Әлеумет

Қолайлы орта қалыптасып келеді

Қолайлы орта қалыптасып келеді

Мүгедектігі бар азаматтар үшін қоғамда қолайлы орта қалыптастыру, оларды әлеуметтік жағынан сауықтыру, стационарлық жағдайда әлеуметтік қызмет көрсету – мемлекет үшін маңызды міндет. Бұл тұрғыда қолға алынған шаруалар Мойынқұм ауданында жүйелі жүзеге асып келеді. Бүгінде аудан бойынша 755 мүмкіндігі шектеулі адам бар болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар бала саны – 112, ал 18 жастан асқан мүгедектігі бар азаматтар – 643.

Мүгедектігі бар адам санатындағы тұрғындар саны аудан халқының 2,3 пайызын құрайды. Жалпы мүгедектігі бар адамдар мен мүдделі топтарға жататын азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету мәселесіне келсек, өткен жылы Жеңіс күні мерекесіне орай Ауған соғысының 18 ардагеріне 2 миллион 700 мың теңге, Ауған-Тәжік шекара қақтығысына қатысқан 7 адамға 1 миллион 50 мың теңге, Чернобыль апатына қатысушыға 450 мың теңге, Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің 7 жесіріне, 17 тыл еңбеккеріне 1 миллион 200 мың теңге, Семей полигонына қатысушы 3 азаматқа 450 мың теңге, қызметтік міндеттерін атқару кезінде жараланған, контузия алған, мертігу салдарынан мүгедек болып қалған 2 адамға 200 мың теңге, Тәуелсіздік күні мерекесінде 1 тұрғынға 150 мың теңге төленіпті. Аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Самат Тынышбеков ауданда мүгедектігі бар азаматтарды бейімдеуді және оларды қолдауды қамтамасыз ету ісі жүйелі жүргізіліп келе жатқанын айтады. – Ауданда мүгедектігі бар азаматтардың еңбек қызметінде жұмыспен қамтылу деңгейін арттыру мақсатында да атқарылып жатқан шаруа ауқымды. Мүгедектігі бар адамдардың мемлекет тарапынан грант алып, кәсіппен айналысуы, әлеуметтік реаблитация арқылы олардың өмір сапасын жақсарту назардан тыс қалған емес. Сонымен қатар жалпы тұрғындардың осал тобына жататын кез келген санаттағы азаматтарға да әлеуметтік қамсыздандыру аясында тұрақты қолдау көрсетілуде. Мысалы, былтыр туберкулезбен ауыратын 25 азаматқа қуатты тамақтануға ай сайынғы әлеуметтік көмекке 5 миллион 351 мың теңге төленді. Осы аурумен ауыратын 13 азаматқа біржолғы әлеуметтік көмек, яғни 1 миллион 142,3 мың теңге берілді. Қатерлі ісік ауруына шалдыққан 38 азаматқа 3 миллион 477,5 мың теңге әлеуметтік көмек көрсетілді. Жекелеген санаттағы табысы төмен 1 азамат біржолғы 69 мың теңге әлеуметтік төлем алды. Жан басына шаққандағы орташа табысы екі айлық күнкөріс деңгейінен аспайтын, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балалары бар 25 отбасыдағы 35 балаға ай сайын бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (АЕК 3450 теңге) әлеуметтік көмек ретінде 379,5 мың теңге төленді. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған немесе пробация қызметінің есебінде тұрған 10 адамға 453,4 мың теңге көлемінде әлеуметтік көмек ұсынылды. 2023 жылы ауылдық жерде тұратын әлеуметтік сала мамандарына отын сатып алуға 2 140 адамға (3450 х 5 = 17 250) 17 250 мың теңгеден 36 миллион 915 мың теңгеге дейін әлеуметтік көмек берілді. Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекке келер болсақ, өткен жылдың 4 тоқсанына күнкөріс деңгейі 48 980 теңгенің 70 пайызын құрайтын кедейшілік шегі 34 286 теңгені құрады. Осы ретте атаулы әлеуметтік көмек тағайындау және төлеуге 33 миллион 358 мың теңге қаралып, оның ішінде республикалық бюджеттен 26 миллион 954 мың теңге, жергілікті бюджеттен 6 миллион 404 мың теңге бөлінді. Осы жылдың 1 қаңтарына 85 отбасының 477 мүшесіне 33 миллион 358 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толығымен төленді. Өткен жылдың 1 қаңтарына 81 отбасының 465 мүшесіне 31 миллион 528,5 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, толығымен төленген болатын. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың ішінде 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдік берілген әлеуметтік топтаманы 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап заттай түрден монетизациялау (ақшалай) түріне ауыстырылды. Оған республикалық бюджеттен 5 миллион 258 мың теңге бөлінді. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында мектепке дейінгі жастағы 137 балаға атаулы әлеуметтік көмекке қосымша ай сайын 1,5 АЕК (5 175 теңге) ретінде 5 миллион 258 мың теңге төленді. Ал бұрнағы жылдың қаңтар-желтоқсан айларының жағдайымен атаулы әлеуметтік көмек алушы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 116 бала кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтылған еді. Мүгедектігі бар адамдарды қажетті арнайы оңалту құралдармен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы республикалық бюджеттен 21 миллион 626 мың теңге, облыстық бюджеттен 19 миллион 075 мың теңге және жергілікті бюджеттен 20 миллион 293 мың теңге, барлығы 60 миллион 994 мың теңге қаржы бөлінді. Ол қаржыға мүгедектігі бар азаматтарды сурдотехникалық, тифлотехникалық құралдармен, кресло-арбамен, протез-ортопедиялық көмекпен, компенсаторлық, гигиеналық құралдармен және санаторлы-курорттық емделумен қамтамасыз ету көзделген болатын. Бұл іс тиісті деңгейде атқарылды, – деді Самат Тобабергенұлы. Осы жылдың 1 қаңтарына мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік оңалту құралдарымен қамтамасыз етуде, яғни мұқтаж 265 мүгедектігі бар адамнан 466 техникалық оңалту құралдарына өтініш түскен екен. Қазіргі таңда 466 техникалық оңалту құралы үлестірілген. Ол үшін республикалық бюджеттен 21 миллион 626 мың теңге, облыстық бюджеттен 19 миллион 75 мың теңге және жергілікті бюджеттен 20 миллион 293 мың теңге, жалпы барлығы 60 миллион 994 мың теңге қаржы жұмсалыпты. Жеке оңалту бағдарламаларының әлеуметтік қызметтер ұсыну порталында орындалуы 100 пайызды құраған. – Мүгедектігі бар азаматтарға үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетудің де маңыздылығы айрықша. Үйден арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуге жергілікті бюджеттен 14 миллион 013,3 мың теңге қаржы қаралып, былтыр жыл басынан бері мүгедектігі бар 37 адамға үй жағдайында арнаулы әлеуметтік қызмет түрі көрсетілді. Тірек қимылы бұзылған және психоневрологиялық ауытқуы бар балаларға сыйымдылығы 12 төсектік шағын үй жұмысы жандандырылды. Оған аудандық бюджеттен сол жылға 30 миллион 489 мың теңге қаражат қаралып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жамбыл олысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігі жеңімпаз атанып, бүгінгі күні 12 балаға қызмет көрсетті. Мүмкіндігі шектеулі жандарға инватакси қызметін көрсету үшін жергілікті бюджеттен 10 миллион 500 мың теңге қаралып, «Шапағат» корпоративтік қоры ауданның 15 елді мекеніндегі мүмкіндігі шектеулі 44 адамға өз қызметін ұсынды. 2023 жылға үйден оқытылатын 14 мүмкіндігі шектеулі балаларға қалам-қағаз секілді оқу құралын сатып алуға 615 мың теңге бөлініп, 614,1 мың теңгесі 12 айдың қорытындысымен игерілді. Өткен жылы жұмыс орындарын ашу, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту бойынша да жоспарлы жұмыс атқарылды. Мойынқұм ауданы бойынша өткен жылға 2 080 жаңа жұмыс орнын ашу белгіленген болатын. Оның ішінде 1 322 тұрақты, 758 уақытша жұмыс орнын ашу көзделген еді. Былтырғы жылдың 12 айында аудан бойынша 2 591 жұмыс орнының межесі орындалды. Оның ішінде тұрақтысы – 1 797, уақытшасы – 794. Барлық азаматтар қоғамдық, әлеуметтік жұмыс орындары және «Жастар тәжірибесі» секілді бағдарламалар мен басқа да жобалар аясында жұмысқа тартылды. Осы ретте мүгедектігі бар азаматтарды да жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жүйелі жүргізілгенін атап өткім келеді. 2023 жылға 15 мүгедектігі бар азаматты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту белгіленіп, ол артығымен орындалды. 2024 жылдың 1 қаңтарына 62 мүгедектігі бар адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, жұмысқа орналасты. Олардың 29-ы тұрақты жұмысқа орналасып, 33-і уақытша жұмыспен қамтылды. Уақытша жұмыспен қамтылғандар ішінен 21-і ақылы қоғамдық жұмыстарға, біреуі әлеуметтік жұмыс орындарына, үшеуі маусымдық жұмыс орнына (от жағушы) жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» бойынша – 1, «Күміс жас» жобасы аясында – 3, «Жастар тәжірибесі» арқылы да 3 адам жұмысқа тұрып, біреуі «Бастау Бизнес» жобасының жемісін көрді, – дейді Самат Тынышбеков. Мойынқұм ауданында мүгедектігі бар адамдардың тәуір тұрмыс кешуіне, олардың спортпен тұрақты айналысуына, білім алуына, қоғамдық ортаға кірігіп, белсенділік танытуына, заңды құқықтарының қорғалуына, кез келген нысанға өзгенің көмегінсіз емін-еркін кіріп-шығуына, оңалту орталықтары арқылы ем-дом алуына барынша жағдай жасалуда. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтардың кез келген нысанға емін-еркін кіріп-шығуы маңызды. Бұл ретте халықаралық келісімдер аясында жүзеге асырылып отырған шаруалар мен ерекше қажеттілігі бар азаматтардың тұрмыс сапасының жақсаруына бағытталған мемлекетіміздің жүргізіп отырған саясатын атап өткен жөн. Оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру барысында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында атап көрсетілген «Кедергісіз келешек» жобасының да тигізіп отырған көмегі зор. Осыған сәйкес Мойынқұм ауданында халықтың қимылы шектеулі топтары үшін инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 5 жылға 72 нысанды бейімдеу жоспарланыпты. Мәселен 2021, 2022, 2023 жылға – 14 нысаннан 42 нысан, 2024-2025 жылдарға – 15 нысаннан 30 нысанды бейімдеу қажет болған. Қазіргі таңда тиісті нысандар ретімен бейімделуде. Оның ішінде өткен жылдың 29 желтоқсанына 14 әлеуметтік нысанға 7 миллион 87 мың теңге қаржы көзі қаралып, бейімдеуден өткен. Атап айтатын болсақ, Жамбыл, Ақбақай, Қызылтал, Биназар ауылдық округтері әкімінің ғимараттарына, аудан әкімінің ғимаратына, Бірлік ауылындағы Желтоқсан клубы, М.Жұмабаев орта мектебі, Т.Рысқұлов тірек мектебі ғимараттарына бейімдеу жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ Жамбыл мектеп-гимназиясының, Ә.Төлепбергенов атындағы мектептің, Амангелды атындағы, Б.Момышұлы атындағы, Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептердің ғимараттары, «Казпошта» акционерлік қоғамының аудандық филиалының ғимараты бейімдеуден өтіпті. Мүгедектігі бар адамдардың денсаулығын қалпына келтіру, олардың өмірдегі, қоғамдағы жеке азаматтық тұлғасына құрметпен қарау, әлеуметтік мәртебесін ескере отырып мәселесін шешу жұмыстары Мойынқұм ауданында тиісті деңгейде атқарылуда. Ерекше қажеттілігі бар адамдарға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек көрсету, жұмысқа жарамдыларын еңбекпен қамту, кәсіп ашу немесе қоғамдық жұмыспен айналысуына жағдай жасау барысындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді.

Нұрым Сырғабаев