«ӘРБІР ӨРТСӨНДІРУШІ ҚАҺАРМАН...»
«ӘРБІР ӨРТСӨНДІРУШІ ҚАҺАРМАН...»
Сан қырлы Сахи Сахи Абдразақов 1965 жылы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында, яғни Сыр сүлейлері шыққан өңірде дүниеге келген. 1992 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын, ал 2008 жылы Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетін тәмамдаған. Жастайынан «Сыр елі – жыр елінің» ақын-жырауларының ән, жыр, термелерін құлағына сіңіріп өскен ол өзі де шығармашылықтан құралақан емес. Әкенің қанымен, ананың сүтімен бойына дарыған қасиетті өнерін Сахи Әбілқайырұлы әрдайым жүрген ортасында дүйім көпшілікке жария етуден жасқанған емес. Туа біткен ақындық қасиетімен қатар, көңіл қошы келгенде жиын-тойларда баянмен ән салып, қазақтың қара домбырасымен күмбірлете күй шертетін қасиеті де жұртшылыққа бұрыннан белгілі. Ал дүбірлі тойды жоғары деңгейде жүргізетін асабалық қыры өз алдына бір төбе. Қазіргі уақытта Сахи Әбілқайырұлы «Тапқырлыққа саяхат», «Сиқырлы әріптер», «Өмір жаңғырығы» секілді бірнеше кітаптың авторы. Сондай-ақ қолы қалт еткенде кроссворд құрастыру оның күнделікті әдетіне айналған. Ал аталған кроссвордтары облыстық «Aq jol» газетінде жарияланып келе жатқандығына бірнеше жылдың жүзі болды. Бүгінде Сахи Әбілқайырұлы облыстық төтенше жағдайлар департаментінен азаматтық қорғау подполковнигі шенінде зейнет демалысына шыққан. Кейіпкеріміз құрметті зейнеткер атанса да одан әрі халық игілігі үшін қызмет атқару мақсатында облыстық өрт сөндіру қызметінің басқарма аппаратында құжаттамалық қамтамасыз ету тобында азаматтық қызметші ретінде қызметін жалғастыруда. Сахи Әбілқайырұлы – облыстық төтенше жағдайлар департаменті «ӨСжәнеАҚЖҚ» мекемесі құжаттамалық қамтамасыз ету және мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің бастығы, өртке қарсы қызмет подполковнигі. Ол мекемеде қолданылатын іс-қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне өз үлесін қосып келеді, сондай-ақ департамент бойынша өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыруға белсене атсалысады. Қолы қалт етсе болды, қаламын алып өлең жазады, ұлттық аспаптарда ойнайды. Өлеңдерінің көбі патриоттық тұрғыда жазылады. Облыстық, қалалық газет беттерінде жүректен шыққан өлеңдері әрдайым жарияланып келеді. «Пожарный-спасатель» журналында да «Төтенше жағдай жігіттеріне», «Погон таққан нәзік жандар» атты өлеңдері жарық көрген. Ол «Еліміздің жалауы» атты туындысында: «Халқымыздың орындалып қалауы, Айналаға нық сеніммен қарауы, Егемендіктің белгісі осы емес пе, Биік тұрса еліміздің жалауы. Егемендік – еркіндігі елімнің, Бойында бар ар-намысы ерімнің. Жарасып-ақ тұрады жігер беріп, Көк байрағым серті болған сенімнің. Спортшының қай кезде де тірегі, Жарыстарда көк ту алда жүреді. Бәйге алынып, көтерілсе жоғары, Намысшының ел деп соғар жүрегі. Біз қашанда елімізбен мақтанамыз, Ұлт үшін үлкен істер атқарамыз. Бітірсек те қиын істі ебін тауып, Бір жағынан өзді-өзіміз сақтанамыз. Төрімізде тұрса мәңгі Құранымыз, Ар-иман ауыздығы – ұранымыз. Жас ұрпаққа үлкендер айтып жүрсе, Ұлтжанды боп өсері хақ, ұланымыз», деп Мемлекеттік Тудың маңызына мән береді. Оның «Батыр тұлға Бауыржан» секілді тағы да басқа өлеңдері жас ұрпақтың патриоттық рухта тәлім алуына үлкен үлес қосатыны сөзсіз. Осындай өнер иелерінің арамызда жүргені біз үшін үлкен мәртебе. Әлі де келер ұрпаққа бергенінен берері мол осындай ағаларымыздың бұдан былай да талай өлең-жырлары дүниеге келетініне сеніміміз мол. Осыған байланысты біздің де өз тарапымыздан айтарымыз бар. Ол біз мақала арасында атап өткен – «Еліміздің жалауы» секілді сиясы кеппеген өлең-жырлары көп болсын демекпіз. Үздік рекорд иесі Айдын Акипбаев 1990 жылы Байзақ ауданының Көкөзек ауылында дүниеге келген. Т.Ақбозов атындағы орта мектепті аяқтаған соң 2008 жылы Тараз Мемлекеттік университетінің денешынықтыру факультетіне оқуға түскен. Айдын спорттың жеңіл атлетика түрі бойынша облыстық, республикалық спорттық жарыстарға белсене қатысқан. Қазақстан Республикасы бойынша чемпион атағын да иеленіп, жүлделі орындардан көрінген. 2012-2013 жылдар аралығында Қапшағай қаласындағы десанттық шабуылдау бригадасы қатарында Отан алдындағы борышын өтеген. Ол әскер қатарында жүріп те алдына жан салмайтын желаяқтығымен танылып, түрлі жеңіл атлетика бойынша жарыстарға белсенді қатысып, тіпті жауынгерлік киіммен жүгіріп, әскери бөлімдер бойынша рекорд орнатқан. Түрлі сипаттағы ұшақтардан 800-1000 метр биіктіктен арқасына ілген зілдей қару-жарағымен 3 рет парашюттен секіру арқылы сынақтан өтіп, өзінің мықтылығын дәлелдеген. Әскерде мергендер арасында сайыс ұйымдастырылып, сол жарыста жеңімпаз атанып, он күнге үйіне демалысқа да келіп кеткен. Кейін әскерден келген соң, яғни 2015 жылы Тараз қаласындағы жедел-құтқару жасағына жұмысқа орналасқан. Айдын мұнда құтқарушы болып орналасқалы бері сан мәрте адамдардың өмірі мен құнды мүліктерін төтенше жағдайлардан қорғау жолында аянбай еңбек етіп келеді. Суда құтқарушы лауазымында қызмет атқарған ол 2017 жылы шомылу маусымы кезінде Зербұлақ көлі аумағында шомылып жүріп, суға батып кеткен бір жігітті құтқарған. Оны судан шығара салысымен тағы бір қыз баланың да суға батып кеткенін естіп, судың астындағы балдырға оралып қалған қызды сыртқа алып шығады. Оған қолдан тыныс алу алғашқы көмегін көрсетіп, қыздың өкпесіне кеткен суын сыртқа шығарып, өмірін сақтап қалған. Ол өткен жылдың желтоқсан айында Қордай ауданы, Қордай асуы маңында дүлей қарлы боран болып, жолда автокөліктер мен автобустар қар құрсауында қалып қойғанда да азаматтығын көрсетті. Нақты айтқанда, ауа температурасының төмендеуіне байланысты көлік ішіндегі адамдардың аяздан үсіп кету қаупі туындайды. Дәл осы кезеңде құрамында Айдын секілді кілең «сен тұр, мен атайын» дейтіндей батыл да білекті жігіттер шақырту орнына жедел жетіп, мыңдаған жанды жақын маңдағы жылыту пункттеріне жеткізумен айналысты. Қар астында қалған көліктерді аршып, техникаларды жол табанына салып, халықтың алғысын алды. Бүгінде халық игілігі жолында одан әрі жемісті еңбек етіп жүрген Айдын секілді өз ісінің майталман мамандары барда біздің болашаққа деген сеніміміз зор болмақ. Антына адал қызметкер Қордай ауданы, Отар ауылы №17 өрт сөндіру бекетінің бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Қуаныш Сматов 1991 жылы 24 желтоқсанда дүниеге келген. Әкесі Теңізбай бірнеше жыл жүк көлігінің жүргізушісі болып еңбек етіп, бүгінде зейнетте болса, анасы Бақыткүл әлі күнге №35 орта мектепте орыс тілі пәні бойынша мұғалім болып еңбек етеді. Қуаныш 1997 жылы Қордай ауданының Ноғайбай ауылындағы №35 орта мектептің табалдырығын аттаған. Ал 2013 жылы әскери-техникалық мектепке оқуға түскен. 2015 жылдан бастап облыстық өртке қарсы қызмет саласында жемісті еңбек атқаруда. Қуаныш Теңізбайұлы қызметке орналасқан сәттен бастап өзінің еңбекқорлығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, өртсөндіруші-құтқарушылықтан бөлімше командирі лауазымына дейін көтерілген. Қуаныш осы уақытқа дейін талай қауіп-қатермен бетпе-бет келген еді. 2020 жылы қыркүйек айында Отар ауылындағы барак үйлерде өрт тұтанған. Оқиға орнына жедел аттанған Отар ауылы №17 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы оқиға орнына шұғыл жетіп, тиісті өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Аталған жеке құрамның ішінде бөлімше командирі Қуаныш Сматов та бар болатын. Ол отқа қарсы жауынгерлерін өрт ошағына жұмылдыру жұмыстарымен айналысқан. Қуаныш бастаған құтқарушы жігіттер өртке оранған тұрғын үйдің ішінен бірнеше адамды құтқарып, оларға алғашқы дәрігерге дейінгі көмек көрсетіп, медицина қызметкерлеріне тапсырған. Осылайша оқиға орнына дер кезінде жетіп, жедел түрде қызыл жалынды жойған жігіттер тұрғындар тарапынан алғысқа бөленіп, бөлімге оралған. Қуаныш тек бұл ғана емес, аудан көлемінде орын алған түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою жұмыстарына белсене қатысып, басшылық тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар мен мақтау грамоталарын иеленген. Бүгінде жұбайы Назгүл екеуі Әлихан, Аяна есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Майталман маман Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Мадияр Давлетбаев орны бөлек азамат. Ол 1991 жылы 28 наурызда Тараз қаласында дүниеге келген. Мадияр Мұхитұлы әкесі Мұхит пен анасы Зульфияның тәрбиесін көріп өскен. Ол Тараз қаласындағы И.Панфилов атындағы №39 мектеп-гимназия табалдырығын 1998 жылы аттаған. Ал 2007 жылы Тараз қаласындағы «Парасат» колледжіне оқуға түскен. 2011 жылы «Жамбыл теміржол дезинфекциясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жұмыс істеген. 2016 жылдан бастап Жамбыл облысының өртке қарсы қызмет саласында жемісті еңбек етіп келеді. Мадияр қызметке орналасқан сәттен бастап өзінің еңбекқорлығымен, қайсарлығымен көзге түсіп, өртсөндіруші-құтқарушы қызметінен аға өртсөндіруші-құтқарушыға дейін көтерілген. Осы орайда Мадияр тікелей қатысқан өрт оқиғаларының біріне тоқталғанды жөн көрдік. 2021 жылы тамыз айында Тараз қаласында орналасқан тұрғын үйде өрт шыққан. Оқиға орнына жедел аттанған Тараз қаласы №4 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамы оқиға орнына шұғыл жетіп, тиісті өрт сөндіру жұмыстарын жүргізген. Аталған жеке құрамның қатарында аға өртсөндіруші-құтқарушы Мадияр Давлетбаев та бар болатын. Мадияр бастаған құтқарушы жігіттер өртке оранған тұрғын үйдің ішінен бірнеше адамды сыртқа аман-есен алып шыққан, олардың ішінде жас балалар да бар болатын. Осылайша оқиға орнына дер кезінде жетіп, жедел түрде қызыл жалынның көзін жойған жігіттерге тұрғындар шынайы ризашылығын білдірген. Мадияр бұдан басқа орын алған түрлі сипаттағы өрттер мен төтенше жағдайларды жою жұмыстарына да белсене қатысып, басшылық тарапынан бірнеше рет алғыс хаттар мен мақтау грамоталарын иеленген. Бүгінде жұбайы Айзат екеуі Айзере, Амир есімді ұл-қыздарды тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Біз Мадияр секілді өз ісінің нағыз шеберлерінен болашақта үлкен үміт күтеміз. Қайраттың қайсарлығы Облыстық төтенше жағдай департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Т.Рысқұлов ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің өртсөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау кіші сержанты Кайрат Мамыров 1991 жылы 15 ақпанда Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында туған. 2008-2012 жылдар аралығында «Мұнай және газ кен орындарын пайдалану» мамандығы бойынша Тараз политехникалық колледжінде білім алған. Ол облыстың азаматтық қорғау саласында 2015 жылдан бері қызмет атқаруда. Қайрат Рысбайұлы өзі қызмет атқарған жылдар ішінде сан мәрте облыс аумағында туындаған өрттер мен төтенше жағдайларды жоюға атсалысқан. Мысалы, 2023 жылдың 21 маусымында Т.Рысқұлов ауданының Көгершін ауылдық округіне қарасты шошқа фермасында болған өрт оқиғасын жою жұмыстарына тікелей қатысқан. Шақырту бойынша өрт орнына келіп жеткен жеке құрам жағдайды дұрыс бағдарлап, жедел түрде газ-түтіннен қорғау аппараттарын пайдаланып, жоғарғы температура мен жарылыс қаупіне қарамастан епті әрі батыл қимылдап, қосымша көмек келіп жеткенше өрт ошағына су шашумен айналысады. Аталған өрт оқиғасында Қайрат пен оның әріптестерінің қайсарлығы мен кәсіби шеберлігінің, қызметтік міндеттерін абыроймен атқаруының арқасында өрттің одан әрі жайылуына жол берілмей, фермадағы өрт қысқа мерзім ішінде жойылған. Қайрат қоғамдық және спортық іс-шараларға үнемі белсенді қатысады. Бүгінде Қайрат жұбайы Маркизат екеуі Айсұлтан, Айзере, Зейін есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде. Жалынмен арпалысқан Ертай Жедел-құтқару жасағының құтқарушысы Ертай Телеубаев 1991 жылы 13 қыркүйекте Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында әкесі Нұржан мен анасы Кенжекүлдің отбасында дүниеге келген. 2009-2015 жылдар аралығында Жамбыл медициналық колледжінде «Әскери іс және қауіпсіздік» бакалавры мамандығы бойынша білім алып, одан әрі Тараз қаласы №3 қалалық емханасында халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында табанды жұмыс атқарған. Ал 2015 жылдан бері Ертай Телеубаев Жамбыл облысы төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің Жедел-құтқару жасағы құтқару бөлімшесінің құтқарушы мамандығында қызмет атқаруда. Ол қызмет атқарған жылдары сан мәрте түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан адам өмірі мен құнды мүліктерді құтқаруға зор үлес қосты. Ауа райының қолайсыз кезеңдерінде, яғни қарлы боран мен қалың қар басқан кезеңдерде жолда қалған адамдар мен автокөліктерді қар құрсауынан құтқару, оларды жылыту орындарына немесе ауруханаға жеткізу, су басқан аумақтағы төтенше жағдайларды жою және тағы басқа жұмыстарды атқару кезінде өзге әріптестерімен бірге белсенді жұмыс атқарудан шаршаған емес. 2019 жылы Жуалы ауданы маңындағы Күйік асуында қарлы боран соғып, қар құрсауында бірнеше адам мен көліктер қалып қойған. Оқиға орнына жедел жеткен Ертай бастаған жігіттер жол талғамайтын «Трекол» жүк көлігімен бірнеше адамды үсік шалудан құтқарып, көліктерді де қар құрсауынан шығарды. Ал дәл сол күннің ертесіне 40-тан астам жолаушысы бар автобустағы адамдарды жылыту пунктіне жеткізді. Есесіне құтқарылған адамдар Ертай секілді өз ісінің шебері атанған құтқарушыларға алғысын жаудырды. Ол одан әрі халықтың амандығы жолында тер төгуде. Бүгінде ол жұбайы Сәуле екеуі Алина, Фатима, Мирас, Диас есімді ұл-қыздарға үлгілі тәрбие беруде. Отбасында ұлағатты әке, ұжымдастары арасында сыйлы қызметкер. Біз Ертай секілді құтқарушыларға тек «Жарайсың, тәуелсіздік құрдасы!» дегіміз келеді. Төтенше жағдайлар қызметкерлері жайлы орыс жазушысы Владимир Гиляровскийдің «Әрбір өрт сөндіруші қаһарман, өмірі үнемі соғыстағыдай және әр минут сайын басын қатерге тігеді» деген сөзі бар. Сондықтан құтқарушы-өртсөндірушілерді де, елімізді де әрдайым төтеннен келген қауіптен сақтасын деп тілейік!
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің қоғаммен байланыс тобы