбастауға, оларды шоқындыруға ерікті» делініпті. Бұл заң 1822 жылы «Сібір қазақтарын басқару» ережесі шыққан соң күшін жойған көрінеді. Бұл деректен 1737-1822 жылдары қазақтардың да құлдықтың құрбаны болғанын аңғаруға болады. 1894 жылы дүниеге келіп, қазақ әдебиеті мен тіл ғылымын зерттеуде жан салмай, алғашқы ғалым атанған Телжан Шонанұлы: «Жарлы қазақтардың балаларын сатып алып, үкімет орысқа құл қылып бермек. Қыз балаларды каторгаға айдалғандарға қатын қылып бермек. Соның үшін патша 1825 жылы әмір қылады» деп жазған екен. Артынша, орыстың қазақ халқын отарлау барысында басы саудаға салынған қазақтар көбейген. Сол заманға қатысты осындай деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселен, 1737 жылдары 40 жастағы қазақ әйелінің құны 12 сом болса, 30 жастағы жігіт әйелімен бірге 1 ат, 1 құлын және 16 сомға, 20 жасар жігіт 15 сомға, 16 жастағы бозбала 12 сомға сатылған екен. Бұл қазақ даласында да адам аулау науқаны ашық жүргізілгенін айғақтайды. Қазақ даласынан адамдар құлдыққа Орал, Ертіс, Есіл шекара шебіндегі бекіністерде саудаланыпты. Ресей аумағында құл саудалауға арналған базар 1631 жылы ашылған деседі. Жалпы адам саудасы қазақ жерінде ХVІ ғасырдың ортасында үдей түскен. Онда ересек құлдар 25-50 сом аралығында, балалар 10-25 сом аралығында саудаға шығарылған. Патшалық үкіметтің қазақтарды құлдыққа сату жайлы шығарған жарлығы қазақ сұлтандарының да заң аясында құл иеленуіне жол ашып берген. Дегенмен қазақ қоғамындағы құлдық XIX ғасырда заң жүзінде жойылды. Қазір де әлем бойынша адам саудалап, құл иеленуге жол жоқ. Алайда жасырын түрде адам саудалау, адамды құлдықта ұстау күні бүгінге дейін жалғасып келеді. Халықаралық еңбек ұйымының мәліметіне сүйенсек, дүниежүзінде жыл сайын 2,45 миллион адам тірі тауардың құрбанына айналады екен. Ал одан түсетін пайда 150 миллиард долларды құрайтын көрінеді. Мұндай қылмыс орын алған елдер арасында Қазақстан да бар. Мысалы, өзі қалада отырып, жандайшаптары арқылы жапан далада малшаруашылығын жүргізетін немесе туып-өскен жерінде атакәсіппен айналысып отырған кейбір байлардың іздеуі-сұрауы жоқ адамдарға күштеп мал бақтыратыны жайлы деректер талай рет анықталған. Одан бөлек шетел азаматтарын құрылысқа жегетіндер, қыз-келіншектерді саудалау арқылы заңсыз ақша тауып отырған жеңгетайлар да қазіргі қоғамда аз емес. Мәселен, адамды еркінен тыс мәжбүрлі еңбекке жегу, жыныстық құлдықта ұстау, біреуді ұрпақ жалғастыруы үшін биологиялық ана ретінде пайдалану, бала сатып алу сияқты қылмыстар еліміздің түкпір-түкпірінде құқық қорғау органдарының көмегімен сәт сайын ашылып жатыр. Бірақ оның ішінде кінәлілердің кейбірі жазадан сытылып кететін көрінеді. Бұған еліміз бойынша бұрнағы жылдың алғашқы жартыжылдығында қылмыстың осы түріне қатысты «11616» нөміріне 837 қоңырау соғылып, шалынған қоңырау бойынша түскен шағымдардың сотқа жетпеуі айғақ бола алады. Шағымдардың барлығы дәлелсіз болуы мүмкін емес. Сондықтан қоғамда кейбір қылмыскерлерге қолында билігі бар базбіреулер көмектесуі мүмкін деген ой сананы сан-саққа жүгіртеді. Ал елдегі білікті сарапшылардың айтуынша, біздің қоғамда адам саудасына қатысты әрбір төртінші қылмыс қана ашылады екен. Адам саудасына қатысты қылмыстардың ішінде анасы әртүрлі себеппен баласынан бас тартса, сәбиді ұрпақ асырап алғысы келгендерге сатуды көздейтіндер де бар. Бала сатып алуға тырысатындар бір перзентке зар болып, ұрпақ сүюді аңсайтындар. Ондай адамдар жағдайы болып тұрса, балалар немесе жетімдер үйінен есі кіріп қалған бүлдіршін не жасөспірімді заңды жолмен асырап алуына болады. Аналық, әкелік мейірімін төгіп, бағып-қағып қатарға қосқан патронаттар ел ішінде жетеді. Бірақ бұл ақысыз жүзеге асады және ол перзенттің жағдайы тиісті мекемелердің бақылауында болады. Жастықтың желігімен жолдан бала тауып, ақыр соңында айы-күні жеткенде баласынан бас тартатын қыз-келіншектер бар. Мұндай жағдайда перзентхананың қызметкерлері аналар үйінен мамандар шақыртып, олар әлгі бейбақпен арнайы жұмыс жүргізеді. Нәтижесінде баладан бас тартушы ана өз нәрестесін бауырына басып жатқан жағдайлар бар. Әйтсе де ауадан ақша жасауды ар санамаған кейбір медицина қызметкерлерінің шақалақты анасының келісімімен өзге біруге сатып жатқан қылмысы әшкере болған жағдайлар да жоқ емес. Мамандардың айтуынша, көбіне баласын жас қыз-келіншектер саудалайды екен. Бала асырап алу үшін тиісті құжаттарды рәсімдеу, кезек күту, қамқоршылық мекемелердің әңгімелесуі мен тиісті комиссияның талаптарынан өте алмауы мүмкін екенін іші сезетіндер баладан бас тартқан жас аналардың қаржыға мұқтаждығын мүлт жібермеуді көздейді. Баланы сату да, сатып алу да, делдалдық қызмет көрсету де ауыр қылмыс. Құқық қорғау органдары дүние есігін жаңа ашқан сәбиді саудалағандар жеңіл жаза алмайтынын, бұл ауыр қылмыс екенін қанша жерден айтса да Қазақстанда осы іспетті адам саудасы тыйылмай тұр. 2019 жылы елімізде адам саудасымен айналысқандар үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша ҚР Қылмыстық кодекске бірқатар өзгерту мен толықтыру енгізілген болатын. Аталған кодекстің 135-бабы бойынша қаралатын істер ауыр қылмыстар санатына жатқызылып, кәмелетке толмағандарды саудалағандарды он сегіз жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген. Біз жоғарыда жезөкшелерге жеңгетайлық қызмет ұсынатындар да адам саудалайтындардың қатарына жататынын айттық. Жалпы жезөкше де, оның тәнін саудалауына көмектескен жеңгетай да, осы заңсыз қызметті тұтынғандар да қылмыскер. Былтыр өңірде «Стоп-Трафик» жедел-алдын алу iс-шарасы өткізiлген болатын. Бұл облыс аумағындағы республикалық «Стоп-Трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасының төртінші кезеңі еді. Аталған іс-шара жолаушылар пойыздарында адам саудасымен, оларды тартумен, ұрлаумен, бас бостандығынан заңсыз айырумен байланысты қылмыстарды ескертуге, жолын кесуге, анықтауға және ашуға бағытталды. Сондай-ақ жезөкшелікпен айналысуға арналған притондар ұйымдастырғандарды анықтау, ұстау, осындай қылмыстың жолын кесу, алдын алу мақсат етілді. Сонымен қатар іс-шара кезеңінде тиісті орган мамандары бірлескен меморандум аясында «Жандану» және «Права и возможности инвалидов» қоғамдық бірлестіктерімен бірлесе Шу қаласында еңбекті қанау деректерін алдын алу мақсатында шаруа қожалығы басшыларының қатысуымен кездесу өткізген-ді. Бұдан бөлек Шу қаласы аумағында орналасқан теміржол және көлік бекеттерінде, сауда орталықтарында адам саудасына қарсы күрес туралы жан-жақты мәлiметтермен қамтылған ақпараттық парақшалар таратылып, халық арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сол кезде облыстық полиция департаментінің ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы қызметкерлерi жүргізілген үш күндік іс-шара барысында жезөкшелiкпен айналысуға арналған притондарды ұйымдастырушыларды анықтап, ұстағаны есте. Iс-шара нәтижесiнде полиция қызметкерлерi ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабының 1 және 2-бөлігімен 2 дерек және ҚР ҚК-нің 126-бабының 3-бөлігімен 1 дерек анықталып, 30 жеңiл жүрiстi әйел, 1 жеңгетайды есепке қойған еді. Осы орайда біз облыстық полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Олжас Омарбековпен тілдесіп, былтыр адам саудасына қатысты нақты қандай қылмыстар әшкереленгенін сұраған едік. – 2023 жылдың қорытындысы бойынша, өңір аумағында облыстық полиция департаментінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 309-бабы (Жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау және жеңгетайлық) бойынша 3 деректі, ҚР ҚК 126-бабы 3-бөлігі (Заңсыз бас бостандығынан айыру) бойынша 1 деректі, ҚР ҚК 135-бабы 2-бөлігі (Кәмелетке толмағандар саудасы) бойынша тағы 1 деректі анықтады. Оның ішінде бір фактіге нақты тоқталғанды жөн көріп отырмын. Оқиға Тараз қаласында орын алды. Анығын айтқанда, екі шетелдікті құлдықта ұстаған күдікті құрықталды. Тараз қаласы полиция басқармасының 2-полиция бөліміне 24 және 40 жастағы Өзбекстан Республикасының азаматтарынан еңбекті пайдалану дерегі бойынша арыз түскен болатын. Аталған арызда бір ер адам жәбірленушілердің жеке басын куәландыратын құжаттарын алып қойып, Тараз қаласындағы құрылыс нысандарында жұмыс істеуге мәжбүрлеп жеккені айтылған. Жәбірленушілер мұндай қорлықтан, әлімжеттік пен құлдықтан қашып үлгерген, алайда иелері құжаттарын қайтару үшін ақша бопсалаған. Нәтижесінде аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы, 3-бөлігінің 2-тармағымен (Бас бостандығынан заңсыз айыру) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері Түркістан облысының 35 жастағы тұрғынын анықтады. Ол талап еткен шамамен 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның 200 мың теңгесін жәбірленушілерден алып жатқан қылмыс үстінде ұсталды. Күдікті өз кінәсін мойындады. Құрықтау барысында одан 200 мың теңге сомасындағы ақшалай қаражат, «Redmi» 7 телефоны және құжаттар тәркіленді. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жалғасып жатыр, – деді О.Омарбеков. Міне, адам саудасы, құл иелену деген біздің қоғамда жоқ деп айтуға болмайды. Мұндайда жұртшылық өз құқығын білуі тиіс. Қандай жағдай болмасын адам саудасы, құлдыққа қатысты оқиғаға тап болғандар немесе маңайында сондай қылмысқа жол берілгенін байқағандар болса дереу құқық қорғау органдарына хабарласуы қажет. Заң кез келген адамның құқығын қорғайды.

Нұрым Сырғабаев