ӨҢІРІМІЗДЕ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
ӨҢІРІМІЗДЕ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖҮЙЕЛІ ЖҮРГІЗІЛУДЕ
Жалпы Қазақстанда ақпараттық технологияның өркендеуіне, цифрлы дамуға айрықша назар аударылуда. Тиісінше мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың нәтижесінде елімізде цифрландыру деңгейі жыл санап артып келеді. Ал өңірімізде цифрландыру қалай жүргізілуде? Даму жоспарына енген көрсеткіштер орындалды ма? Осы орайда цифрландыру саласында аймақта өткен жылы қандай жұмыстар атқарылғанын және биылғы меже мен міндетті білмек ниетте облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасының басшысы Руслан Ноқрабековті ашық әңгімеге тартып, көкейдегі көп сауалымызға жауап тапқандай болдық. «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы бойынша Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі көрсеткіштерінің өңірлер бөлінісі бойынша 2022 жылы облыста 38 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылыпты. Ал 2023 жылы цифрландыру саласында жоба аясында электрондық еңбек биржасы арқылы 54 адам (жоспар – 50) жұмысқа орналастырылған. Басқарма басшысы өткен жылы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтымен, облыстық кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойылып, жоғары жетістіктерге қол жеткізілгенін атап өтті. Мәселен, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасымен және «Astana Hub» Халықаралық технопаркімен бірлесіп IT хабты іске асыру жөніндегі міндеттерді қамтитын ынтымақтастық туралы үшжақты меморандумға қол қойған. Нәтижесінде 2023 жылдың ақпан айында аталған оқу орнында «ZhambylHub» құрылған. «ZhambylHub» өңірлік IT-хабының басты міндеті – өңірдегі перспективалы стартап жобаларды қолдау. «Astana Hub»-пен тығыз ынтымақтастықтың арқасында жобаларды бизнес-инкубациялау мүмкіндігі пайда болған. Бүгінгі таңда Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты мен облыс әкімдігі цифрлық технологиялар басқармасы «ZhambylHub» өңірлік IT хабының базасында облыстың IT қауымдастығын құру мүмкіндігін қарастыруда. Оқу орнымен жасалған берік байланыстың арқасында былтыр цифрландыру саласында көптеген жоба іске асырылып, бірқатар ауқымды іс-шара ұйымдастырылыпты. Атап өтер болсақ, мектеп оқушылары, колледж және жоғары оқу орындары студенттерінің қатысуымен бірінші өңірлік «ITII HACKATHON-2023» іс-шарасы өткен. Мұнан бөлек цифрлық технологиялар басқармасы мен «ZhambylHub» өңірлік IT-хабы бірлесе Speed Dating форматында жас стартаперлердің кездесуін ұйымдастырған. Мәні мен маңызы зор «Google developer» фестивалін де айтпай кетуге болмайды. Фестивальға Үндістаннан, басқа да шет мемлекеттерден келген білікті сарапшылар, жаттықтырушылар қатысқан. Сондай-ақ ұлттық жоба шеңберінде 2022 жылдың қараша айында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында IT академия ашылғанын да атап өткен жөн. IT академия ашылғаннан бері облыс тұрғындарын, Тараз қаласындағы және аудандардағы бірқатар мектеп ұжымын және студенттерді оқытып, ақпараттық технологиялар саласындағы білікті мамандарды даярлауда белсенді жұмыс істеуде. Тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында бірнеше бағыт бойынша жұмыстар жолға қойылған. Академияда 10 жастан бастап, 50 жастан асқан облысымыздың кез келген тұрғыны білім алады. Айта кетерлігі, халықтың әлеуметтік осал санатына жататын тұрғындар және ақпараттық технологиялар саласында қандай да бір жетістікке жеткен азаматтарға тегін білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Саладағы ауқымды жобаның бірі – өңірдің геопортал жүйесін қалыптастыру. Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, бүгінгі таңда өңірлік геопортал жүйесінің дайындығы 100 пайызды құрайды. Жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарына қойылатын бірыңғай талаптарға сай барлық базалық ГИС-қабаттар енгізілген. Яғни тұрғындар үшін геопорталдың ашық картасына 160 және қызмет бабында пайдалану үшін геопорталдың электрондық кезекші картасына 367 картографиялық дерек әзірленіпті. Сондай-ақ сәулет және қала құрылысына қатысты 6 және жер қатынастары саласы бойынша – 7, жалпы 13 мемлекеттік қызмет автоматтандырылып, енгізілген. – Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінен геопортал ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша тыңдаудан өтті. Нәтижесі бойынша оң қорытындылы сынақ актісі алынып, өнеркәсіптік пайдалануға енгізілді. Ақпараттық жүйелермен және мемлекеттік деректер қорымен интеграция жұмыстары жүргізілуде. Жалпы өңірлік геоақпараттық жүйе алаңында жер телімдерін электрондық түрде беру процесі, сайлау учаскесін ЖСН арқылы анықтау онлайн-сервисі сынды бірқатар жоба іске асырылады. Сонымен қатар «Цифрландыру, ғылым және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы шеңберінде Тараз қаласының аумағында 13 қызметті автоматтандыру жоспарланған. Бұл жұмыстар табиғи монополиялар субъектілерінің тұтынушылар мен бизнеске ұсынатын цифрлық қызметтерді және «Тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық» модулін енгізу арқылы жүзеге асырылмақ. Алайда ТМС қызметкерлерімен және мердігермен жүргізілген зерделеу жұмыстары аясында 15 қызметті автоматтандыру мүмкіндігі анықталды. 2024 жылдың аяғына дейін автоматтандырылған қызметтердің санын 50-ге дейін, 2025 жылы – 100 және 2026 жылы қызметтердің санын 150-ге дейін жеткізу жоспарлануда, – деген Руслан Москауұлы елді мекендерді байланыспен қамту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Бүгінгі таңда 367 елді мекеннің 57-сі (15,5 пайыз) – 2G, 66-сы (18 пайыз) – 3G төмен жылдамдықты мобильді интернетпен, 244 елді мекен (66,5 пайыз) жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамтамасыз етілген. Ал талшықты оптикалық байланыс желісімен 371 елді мекеннің 199-ы (53,6 пайыз) қамтамасыз етілген, қалған 170 (45,82 пайыз) елді мекен қамтылмаған. Жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетпен қамту 2022 жылы 54,6 пайызға, 2023 жылы 62,7 пайызға өскен. 2021-2023 жылдары атқарылған жұмыстарға тоқталсақ, «Кар-Тел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 27 елді мекенде 4G мобильді байланыстың сапасын жақсартуды жоспарлап, 23 елді мекенде жаңа базалық станса орнатыпты. «Кcell» акционерлік қоғамы 23 елді мекенде 3G/4G мобильді байланысының сапасын жақсартуды жоспарлап, 26 елді мекенде жоспарлы жұмыстарды бітірген. Сол секілді «Мобайл Телеком Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 22 елді мекенде 3G-ден 4G-ге ауыстыруды көздеп, 28 елді мекенде жұмыстарды аяқтаған. – «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде «2023-2027 жылдары Жамбыл облысының елді мекендерінің интернет желісіне және байланысына сапалы қолжетімділікті қамтамасыз ету жөніндегі» жол картасы бекітілді. Жол картаға сәйкес, 2025-2027 жылдары 198 елді мекенде мобильді интернет желісінің сапасын 4G-ге арттыру, 28 елді мекенде жергілікті атқарушы орган тарапынан электр желілері мен антенна-діңгек құрылысымен қамтамасыз етілген жағдайда мобильді байланыс сапасын жақсарту көзделген. Сонымен қатар 170 елді мекенді (455 мемлекеттік мекеме және 8 175 кәсіпкерлік субъектілері) талшықты-оптикалық байланыс желісімен және республикалық, облыстық маңыздағы жолдарды цифрлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге 2024-2025 жылдары 12 антенна діңгек құрылысын жүргізу жоспарланып отыр, – дейді Р.Ноқрабеков. Байқағанымыздай, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар басқармасы тарапынан нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да цифрландыру саласына серпін беру бағытында қолға алынған жұмыстар белсенді жалғаса бермек.
Талғат Нұрханов