Депутат Жаңа жылды Наурызда тойлауды ұсынды
Депутат Жаңа жылды Наурызда тойлауды ұсынды
Депутаттық сауал Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа жолданды. Әли Бектаевтың пікірінше, Жаңа жыл мерекесі қазақстандықтардың қалтасына салмақ түсіреді.
Жаңажылдық сыйлық іздеп сабылып жүрген адамдардан сауда орталықтарында аяқ алып жүре алмайсың. Бағасы шарықтаған балалар ойыншықтарының басым көпшілігі шетелден келетінін, шетелдің дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, тілін, ділін, дінін насихаттайтынын да жақсы білеміз. Ұжымдық корпоративтерді талдамай-ақ қояйық. Дегенмен жаңажылдық іс-шараларда ысырапшылдық пен даңғазалық басым болып бара жатқаны анық», - деді сенатор. Ол Тәуелсіз Қазақстанда Жаңа жылды мерекелеудің ерекше идеологиялық негізін қалыптастыратын уақыт келді деген пікірде. «Қазақстанда 3 мың жылдық тарихы бар Наурыз мейрамы терең дәстүрге енуі керек. БҰҰ Бас ассамблеясының қарарына сәйкес, халықаралық дәреже алған, ал UNESCO шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген Наурыз мейрамы – халқымыздың қанына сіңген, жанына жақын, рухына лайық мереке. Ел ішінде Наурыз – Ұлыстың ұлы күні, жыл басы, күн мен түннің теңелген күні деп айтылады», - деді Әли Бектаев. Оның айтуынша, бұл күні бабаларымыз араларына жік түскен адамдарға бір дастарханнан дәм таттырып, табыстырған, жалғыз-жарым жандарды үйлендіріп, жеке отау еткен.
Депутат Наурыз мейрамын дәріптеуге ықпал ететін жалпыұлттық тұжырымдама қабылдауды да ұсынды. «Елімізде балабақшадан бастап, барлық оқу орны мен еңбек ұжымында, әрбір отбасында Наурыз мерекесін дәріптейтін, дәстүрге енгізуге мұрындық болатын, әр азаматтың санасына сіңдіре білетін жалпыұлттық концепция қабылдау керек. Наурыздың көл-көсір дастархан жасап, жүздеген киіз үй тігіп, ысырапшылдыққа жол беретін мейрам емес, яғни әр отбасына, әр ауылға, әр өңірге рухани нәр беретін жаңашыл мерекеге айналуы қажет. Оның тарихын, рухани құндылығын, әр дәстүрінің символикалық мәнін, ізгі амалдарының тәрбиелік мағынасын, татулық пен бірліктің негізін зерттейтін, қалың бұқараға жеткізетін ғылыми орталық қалыптастыру маңызды», - деді Әли Бектаев. Сондай-ақ ол жыл қорынтыдысын наурызда шығару керектігін жеткізді.