Жаңалықтар

БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІ ОЙЛАУҒА ТИІСПІЗ

БЕРЕКЕ-БІРЛІКТІ ОЙЛАУҒА ТИІСПІЗ

Берекесі мен бірлігі жарасқан Қазақстан халқы тағы бір жылды тарих қойнауына қалдырып, жаңа келген Ұлу жылын қарсы алды. Бұл еліміз үшін тағы бір жауапты жаңа кезеңнің басталғанын білдіреді. Бұл сәт алдағы жылға жоба-жоспар жасап, өткенді бағамдауға да таптырмас уақыт екені белгілі.

Біз ел болып нені тындырдық, ел экономикасын дамытып, халықтың тұрмыс-тіршілігін, ұлттық рухты жоғарылату және жас ұрпақтың тәрбиесі бағытында алдағы уақытта қандай жұмыстарды қолға алып, атқаруымыз қажет? Міне, бұлардың барлығы алдағы уақыттың еншісіндегі дүниелер. «Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» деген бабалар нақылына жүгінетін болсақ, өткен күнге шүкіршілік айта отырып, алда атқарылатын шаруаларды бір пысықтап алудың ешбір артықшылығы жоқ. Болашақтың дәл бүгіннен басталатынын естен шығармаған жөн. Міне, бұл ретте жыл басталған тұста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдің бас газеті – «Egemen Qazaqstan» республикалық газетінде жарияланған сұхбат-мақаласында бірқатар құнды пікір айтылған. Олай дейтініміз, Президент сұхбатының өн бойында елдің өткені мен бүгіні туралы кеңінен ой толғап, болашақтың еншісіндегі маңызды мәселелерге де терең мән берілген. Бір қуантарлығы, сұхбатта айтылған ой-пікірлердің түпкі мәні – елдің болашағы мен жас ұрпақтың келешегі. Сұхбатта қалай ел болып қалыптасамыз, ұлттық қауіпсіздікті сақтау мәселелері, ұлт болып атқарылатын тағы басқа жұмыстар туралы да кеңінен айтылған. Ел бірлігі – ең асыл қасиет. Бұл тұжырымды көзі ашық, көкірегі ояу әрбір азамат жақсы білсе керек. Елдің бірлігі мен ынтымағы мығым болғанда ғана біз ұлт болып асқаралы асуларды бағындыра аламыз. Данышпан Абай айтқандай, «Біріңді қазақ бірің дос көрмесең, істің бәрі бос!». Бірлігі мығым елде ғана бақ-береке болады. «Дамудың сыры – бірлікте!» дейтініміз де сондықтан. Сұхбатта атап өтілгендей, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін екі есеге арттырып, 450 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Ал Президент ішкі жалпы өнімнің көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда былтыр 15 пайызға өскенін ескеріп, жоспарланған межеге жетуге болатынын айтты. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көрсеткіші 13 мың долларға жуықтаған. Осындай қарқынмен 2029 жылы белгіленген межеден асып кетуі де бек мүмкін. Президент макроэкономикалық көрсеткіштерден бұрын азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне ерекше мән беретінін жеткізді. Президент сұхбатынан белгілі болғандай, елдегі кадрлық саясатқа да қатысты сын көп. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл туралы да ой-пікір білдірді. «Жас келсе – іске!» деген емес пе!? Елдің Президентке деген сенімін қол астындағы және түкпір-түкпірдегі мемлекеттік қызметшілер адал еңбегі, іскерлігі және әділдігімен қалыптастыратыны белгілі. Біз Президенттің білімділігі мен біліктілігіне, көрегенділігі мен дипломатиялық қарым-қабілетіне қарай дұрыс саясат құрып, мемлекетті даңғыл дамуға бастағанына куәміз. Жаңа Қазақстанды жаңаша өркендету дегеніміз – басшыға лайықты қосшы бола білетін жалпыхалықтық міндет деп білеміз.

Керімқұл БЕГАЛИЕВ, «Злиха» шаруа қожалығының басшысы, облыстық мәслихаттың депутаты

Жуалы ауданы