Жаңалықтар

ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ ЕРТАЕВ

ЕЛІНЕ ЕЛЕУЛІ ЕРТАЕВ

«ЕРІМ ДЕГЕН ЕЛ БОЛМАСА, ЕЛІМ ДЕГЕН ЕР ҚАЙДАН ШЫҒАДЫ» ДЕП БАТЫР БАУЫРЖАН МОМЫШҰЛЫ АЙТҚАНДАЙ, ШҮКІР ҚАЗАҚТА ЕЛІМ ДЕГЕН ЕРЛЕР КӨП. СОЛ ЕРЛЕРДІҢ БІРІ – ХАЛЫҚ ҚАҺАРМАНЫ, ГЕНЕРАЛ-ЛЕЙТЕНАНТ БАҚЫТЖАН ЕРТАЕВ. ЖАУ ШЕБІНДЕ ЖАРАЛЫ ЖОЛБАРЫСТАЙ ЖОРТЫП, ҚАН МАЙДАННАН ҚАҺАРМАН БОЛЫП ШЫҚҚАН БАҚЫТЖАН ЕРТАЙҰЛЫ БИЫЛ МЕРЕЙЛІ 70 ЖАСТЫҢ ШОҚЫСЫНДА КЕУДЕСІН ЖЕЛГЕ КЕРІП, МАҢДАЙЫН ЕЛГЕ БЕРІП ТҰРҒАН ЖАЙЫ БАР.

Бақытжан Ертайұлы Жуалы ауданының Кеңес ауылында (қазіргі Ертай ауылы) 1952 жылдың 25 маусымында дүниеге келген. Мектеп бітіргеннен кейін Алматы жоғары жалпы әскери командалық училищесін ойдағыдай аяқтайды. 1973-1980 жылдары Орталық Азия әскери округінде взвод, рота командирі, 1981-1982 жылдары Кеңес әскерлерінің Ауғанстандағы шектеулі контингентінде батальон командирі міндеттерін атқарды. 1985 жылы Мәскеудегі әскери академияны бітіреді. Ауғанның жорық жолынан өткен Б.Ертаев алты жыл Германияның Потсдам қаласында полк командирі болды. Бұл полктің командирі алғаш рет орыстан басқа ұлттың өкілі болған КСРО Қарулы күштеріндегі тарихи оқиға еді. Бақытжан Ертайұлы 1998 жылы Қазақстан Қарулы күштері бас штабының бастығы, 1997-2000 жылдары Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары, 2002 жылы Қазақстан Қарулы күштері әскери академиясының бастығы міндетін атқарды. 2012 жылғы қаңтардан бастап Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Соғыс пен бейбітшілікті қатар көрген қайсар да қаһарман тұлғаның кейінгі жастарға айтар ақылы да, ақсақалдық ақ тілегі мен батасы да таусылмақ емес. – Адам қанша батыр болса да өмір сүргісі келеді. Біздің кешегі Райымбек, Қабанбай бабаларымыз қылыштың жүзінде басы тұрса да қорықпай, ел жолында ерлік көрсетіп, біздің осы күнге жетуімізге жол салып берді. Ал солардың бүгінгі ұрпақтарының ер болмасқа шарасы жоқ. Сондықтан жастар бабаларымыздың ерлігін елеп, санасына бір уақ тоқып жүрсе, онда біздің жеткен жетістігіміз сол болмақ. Менің мамандығым – елді қорғау, антты орындау. Мен мамандығыма адал болған адаммын,–деді Бақытжан Ертаев. Соңғы кездері «жігіттің көбі әскерге жарамсыз» немесе «әскерге барғысы келмейді» деген сыңайлы әңгімелер жиі айтылып жүр. Жастардың Отан алдындағы борышын өтеуге құлықсыздық танытуының себебін мамандар жастайынан ерлік рухпен сусындап өспегенімен байланыстырады. Ал Бақытжан Ертаевтай антына адал, қаһарман тұлғалардың өнегелі өмір жолы жастарға үлгі өнеге бола алады. Елім деген ерлердің ерлігіне еліктеп өскен ұлдан ынжық ұлан шықпайды. – Қазіргі кезде ұлттық рухты оятып, жастардың бойындағы елжандылық, отансүйгіштік, туған жерге, мемлекеттік тілге деген құрметті қалыптастыру үшін біз Бақытжан Ертайұлы секілді азаматтардың ерліктерін дәріптеу керекпіз. Сонда ғана Қазақстан әскерінің қамалы мықты, жанары отты болады. Бақытжан Ертаев ағамыз өзі де бір сөзінде: «Менiң тұжырымым – әрбiр ер бала әскер мектебiнен өтуi тиiс! Не үшiн? Әскер – ең алдымен тәртiп» деп айтқан болатын. Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды!» деген ұлы сөзі тағы бар. Міне, мұның бәрі біздің жастарымыздың тағылым алып үйреніп, тәрбиесіне сіңіретін рух болуы тиіс. Сол арқылы олар ұлтының батырлығына тағзым етіп жүрмек, – дейді «Рухани жаңғыру» жобалық офисінің басшысы Ринат Нұрақбаев. Жуырда ғана еліне елеулі Ертаевтың 70 жасқа толған мерейтойына орай өткен басқосуда жалындаған жастар көп болды. Сол жастарға қарап нағыз тәуелсіздіктің исін сезіп, көзіміз сүйсініп, көңіліміз тоғайғаны да шындық. Әрине, «бір биеден ала да туады, құла да туады» демекші, ұлт болғасын ішінде есері де, естісі де болады. Алайда сол естілердің тектілерден үлгі алып, ұрпақ сабақтастығын жалғауы да бір ғанибет. Кейде қазіргі жастарды өзіміздің артық кінәлап жүргенімізді сезінгенде бетің ду ете қалатыны да бар. Қанша айтқанмен де жастар тәуелсіздіктің көгершіндері. Олардың бойында бәрібір өткенге деген өкініштен гөрі болашаққа деген үміт көп. – Мен Бақытжан Ертаев сияқты ерлігі аңызға айналған тұлғалардың тауқыметті тағдырын естігенде «Біз, жастар қандай бақыттымыз» деген ойға келемін. Себебі, әрбір халықтың туабітті жанашыр тұлғасы болады. Қаншалықты уақыт зырғып өтсе де, ғасырларды еңсергенмен ол жарқын болмыс иелерінің ұлық ой-танымдары ұлттың ен-таңбасы секілді ой-санаға дендей қонып, жалпы адамзаттық құндылыққа ұласады. Әрине, дәл қазіргі күллі қоғамдық ой-сана ақпараттық технологияның құлақкесті құлына айналып бара жатқан заманда, жасанды интеллектіге ентелеген ғылым дамуының тарихын бастан кешіріп отырған жағдайда рух тынысын кеңітетін кәусар дүниені адамның тәні емес, жаны аңсайды. Сол аңсар сезімнің шөлін қандырып, рухани нәрлендіретін бұлақ көздерінің тұма бастауларының бірінде Бақытжан Ертайұлының шыңы тұр деп есептеймін. Бақытжан Ертаев атамыздың ерлігі кейінгі жастарға өлмес өнеге. Қазіргі біздің жастар ол кісінің бойындағы тасыған ұлттық рухтан үйренсе, ол сөзсіз ертең ұлтының қорғанына айналатына да мен сенемін. Мысалы, атамыз бір сөзінде «Менің елімнің мұнар тауы көп, мен соның тасы шығармын, менің елімнің көлі көп, мен соның тамшысы шығармын, менің елімнің орманы көп, мен соның талы шығармын», дейді немесе «Мен Отан үшін бірінші күні сапқа тұрдым, мен елімнің солдатымын және Отан бұйрығын орындаймын», деп айтқан сөзінің өзі жастардың бүгінгі ұранына айналса қандай ғажап болар еді,– дейді жас ғалым Көркемжан Қанат. Міне, осындай жалындаған жастар тұрғанда елім деген ерлердің еңсесі мәңгі биік болатынана сенім кәміл. Демек жаңа Қазақстанның жаңа бағытта ойланатын жастары мен жаңа буынның жаңа көзқараспен жаңалыққа ұмтылып жарамды адам болуға деген талпынысы қуантады бізді қашанда.

Шапағат ӘБДІР