Әлеуметтік жағдайды жақсартудың бір тетігі құрылыста
Әлеуметтік жағдайды жақсартудың бір тетігі құрылыста
Алдымен Жамбыл ауданы, Қостөбе ауылының маңындағы Тараз қаласының шайынды-кәріз сулары жиналатын орынға барды. 197,07 гектар аумаққа кәріз суы жобалық сыйымдылықтан артық төгілуде. Негізі сүзгі алқабы тәулігіне 43,1 мың текше метр шайынды кәріз су төгуге арналған. Нақты тәулігіне 68-70 мың текше метр, жылына 24-25 миллион текше метр төгілуде, бұл жобалық сыйымдылықтан 1,5 есе артық. Сонымен қатар шайынды-кәріз су жерасты суларына қосылып, елді мекендерге тарап жатыр. Қолқаны қабатын жағымсыз иісі аудандағы елді мекендермен қоса Тараз қаласына дейін жетеді. Кәріз жүйесінің ағынды суларын кешенді биологиялық тазалау жобасын қарастыру және келісу жұмыстарымен облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы айналысады. Республикалық бюджеттен қаражат бөлу арқылы құрылысы көзделген. Бұл тазарту жұмыстары өз кезегінде Жамбыл ауданының қоршаған ортасына түсетін ауыртпалықты азайтуға мүмкіндік береді. Шайынды-кәріз суларын жинағыш коллекторға сарқынды суларды биологиялық тазарту қондырғысын орнатуды қажет етеді. – Техникалық-экономикалық негіздемесін тездетіп дайындаңыздар. Мен қолдауға дайынмын. Тиісінше қаржылар да қарастырылады. Құжаттарының бәрі заң аясында реттелген соң құрылысын 2024 жылы бастауды жоспарлайық, – деген Еркебұлан Әбілханұлы жұмысты жылдамдатуға қажетті тапсырмалар берді. Бұдан соң Тараз қаласы Сүлейменов көшесінің соңындағы тұрғын алқапта жүргізіліп жатқан құрылыс алаңына тоқтады. Онда №41 жер телімінде 80 пәтерлі тұрғын үй және 1200 орынға арналған орталық мектептің құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев: – Биыл 24,4 миллиард теңгеге 68 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 11 арендалық үй, онда 680 пәтер болса, 3648 пәтері бар 56 кредиттік үй және 1 пилоттық жобамен 60 пәтерлі үй салынуда. 3120 пәтерлік 47 үй пайдалануға берілді. Биылғы 6 ай ішінде 620 пәтерлік 9 үй берілді. Тұрғын үй кезегінде 35924 адам тұр. Инженерлік инфрақұрылым бойынша биыл 8,3 миллиард теңгеге 32 жоба іске асырылуда. Осы жылы 3198 жер телімі таратуға дайын болады. Бұл саладағы өзекті мәселе – құрылыс материалдары бағасының өсуіне байланысты тұрғын үй құрылысына жұмсалатын шығындардың нақты құны 1 шаршы метріне 260-270 мың теңгені құрап отырғаны. Оның үстіне Жамбыл облысы сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан. Бұл да қосымша жұмыстарды талап ете отырып, үй құрылысының өзіндік құнының 10-20 пайызға көтерілуіне әкеп соғады. Жамбыл облысы дотациялық өңір екенін ескерсек, облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыру мүмкіндігі де болмай тұр, – деп Тараз қаласынан салынатын 14-ықшамауданның жобасымен таныстырды. Келесі кезекте Тараз қаласының «Талас» ықшамауданындағы күрделі жөндеуден өткен және жөнделіп жатқан №29-30 көппәтерлі тұрғын үйлердің жағдайымен танысты. №29 үй 5 қабатты, 90 пәтерлі. 1974 жылы салынған. «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткізілген. «Талас-29» меншік иелері бірлестігінің төрайымы Наталья Алферова тұрғындардың мәселелерін жеткізді. Көппәтерлі тұрғын үйлерді жаңғыртуға берілген несиені біраз жылға бөліп, тұрғындарға төлеуге міндеттелген сомаға кей кісілердің шамасы келмей қалатыны да бар. Барынша халыққа қиындық туғызбаудың шаралары қарастырылуы керектігі сөз болды. Вице-министр Еркебұлан Дауылбаев министрлік халықпен ашық сұхбаттасып отыру үшін «Telegram» және «WhatsApp» әлеуметтік желілерінде арнайы канал, чат ашқандарын жеткізіп, сол арқылы барлық тұрғын проблемаларын хабарлап тұруларына болатынын айтты.
Тұрғын үй мен инфрақұрылымды жақсарту назарға алынды
ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Еркебұлан Дауылбаев Жамбыл өңіріндегі іссапарын құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мәселелерді шешу бойынша кеңес өткізумен қорытындылады. Облыс әкімдігінде өткен жиында облыс әкімдігінің құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды хабарлады. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы облыс бойынша тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысында 94 жобаны іске асыруға 31,7 миллиард теңге бөлінген. Соның есебінен 314,4 мың шаршы метр әлеуметтік тұрғын үй (1 078 пәтер) салу, оның ішінде құрылыс алаңдарын инженерлік коммуникациялармен жабдықтау бойынша 26 жобаны іске асыру жоспарланған. Сондай-ақ тұрғын үй қорын жаңғырту аясында ағымдағы жылы 50 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 3,2 миллиард теңге бөлініпті. Облыс аумағында 689 мың шаршы метр, оның ішінде 430 мың шаршы метр жеке құрылыс салу жоспарға алынған. – Биылғы 2022 жылы құрылыс басқармасы арқылы сметалық құны 187 миллиард теңгені құрайтын 207 жобаға бюджеттен 88,5 миллиард теңге бөлініп, іске асырылуда. Оның 153-і осы жылы тапсырылуы тиіс, 54-і келесі жылға өтпелі. Аталған жобалардың 112 нысаны «Нұрлы жер», 43-і «Ауыл – Ел бесігі», 30-ы «Өңірлерді дамыту», 3 нысан құрылысы Үкімет резервінен және 19-ы білім беру субвенциялары есебінен қаржыландырылды. Жыл басынан бері 30 нысанның құрылысы аяқталды. Ағымдағы жылы құрылыс саласына 231,2 миллиард теңгеге инвестиция тарту межеленіп, құрылыс жұмыстарының көлемін 103,1 пайызға жеткізу жоспарланды. Қаңтар-маусым айларында құрылыс жұмыстарының көлемі 105,7 пайызға орындалды. Пайдалануға берілетін тұрғын үй көлемін осы жылы 710,6 мың шаршы метрге жеткізіп, былтырғы кезеңмен салыстырғанда 4 пайызға асыра орындау жоспарлануда. Қаңтар-маусым айының көрсеткіші 103,7 пайызға орындалды. 7 айдың қорытындысымен құрылыс көлемі мен тұрғын үйді пайдалануға беруді тиісінше 103 және 104 пайызға орындау жоспарланды. Облыс бойынша коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне (2022 жылғы 1 маусым жағдайына) 35 924 азамат тіркелген. Жалпы, соңғы 6 жылда бюджеттік тұрғын үй құрылысының өсу серпіні байқалады. 2016 жылмен салыстырғанда пайдалануға берілген пәтерлер саны 3,3 есеге өсті. Бұған қарамастан, кезекке тұру көрсеткіші жыл сайын ұлғаюда. Мысалы, 2021 жылы 2334 кезектегі адам баспанамен қамтылса да, кезектілік 5678 адамға артты. Яғни бір жылда 8 мыңнан аса азамат кезекке тұрса, жыл басынан 806 азамат тіркелген. Облыс бойынша жеке тұрғын үй салу үшін жер алуға 163 895 азамат кезекте тұр. Бір жылдың 5 айында кезекке 35,7 мың азамат қосылды. 2022 жылы 8,3 миллиард теңгені құрайтын 19 алқапта 32 жобаның құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына 31 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталады, ал қалған 1 нысан 2023 жылға өтпелі. Нәтижесінде 3198 жер телімі кезекте тұрғандарға беруге дайын болады. Бүгінгі күнге 3 нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар 11 көппәтерлі тұрғын үйдің ішкі алаңдық желілерінің құрылысы жүруде. Барлық нысанның құрылысы 2022 жылы аяқталады. Тұрғын үй құрылысы мен инженерлік инфрақұрылым саласындағы өзекті мәселелерге тоқталсақ. Жалға берілетін тұрғын үйлерді салуды республикалық бюджеттен қаржыландыру жалғастырылса деген ұсыныс бар. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған 2960 пәтерлі 50 арендалық тұрғын үй жобалары дайын. Аталған жобалар тұрғын үй саясатының өзгеруіне байланысты бүгінгі күнде қолдау таппады. Осыған байланысты, биыл жалға берілетін тұрғын үйді пайдалануға берудің төмендегені байқалады. Бұл жағдай өз кезегінде тұрғын үйді пайдалануға беру экономикалық көрсеткішіне кері әсерін тигізеді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында кредиттік тұрғын үйдің 1 шаршы метрінің 160 мың теңге деп бағаланған төмен лимиттеріне байланысты құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысын салуға құлшыныс танытпай, мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатыспауда. Тағы бір мәселе – «Байзақ ауданы Сарыкемер ауылындағы қуаты 2х16000ква ӘЖ-35кВ желі мен ПС-35/10кВ құрылысы» жобасына республикалық бюджеттен қаржы қарастырылса дейміз. Аталған ауданда коммуналдық тұрғын үй алу кезегінде 1737 азамат тұр. Жеке тұрғын үй құрылысына жер телімдеріне кезекте 10 991 адам тіркелген. Мәселені шешу үшін аудан орталығы Сарыкемер ауылында бас жоспарға сәйкес елді мекеннің оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан 63 гектар жаңа алқап анықталды. Аталған алапта 37 бес қабатты 60 пәтерлі үй, 1200 оқушыға арналған мектеп, 250 орындық емхана, 280 балаға арналған балабақша, 75 үйге арналған үлгілік коттедж қалашығын, жеке тұрғын үй құрылысына 150 учаске, сондай-ақ коммерциялық нысандар қарастырылған. Бұл алқапта 4 қөпқабатты үйдің және 250 орындық емхананың құрылысы басталды, – деді. Алқалы жиында айтылған мәселелер терең талқыланып, тиімді шешілу жолдары айтылды. Облыс халқының игілігіне негізделген жұмыстардың жүзеге асырылуы министрліктің назарына алынатын болды.
Қ.РАХМЕТУЛЛИНА