Әскери отбасының әңгімесі бөлек
Әскери отбасының әңгімесі бөлек
Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген аталы сөз бар. Мұзафар да жас күнінен көрген тәлім-тәрбиесінің арқасында ата жолын қуып, әскери қызметші боламын деп нық шешім қабылдайды. Ол мектеп бітірмей жатып-ақ туған жері Шымкенттегі әскери комиссариатқа келіп, әскери училищеге түсуге құжат тапсырады. Атасы немересінің таңдауына риза болып, әскери істерде толағай табыстарға жетуін тілеп, ақ батасын береді. – Адам өміріне азық болар өмірде екі нәрсені таңдауда қателеспеуіміз керек. Оның біріншісі – жар таңдау, екіншісі – мамандық таңдау. Бұл сөз халық арасында бұрыннан бар. Атам Қоршы да осы нақылды үнемі санама құйып отыратын. Сондай-ақ атам нақты шешімге келген соң «Таңдауыңа адал бол» дейтін. Үлкендердің көрген-білгендері ешқашан қате болмаған. Өйткені осы екеуінің бірі сенің өмір бойғы сүйенішің болса, енді бірі сенің өмір бойғы азығың. Бұл екеуінің өзі – өмір. Сондықтан атамның бұл өсиетін әрқашан жүрегімде сақтаймын. Мен үшін қызмет пен отбасы – өмірдің ең маңызды бөлігі, – дейді Мұзафар Расулов. Шынында да күні ертең «барлығын басқаша істегенімде болар еді» деген өкініш өзегіңді өртемес үшін дұрыс таңдау жасай білу аса маңызды. Оқуға түсер тұста Мұзафар өзінің түйсігіне сенді. Жақындары оған армия генералы В.Д.Дубинин атындағы Рязань әскери автомобиль институтына оқуға түсуге кеңес берді. Жас жігіт тамаша ұсыныстан бас тарта алмады. Рязаньға барса, үйінен және ата-анасынан жырақтауға тура келерін жақсы түсінді. Содан да «әскери мамандық алып, офицер болсам» деген құштарлығы басым Мұзафар туған өлкесінен алыстауға іштей дайын болды. Әскери училищені бітіргеннен кейін жас офицер бір ай Шымкентте отбасының қасында болып, алаңсыз демалып, сағынышын басты. Мұзафардың қызметтік жолы Тараз қаласында басталды. Жас маман «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы командалық-штабтық машиналар взводының командирі қызметіне тағайындалды. Қызметке орналасқанына ай өтпей жатып кейіпкеріміздің тағы да тағдырлы шешім қабылдауына тура келді. Алғашқыда ойы он саққа бөлініп, біржақты шешім қабылдай алмай басы қатады. Нақтырақ айтсақ, оқудан жаңа оралып, Шымкентте демалыста болған кезде ол Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенті Маликамен танысып, оған бір көргеннен ғашық болып қалады. Осы тұста тағы да атасының «Әрқашан жүрегіңнің үнін тыңда» деген сөзін есіне алды. «Қуанышты сәттерде, қиын кезеңдерде қасымнан табылып, қолдау білдіретін өмірлік адал жар, болашақ балаларымның анасы осы қыз» деген сенім жүрегіне ұялады. Осылайша көп созбай қызға сезімін ашық айтып, отбасын құруға ұсыныс білдіреді. – Медициналық академияда оқып жүргенде бар уақытымды білімге арнайтынмын. Шынымды айтсам, жеке өмірім туралы ойлауға уақыт болмайтын. Сондықтан тұрмыс құру туралы ұсыныс санамды сан саққа жүгіртті. Бірақ Мұзафар өзіне не керек екенін білетін азамат, әскери қызметінде абыройлы жігіт. Сондықтан оның отбасына деген құрметі айрықша болатынын сездім. Жолдасымның қасында жүріп көзім жеткені, әскери қызметкерлер – абыройды бәрінен де биік қоятын жандар, – дейді Малика Расулова. Маликаның отбасылық өмірден бақыт пен жайлылық табамын деген үміті ақталды. Шаңырақ көтергеннен соң алғашқы уақытта жас келін үшін өмірлік серігінің туыстарының қасында жалғыз қалуына тура келген жағдайлар болды. Себебі Мұзафар көп ұзамай Тараздағы қызметіне оралды. Малика Шымкентте қалды. Өйткені ол медициналық академиядағы оқуын жалғастырды. Сондай-ақ күйеуінің Шымкент гарнизонына ауысу мүмкіндігі бар еді. Алайда тұңғыш перзентінің дүниеге келуіне байланысты Мұзафардың қызмет ауыстыруы кейінге қалды. Тимур – жас отбасының тұңғыш ұлы ғана емес, екі жақтың да тұңғыш немересі. Содан да ерекше махаббат пен қамқорлыққа бөленіп өседі. – Жұбайыммен үнемі байланыста болдық. Ол Шымкентке демалыс және мереке күндері ғана келетін. Мұзафар Таразда қызметте болғанда ата-енем, қайынсіңлі, қайныларым менің қас-қабағыма қарап, қамқорлық танытып жүрді. Күйеуімнің қарындасы, қайынсіңлім Динара екеуміз жақсы дос болып кеттік. Жалпы айтқанда, мен өзімді жалғыз сезінбедім. Оның үстіне ата-анам жақын жерде тұратын, – дейді кейіпкеріміздің жары. Тұңғыштары Тимур бір жарым айлық болғанда Малика ұлымен Таразға келіп, жас отбасы жеке өмір сүре бастады. Мұзафар қызметін абыроймен атқарды. Ұлы өскен соң Малика да жұмысқа орналасты. Фармацевт мамандығын тәмамдаған ол «Дәрілік заттарды сараптау және қауіпсіздікті бағалау» ұлттық орталығының Тараз филиалына жауапты қызметке тұрды. Көп ұзамай Мұзафар Гвардейский гарнизонның артиллериялық бригадасына автомобиль қызметінің бастығы болып тағайындалды. Жас отбасы Қордайға қоныс аударады. Дәл осы кезеңде олардың екінші ұлдары Сұлтан дүниеге келеді. – Екі ұлым дүниеге келгенде арқама қос қанат біткендей болды. Жұмыста жүргенде екі періштемді сағынып, үйге асығып жететінмін. Шаңырағыңда жан жарың, перзентің күтіп отыр деген ой жаныңды жылытып, жігерлендіре түседі, – деп сезімін жеткізді М.Расулов. Офицерлердің бір гарнизоннан келесі гарнизонға көшіп-қонып жүруі қалыпты жағдай. Бір қызығы, қызмет бабымен орын ауыстыру кезеңі Расуловтар отбасы үшін тиімді уақытқа тұспа-тұс келетін. Қордайда жүрген Мұзафар жаңа қызметке тағайындалып, қайтадан Тараз қаласына қайтып келеді. Гвардейский гарнизонына кетер сәтте екінші сәбиіне аяғы ауыр Малика бала күтіміне байланысты еңбек демалысын алған еді. Жолдасының қызметі тағы да ауысып, Таразға оралған кезде еңбек демалысы аяқталып, жұмысын жалғастырады. Майор шенін алған Мұзафар болса, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының автокөлік қызметінің офицері қызметіне тағайындалды. Құстың қос қанатындай бір-бірін демеп келе жатқан отбасының бірлігі жарасқан. Бірі әскери көлік жайлы көп мағлұмат білсе, бірі дәрі-дәрмек туралы ақпаратқа қанық. Сәні мен әні келіскен шаңырақтың тұңғышы Тимур әке жолын қуып әскери саланы таңдайтын секілді. Он жастағы жас өрен қазірдің өзінде әскери көліктер туралы кез келген сұраққа қиналмай жауап бере алады. Ал екінші ұлдары – жеті жасар Сұлтан болса, әскери тақырыпқа емес, медицинаға қатысты айтылған әңгімеге жиі қызығушылық танытады екен. Балалардың жас ерекшеліктерін ескере келе, нақты шешім шығаруға әлі ерте, әрине. Бір-бірінің жеке өміріне қол сұқпайтын, әрқайсысы сүйікті ісімен айналысатын, ерлі-зайыптылардың мүддесі ортақ отбасында әрқашан махаббат пен өзара құрмет салтанат құрады. Мұзафардың шаңырағы да шаттығы шалқыған, ынтымағы жарасқан жанұялардың қатарында. Қызметінде абыройлы азаматтың отбасында да беделі биік. Кейбір ер-азаматтардың «ұрпағымды жалғастырушы, мұрагерім» деп ұлды аңсайтынын көзіміз көріп жүр. Алайда шаңырақ көтергелі бері Мұзафар өмірге кестетігердің келуін асыға күткен екен. Отағасының тілеуі қабыл болып, 2022 жылдың сәуірінде шаңырақ құрғандарына он жыл толған отбасында Томирис есімді қыз бала дүниеге келді. Кішкентай ханшайымның туған жері – әкесі қызмет ететін, анасы жұмыс істейтін Тараз қаласы. Қызын шыдамдылықпен күткенінің марапатындай, сол жылы майор Мұзафар Расуловтың лауазымы жоғарылап, «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы техникалық қамтамасыз ету бөлімінің автокөлік қызметінің бастығы болып тағайындалды. Достары бұл отбасының өміріндегі кез келген оқиғаның тұрмыс-тіршіліктеріне кедергі келтірмей, керісінше гарнизоннан-гарнизонға ауысу өздеріне тиімді уақытқа сәйкес келетініне таңданыс білдіреді. Осындай сәтте Мұзафардың жары: «Өмірлік серігімді таңдаудағы шешіміме ешқашан өкінген емеспін. Мұзафар – тамаша жар, ұлағатты әке. Әскери қызметкердің әйелі ретінде мен күйеуімнің соңынан кез келген гарнизонға баруға дайынмын», деп жымия үн қатады. Мұзафарды әріптестері қызметін жауапкершілікпен атқаратын маман ретінде жоғары бағалайды.
Ақтоты Жаңабай