Құмар ойын құрдымға кетіреді
Құмар ойын құрдымға кетіреді
Кеше Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде облыс әкімдігі білім басқармасының ұйымдастыруымен «Лудомания дерті: проблемалар мен шешу жолдары, профилактикасы» тақырыбында қоғам қайраткері, жазушы, публицист Жан Ақжанов облыс педагогтарымен кездесті. Іс-шара Мемлекет басшысының ҚР Қауіпсіздік кеңесінің 2023 жылғы 4 қыркүйектегі отырысында халық арасында ойынға тәуелділік мәселелері бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Білім министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің хатына сәйкес ұйымдастырылды. Екі жүзге жуық педагог және білім беру ұйымдарының басшылары, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары және мектеп, колледждердің педагог-психологтары мен әлеуметтік педагогтары қатысқан жиында лудоманияның алдын алу жөнінде құнды пікірлер ортаға салынды. Кеш спикері Жан Ақжанов жиналғандарға құмар ойындардың зияны туралы айтып, оның алдын алу жолдарын түсіндірді. Бүгінде елімізде 350 мыңнан астам адам құмар ойындардың зардабын тартып отыр екен. Егер тиісті шаралар қабылданбаса, болашақта бұл көрсеткіштің одан да жоғары болары анық. – Мен лудомания тақырыбын ұзақ зерттедім. Осы тақырыпта жазылған кітабым жарыққа шықты. Тәуелділік – өте қауіпті індет. Зерттеу нәтижесінде түйгенім – қатердің алдын алу үшін тәрбиені мектептен бастап қолға алуымыз керек. Қазір құмар ойын ұйымдастырушылар өздерінің бизнес-схемаларын құрып алған. Соның салдарынан жастардың көбі жеңіл ақшаға қызығады. Профилактикалық және түсіндірме жұмыстарын балалар емес, үлкендерден бастау керектігінің бір ғана мысалын айтып бере аламын. Осы қалаға келе жатқанымда пойызда оқушыларымен карта ойнап отырған ұстаздарды көзім шалды. Былайша айтқанда, педагог оқушыларын кішкене күнінен құмар ойынға баулып жатыр. Жамбыл облысы осы мақсатта кездесу өткізіп жатқан он бірінші өңірім, – дейді Жан Мухарапұлы. Аталмыш кездесуді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Нысанбаев жүргізіп отырды. Білім саласы өкілінің айтуынша, кұмар ойынға тәуелділік, жасөспірімдер арасындағы қылмыс, есірткіге құмарлық қоғамда белең алып жатқан өзекті мәселеге айналып отыр. – Жақында аймақ басшысының қатысуымен облыс жастарының ортасында орын алып жатқан құқықбұзушылықтарға қатысты жиын өткен. Кездесуде жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршіп тұрғаны сөз болды. Кәмелет жасқа толмаған студенттер мен мектеп оқушыларының туған күн тойлап, отырыс жасайтыны да жиілеп кетті. Жақында жалдамалы пәтерде өткен сондай отырыстың соңында ішімдік ішкен бір қыз екінші қабаттан секіріп, жарақат алды. Ұстаздар қағаз жүзінде «бәрі жақсы, оқушылардың үйіне барып, ата-аналармен кездесіп, түсіндірме жұмыстарын жүргіздім» деп құжат толтырып өткізіп, шындығында, ол жұмыс орындалмай жатыр. Ондай көзбояушылық болмасын. Балалардың қауіпсіздігі – біз бен сіздің жауапкершілігімізде. Жасөспірімдердің жаман әдеттен аулақ болуын мұқият қадағалап отырайық, – деді М.Нысанбаев. Кездесу соңында педагогтар спикерге тақырыпқа қатысты өздерін алаңдатқан сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ