Әлеумет

БІРІНШІ БАСШЫСЫЗ ҚАЛҒАН БІЛІМ ОШАҚТАРЫ КӨП

БІРІНШІ БАСШЫСЫЗ ҚАЛҒАН БІЛІМ ОШАҚТАРЫ КӨП

Осыдан бірнеше жыл бұрын сол кездегі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Qazaqstan» ұлттық телеарнасындағы «Ашық алаң» бағдарламасында білім саласындағы мәселелерді ашық айта келіп: «Солтүстік пен орталық өңірлерде директор тапшы, өйткені оларға жай мұғалім болып жұмыс істеген ыңғайлы. Директор болса, қағазы да, жауапкершілігі де көп. Директордың айлығы мұғалімнің айлығынан төмен. Әрине, мұғалімнің еңбегі мен біліктілігі өте маңызды. Бірақ барлық мәселені шешкенімен білікті әрі білімді директор болмаса, онда басқа жасалып жатқан жұмыстар тиісті нәтижесін бермейтіні анық», – деп, саладағы өзекті бір мәселенің шетін қылтитып шығарды.

Мәнді мәселе әлі де айтылып, көтеріліп жүр. Түйткілдің түйінін тарқату мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынды. Алайда әзірге оң нәтиже болмай тұр. Мәселен, Оқу-ағарту министрлігінің мәліметіне сүйенсек, биылғы оқу жылының басында республика бойынша мектеп директорларының бос тұрған орындарының саны 811 бірлік болған. Яғни еліміздегі барлық орта білім беру ұйымының 10,5 пайызы бірінші басшысыз қалған. Саралай айтсақ, Түркістан облысында – 134, Қарағанды облысында – 108, Павлодар облысында – 66, Ақмола облысында – 64, Қостанай облысында – 52, Жамбыл облысында – 43, Шығыс Қазақстан облысында 40 орта мектеп жаңа оқу жылын директорсыз қарсы алыпты. Сонымен қатар Жетісу және Солтүстік Қазақстан облыстарының әрқайсысында 39, Алматы және Атырау облыстарының әрқайсысында 36, Батыс Қазақстан облысында – 32, Ақтөбе облысында – 29, Абай облысында – 23, Маңғыстау облысында – 22, Алматы қаласында – 15, Шымкент қаласында – 14, Ұлытау облысында – 12, Қызылорда облысында – 5 және Астана қаласында 2 орта мектепте де осындай жағдай қалыптасқан. Байқағанымыздай, өңіріміздегі ахуал да мәз емес. Жаңа оқу жылы басталғалы да бес ай өте шығып, екі тоқсан артта қалды. Сондықтан көрсеткіш төмендеген болар деп ойлағанбыз. Алайда керісінше өспесе, кемімеген екен. Облыс әкімдігі білім басқармасының Құқықтық қамтамасыз ету және педагог кадрлармен жұмыс жүргізу бөлімінің бас маманы Қарлығаш Қонысбекованың айтуынша, аймақ бойынша бүгінде 50 мектеп директорының орны бос тұр. Мәселенің мәнісін сұрасақ, бас маман қысқа ғана жауап қайырды. «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 21 ақпандағы «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары мен педагогтарын лауазымға тағайындау, лауазымнан босату қағидаларын бекіту туралы» №57 бұйрығына сәйкес бірінші басшының бос немесе уақытша бос лауазымдарына конкурс жұмыстары жүргізіледі. Конкурсқа қатысуға ниет білдіретін үміткерлерге арналған ҚР Оқу-ағарту министрлігі тарапынан ұйымдастырылатын біліктілік тесті уақытша тоқтап тұруына байланысты конкурс жұмыстары қаңтар айының аяғында берілетін болады, – дейді Қарлығаш Қонысбекова. Мысалы, бір ғана Т.Рысқұлов ауданында қазіргі таңда 7 мектептің директоры жоқ екен. Бұл туралы жуырда белгілі журналист Жасұлан Әбдіхалық «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялады. Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшылығы да 7 мектепте директордың міндетін атқарушы отырғанын растады. Себебі білім беру ұйымдарының басшыларына конкурсты жариялау облыс әкімдігі білім басқармасының құзыретінде болғандықтан аудандық білім бөлімі тарапынан сұраныс берілген. Осы орайда біз білім беру саласының үздік мамандарынан, ардагер ұстаздардан директор тапшылығының туындауына не себеп екенін сұрағанымызда бәрінің ойы бір жерге тоқайласып жатты. Ең негізгі себеп – біріншіден, жауапкершілік өте жоғары, қойылған талап қырық атан түйеге жүк болады. Одан кейінгі себеп – мардымсыз жалақы. Айтуларынша, директорлардың жалақысы мұғалімдердің жалақысынан әлдеқайда аз. Еткен еңбегіне, төккен теріне, жұқарған жүйкесіне татымайды. – Соңғы жылдардағы бір түйткілді мәселе – біраз жерде директор және орынбасарлардың жетіспеушілігі. Себебі жалақыcы мұғалім жалақысының жартысындай, ал жауапкершілігі жоғары жұмысқа ешкім бармайды. Орта мектептердегі барлық директордың жалақысы мұғалімдердің жалақысынан төмен. Директорлардың жалақысы әдетте 130-150 мың теңгенің арасында. Қосымша сағаттармен қосып есептегенде айлығы 250 мыңға жетіп қалады. Ал мектептің шаруашылығы, экономикасы, оқу-білім, тәрбиесі бар – бәрі директордың мойнына түседі. Ең қиыны, орынбасар табу. Таңертеңнен кешке дейін орынбасар болып жүріп 250 мың теңге алғанша, мұғалім болып 450 мың алып жүре бергені жақсы. Есесіне жарты күн істейді, құлағы тыныш, қағазы да аз. Менің ойымша, директорлыққа екі түрлі адам барады. Бірі – шығармашылығын көрсеткісі келетіндер. Ондай адамдар өте аз деп ойлаймын. Екіншісі – мансап, кресло үшін немесе жемқорлықпен айналысу үшін баратындар. Ондай адамдардың басшылыққа баруы, өкінішке қарай, мектепті құлдыратады, – деген қоғам белсендісі, педагог Аятжан Ахметжан басқарушы менеджментке сапалы кадр тарту өте маңызды іс екенін айтты. Біз облысымыздағы бірнеше мектеп директорына да хабарласып, мәселеге байланысты айтарын тыңдағымыз келген. Алайда «машайықтан қашайық» дегендей, бәрі пікір білдіруден үзілді-кесілді бас тартып, аты-жөндерін мүлдем көрсетпеуімізді өтініп бақты. Айтпақшы, директор демекші, облыс әкімдігі білім басқармасының да бірінші басшысыз қалғанына бірнеше жеті болды. Бір жылға жуық уақыт облыстың білім саласын басқарған Мейірхан Азатұлы өткен жылдың 22 желтоқсанында өз еркімен қызметінен кетті. Енді басқарма басшысы қызметіне кім келсе де алдында үлкен міндеттер тұр. Мәселелері қордаланған үстіне қордаланып жатқан өңірдің білім саласының екі тізгін, бір шылбырын қолға алуға кімнің жүрегі дауалар екен?!

Талғат НҰРХАНОВ