Әлемде

ӘЛЕМДЕГІ ҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУ ИНДЕКСІ

ӘЛЕМДЕГІ ҚАЛАЛАРДЫҢ ДАМУ ИНДЕКСІ

XXI ғасырда жаһандық ірі мегаполис қалалардың әлемнің экономикалық, әлеуметтік, мәдени және технологиялық дамуына ықпалы артып келеді. Бүгінгі таңда ірі мегаполистер өзінің ерекше халықаралық байланыстарымен әлемдік инвестицияны тарту, капитал, адам және озық идеялар ағынын жетілдіру бағытында адамзат баласы дамуының заманауи динамикасын қалыптастырып жатыр. Ірі геосаяси, экономикалық шешімдер қабылданатын, ақыл орталықтары мен ғылыми-техникалық базасы, мәдени ортасы қалыптасқан қалалардың орны мен келешек дамуы әлем елдері үшін әрқашан өзекті.

Осы бағытта 1926 жылдан бері әлемнің жетекші ұйымдарына, халықаралық компаниялар мен үкіметтерге кеңес берумен айналысатын «Kearney» компаниясы жыл сайын Жаһандық қалалар индексін (The Global Cities Index), олардың даму перспективасын (The Global Cities Outlook) ғылыми талдап, қорытындысын шығарып келеді. «Kearney» – дүниежүзінің 40-тан аса елінде 5 300-ден аса маман жұмыс істейтін әлемдегі жетекші консалтингтік компаниялардың бірі. 2023 жылғы Жаһандық қалалар туралы индексте (GCI) әлемдегі 156 ірі қаланың көрсеткіштері бес параметр бойынша бағаланған. Олар: іскерлік белсенділік, адами капитал, ақпарат алмасу, мәдени тәжірибе және саяси белсенділік. Зерттеуде болашаққа болжам жасай отырып, жақын арада жаһандық мегаполистердің стратегиялық басқару ортасын қалыптастыратын күштердің ықпалына талдау жасалған. 2023 жылғы есепте жасанды интеллекттің қарқынды дамуының қалаларға тигізетін әсері сарапталып, бұл технологияның орасан зор әлеуетін тиімді пайдалану бағыттары және онымен байланысты тәуекелдерге төтеп беру жолдарына мамандар тарапынан баға берілген. Зерттеуде қалалардағы еңбек нарығын реттеу тәсілдерін қалыптастыруда муниципалдық басшылар мен шешім қабылдаушы азаматтар үшін негізгі идеялар мен кеңестер көрсетіледі. Нью-Йорк әлемдегі ықпалды барлық 156 қаланың ішінде іскерлік белсенділікті өлшеудегі көшбасшылық позициясын одан әрі нығайтып, ірі мегаполистер рейтингінде бірінші орынды иеленді. Бұл өсім қаладағы компаниялар санының артуына, сондай-ақ сауда ағындарының көбеюіне байланысты болды. Нью-Йоркте саяси белсенділіктің пандемияға дейінгі көрсеткішіне қайта оралу үдерісі байқалып, халықаралық деңгейдегі саяси, экономикалық, әлеуметтік және ғылыми бағыттағы конференциялардың өтуі қайта жанданған. Лондон екінші орынды сақтап қалды. Ұлыбритания астанасы 2023 жылы адами капиталдың төмендеу тенденциясын қалпына келтіріп, Brexit-ке байланысты Еуропалық одақ студенттерінің азаюына қарамастан, қаладағы халықаралық студенттердің жалпы саны өскен. Париж іскерлік белсенділік пен адами капитал сынды екі көрсеткіш бойынша өсім көрсетіп, үшінші орынға тұрақтады. Алайда қалада мәдени тәжірибе көрсеткіштерінің өзге қалалармен салыстырғанда төмендеуі байқалған. Токио іскерлік белсенділік пен ақпарат алмасудың төмендеуіне қарамастан, төртінші орынды иеленді. Себебі мегаполисте басқа аспектілер, соның ішінде мәдени тәжірибе мен саяси белсенділік айтарлықтай өскен. Қаладағы аналитикалық орталықтар саны мен халықаралық ұйымдардың көбеюі Жапония астанасының жаһандық саяси орталық ретіндегі позициясын нығайтуға көмектесті. Бейжің 2023 жылы Қытай қалаларының жалпы рейтингінің төмендеуіне қарамастан, бесінші көшбасшы ретінде танылды. Алайда көптеген компания мен мемлекеттің жеткізу көздерін әртараптандыру бағытындағы күш-жігерінің салдарынан қалада іскерлік белсенділіктің төмендеуі көріне бастады. Дегенмен 2023 жылы қалада белгілі бір дәрежеде адами капитал мен ақпарат алмасу көрсеткіштерінің жақсаруы байқалған. Жаһандық рейтингтегі әлемнің үздік бес қаласы екінші жыл қатарынан көшбасшылық позицияда келеді. Алайда алғашқы 30 ірі қаланың арасында айтарлықтай өзгеріс бар. Соның ішінде елеулі өсімдер Брюссель мен Мадридте, ал құлдырау Вашингтон мен Бостон қалаларында орын алған. Шанхай, Буэнос-Айрес, Стамбұл және Мехико қалаларын қоса алғанда, АҚШ пен Батыс Еуропаның дәстүрлі күш орталықтарынан тыс өзге аймақтардағы бірнеше қала рейтингінің жоғарылауы бүкіл әлем бойынша мегаполистерде мүмкіндіктер географиясының кеңейгенін көрсетеді. Ал болашақта әлемдік көшбасшылыққа ең жақсы дайындалған қалалардың рейтингі қандай? Дәл осы сұраққа «Kearney» компаниясы Жаһандық қалалардың даму перспективасы (GCO) талдауында жауап беруге тырысқан. Атап өту керек, Жаһандық қалалар индексі (GCI) көрнекті мегаполистердің бүгінгі күнгі шынайы «жаһандық қала» мәртебесі өлшемдеріне сәйкестігін анықтауға қызмет етсе, Жаһандық қалалардың даму перспективасы (GCO) рейтингі мегаполистердің болашақта өз мәртебесін қалай арттыратынын тереңдетіп қарастырады. Бұл рейтинг келешекте қай қалалар қазіргі танылған көшбасшы мегаполистермен бәсекелесе алатынын және алдағы жылдары көшбасшылық рөлдерді қабылдауы мүмкін екенін анықтайтын болжау құралы ретінде жұмыс істейді. Аталған бағыттағы былтырғы зерттеу қалалық әлеуеттің төрт көрсеткішін негізге ала отырып жүргізілген. Олар: жеке әл-ауқат, экономика, инновация және басқару. Айта кетерлігі, екі көрсеткіште де Қазақстанның Астана және Алматы қалалары орын алған. 2023 жылғы рейтингте Астана 121, Алматы 123-орыннан табылса, келешектегі болжамды даму көрсеткіштері жөнінен екі қала да әлем мегаполистері ішінде алғашқы жүздіктен көрінген. «Kearney» компаниясының әлемдегі қалалардың қазіргі ахуалы мен келешек дамуы туралы зерттеуі жасанды интеллект мүмкіндіктері мегаполистерге барынша еніп жатқан заманда тиімді басқару, жұмыс орындарын құру мен қала инфрақұрылымын дамыту бойынша шешім қабылдаушы азаматтарға қосымша көмекші құрал бола алады.

Бауыржан СЕРІКБАЕВ, Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы