Тура жолдан таймайық!
Тура жолдан таймайық!
Экстремизм мүшелері көздеген мақсаттарына жету үшін ешнәрседен қаймықпайды. Тіпті өздерін құрбан етуге әзір. Осылайша күш, қару қолданып және заң мен наным-сенімдерді аяққа таптап, дін атын жамылып, діттегендеріне жетуге тырысады. Өзі үшін бөгде пікірде саналатындарды түрлі амал-айлалармен арандатуды ойластырады. Экстремизм діндегі жеңілдеткен үкімдерді ауырлатып көрсетіп, халыққа түймедейді түйедей етіп жеткізуге тырысады. Пасық пиғылды адамдардың өңмеңдеп арамызды арандатқаны, мұсылмандық адал, таза тіршілікті лайлауға барынша тырысып баққаны жасырын емес. Сол ағымдардың алдауына, азғыруына көніп, солардың қармағына ілінген қаракөз бауырларымызды ойласам, өзегіме өрт түскендей өкінішті сеземін. Діни сауатсыздық пен рухани дүниенің таяздығы – теріс діни ағымдардың жетегінде кетуге бірден-бір себеп. Келешек қоғамның алтын тірегін сақтап қалу керек болса, ибалы, иманды адам сол тіршіліктің алтын тірегіне айналсын демекпін. Өз ойымды бүгінгі қоғамымыздың дертін дөп басар ұлт зиялысы, ел жанашыры Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ!» атты өлеңінің мына бір жолдарымен қорытындылағым келеді. «Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты, Өткізбей қараңғыда бекер жасты. Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп, Қарағым, енді жату жарамас-ты!»
Жанна ҚАДЫРҚҰЛОВА, дін проблемаларын зерттеу орталығының Мойынқұм ауданы бойынша инспекторы