Берері мол бизнес-форум
Берері мол бизнес-форум
Аймақ басшысы ауылшаруашылық техникасын шығару, астықты қайта өңдеу, ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдеу, мал азығын өндіру, қайта өңдеумен айналысатын және электр энергетикалық нысандар құрылысы мен жаңартылатын энергия көздері саласындағы компаниялармен бірге ынтымақтастық мәселелерін кеңінен талқылады. Сондай-ақ кездесулер барысында су үнемдеу жүйелерін енгізу және сусорғы құрылғыларын шығару мәселелері жан-жақты сараланды. Айта кетейік, қытайлық «Guofeng» компаниясы жақын арада Байзақ ауданында тракторлар құрастыру ісін қолға алмақ. Ал жаңартылатын энергия көздері нысандарын салуда тәжірибесі мол «Zaozhuang Zeneng Electric Power Engineering Go., Ltd» компаниясының өкілдері бұған дейін өңірімізге келген десек, қазіргі таңда олар инвестиция салуға дайын екендіктерін жеткізді. Сонымен қатар облыс әкімі жұмыс сапары кезінде «СиньФа» заманауи ауылшаруашылық және индустриялық паркіне барды. Ербол Қарашөкеев Шаньдун провинциясында интенсивті суару жүйелерін жобалаумен айналысатын компания өкілдерімен өткен кездесуде облысымыздағы су үнемдеу технологияларын енгізуге қатысты жоспарлы шараларға тоқталды. Сондай-ақ іссапар аясында «Shifeng group» (ауылшаруашылық техникасын өндіруші), «СиньФа» (құрылыс материалдарын өндіруші), «Gambol» (мал азығын өндіруші), «ZhongtongBus» (автобус шығарушы) секілді бірнеше ірі компанияның өкілдерімен кездесулер өтті. «Gambol» және «Shifeng group» компаниялары ынтымақтастық орнатуға ниеттестік білдірді. Облыс әкімі аймақтың инвестициялық әлеуеті және мүмкіндігімен танысу мақсатында қытайлық компанияларды өңірге шақырып, облыс экономикасына серпін беретін жобаларды жан-жақты қолдауға дайын екендігін баса айтты. Естеріңізге сала кетсек, «AR-AI» газетінің өткен нөмірінде облыс әкімі Ербол Қарашөкеев бастаған облыс делегациясы Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барғанын және Әулиеата өңірі мен Қытайдың Шаньдун провинциясы арасындағы инвестициялық ынтымақтастық нығая түсетінін хабарлағанбыз. Айталық, аймақ басшысы шығыстағы көршімізге сапарының алғашқы күні Шаньдун провинциясындағы Қазақстан-Қытай бизнес-форумының ашылуына қатысып, облыстың инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырған болатын. Ербол Қарашөкеев өз сөзінде облыстың негізгі ерекшеліктерін де атап өтті. Жамбыл – орталық логистикалық дәліздерді байланыстыратын негізгі көлік тораптарының, теміржолдардың және автомобиль жолдарының тоғысында орналасқан географиялық тұрғыда қолайлы аймақ екеніне тоқталды. Сондай-ақ форум барысында қытайлық бизнес-қоғамдастық өкілдеріне облыстың негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен даму мүмкіндіктері туралы да ақпарат берілді. Одан кейін аймақ басшысы жалпы отырыстан кейін В2В форматындағы кездесулерге қатысып, партия бөлімшесінің хатшысы, Шаньдун провинциясы Халық үкіметі Сыртқы істер кеңсесінің меңгерушісі, Шаньдун халықтарының шетел халықтарымен достығы қауымдастығының төрағасы Цай Сяньцзинмен кездесті.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі