Мемлекеттік қызмет қателікті кешірмейді
Мемлекеттік қызмет қателікті кешірмейді
Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігі мен білімін, тәжірибесін арттыруды мақсат еткен кездесуде әкімшілік сот істеріндегі кемшіліктер туралы ой қозғалды. Семинарда бүгінгі таңда әкімшілік сот істері бойынша көбіне жер дауы, тұрғын үй және жер учаскелерін жалға алу, тұрғын үй кезегін қалпына келтіру жөнінде өтініштер келіп түсетіндігі айтылды. Бұл бағытта өткен жылы жолданған 114 өтініштің 65-і қанағаттандырылып, өзгесі негізсіз деп танылған. Әсіресе әкімшілік сот ісінде жер комиссиясы тарапынан кезектен шығаруға болмайтын тұлғаларға қатысты заңбұзушылықтар біршама орын алған. Спикердің сөзінше, жауапты орган мұндайда әлеуметтік әлсіз топтардың кезектен шығаруға болмайтын ерекше мәртебесін ескере бермейтін көрінеді. Сондай-ақ жиында сөз алған облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы Гауһар Қожантаева әкімшілік істердің медиация тәсілімен шешуге басымдық беру керектігін айтты. Бұл дегеніміз – сот процесінде қос тараптың өзара келісімі негізінде жасалатын шарт. «Медиация – сот ісінде енді дамып келе жатқан сала. Алайда өсу қарқыны жоғары деңгейде. Мәселен, Англияда азаматтық даулардың 90 пайызы медиатордың көмегімен, келісім жасасу арқылы шешіледі. Ал Германияда жартысынан көбі шиеленісті осылай шешеді. Қазақстан да осы жолды таңдап, осы бағытта жұмыс істеуде. Және бұл алдағы уақытта да дамиды деген үміттемін», деді Гауһар Мейірханқызы.
Айжан ӨЗБЕКОВА