Жаңалықтар

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

ҚАҢҒЫБАС ИТТЕРДЕН ҚАУІП СЕЙІЛМЕЙ ТҰР

«Арс» еткен дауыс пен ырылдаған бұралқының бейнесі кімнің де болмасын зәресін алады. Оның үстіне соңғы кезде болып жатқан оқиғалар күдігімізді арттыруда. Иманы ұшқан жұрт тіпті баланы далаға жіберуге жүрексінеді. Иесіз иттер көпшіліктің құтын қашырып, бала тұрмақ, ересек адамның өзі жалғыз жүруге тайсақтайды. Қаңғыбас иттер неге қаптап кетті? Әлде қанша залал келтіріп жатса да, тиісті тараптардың мұндайды көзі шалмай ма? Әлде итке жаңа заңның «жылымығы» жаққан ба?

Бала күнімде басымнан өткерген бір жайт әлі күнге дейін есімнен кетпейді. Ол кезде ауылда тұратынбыз. Көршіміздің үйінде аңға алып шығатын, жыртқыш деп айтсаң да артық етпейтін (кей сәтте жыртқыштан да бетер) иті бар-тұғын. Келіп-кетер елге зияны тимес үшін байлап қойса да, әлгі мақұлықтан қорқып, сол үйге имене тартыншақтап кіретін едік. Бірде күндегідей байлаулы тұр деп ойлаған мен есік алдына еш қорқынышсыз жеттім. Кенет пешхана ішінде бос жатқан итті көріп, сасқалақтап қалдым. Тістерін ақситып «ыыр» деп атыла бергенде қатты айқайлап, қорыққанымнан есімнен танып қалыппын. Ары қарай үйдегі апам бастаған топтың менің қасымнан шықпай, бәйек болып жылап жүргендерін көріп ояндым. Оңбай таланған екенмін. Сол жағдайдан кейін толық айығып кетуіме ұзақ уақыт кеткен. Итке таланған қандай боларын, адамның досы саналған жануардың да үлкен қауіп төндірерін өз басымнан өткізген соң миымда қорқыныш қалыптасып қалған. Соңғы кездері болып жатқан жайттардан осы оқиға еске түсті. Таяуда Құмшағалда жасөспірім қыз баланы бұралқы ит талап тастады. Оның алдында Талас ауданы, Қаратау қаласында баланы ит қапты. Жансақтау бөлімінен шыққан баланың арқасындағы жараны тігуге тура келіпті. Денесінде қаншама жарақат бар. Анау бір жылы Тараздың «Гидро» аумағында бір беделді кісінің иті студент баланы талап, жазым еткенін жақсы білеміз. Қайсыбірін тізбектейміз. Айтылмай, жазылмай, тіркелмей жатқан оқиғалар қаншама? Жабайы иттер көліктерге абалап, адамдарға да жиі айбат шегіп қана қоймай, малдарға да қырғидай тиюде. Шынымен-ақ қараусыз қалған қаңғыбас иттердің қауіпті екенін ұмытпаған жөн. Қазіргі таңда қаланың қай бұрышына барсақ та, бүрсеңдеген мысық пен азу тісі ақсиған иесіз иттердің көбейіп кеткенін байқаймыз. Бұған не себеп? Бұларды қаңғытқан кім? «Бөрінің Тәңірісі болса, иттің де иесі болмай ма?» Осы орайда, еліміздің экология және табиғатты пайдалану комитеті бекіткен ҚР «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңы аясында осының барлығы ретке келтіріліп, жануар иелеріне қатысты жауапкершілікті күшейте түседі деп үміттенген едік. Алайда оның да нәтижесі әзірше байқалмайды. Сондай-ақ былтыр қабылданған аталмыш заңның сұрақ тудыратын тұстары көп. Мәселен, заңда иесіз жануарлардың көзін жоюға тыйым салынған. Бұл қаңғыбас ит-мысықтардың көбеюіне әкеп соғуы әбден мүмкін. Кезбе иттердің құрсауында қалып қойған балалар үшін кім жауап береді? Осыны да ескерген жөн. Мәселен, Тараз қаласындағы «За линией» тұрғын алқабының тұрғыны Мырзан Әбубәкірұлы мектептен жаяу қайтатын баласы үшін қатты уайымдайтынын айтады. – Қала маңы болғандықтан біз жақта қаңғыған иттер тобыр-тобырымен жүреді. Қызым оқитын мектеп үйімізден алыс емес. Сол себепті қызым сабағына күнделікті жаяу барып келіп жүрді. Өзім жұмыста болғандықтан кешкі уақытта анасы қарсы алады. Иесіз жүрген иттер бірде қызыма жүгіріп, талап тастай жаздапты. Сол себепті, олардың көзін жоюға қарсы емеспін. Еріктілер иттерге панажай салып, оларға қамқоршылық етемін десе, өз еркі. Ал егер оған әзірше мүмкіндік болмаса, ең тиімді әрі арзан жолы – олардың көзін жою. Әрине, қазір кейбірі «ит – адамның досы» деп шығады. Алайда балама көшеде шабуыл жасаған итті досым деуге аузым бармайды, – дейді ол. Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, Тараз қаласы мен 6 ауданда иесіз жүрген қаңғыбас ит-мысықтарды уақытша ұстау орнының, 8 ауданда «Беккер» шұңқырының жер телімдері нақтыланып, жобалық-сметалық құны дайындалған екен. Әйтсе де қараусыз иттерді аулау үшін заң талаптарын қатаң ұстану керек. Алайда мамандар жергілікті атқарушы органдардың өтінімдері, жеке және заңды тұлғалардың қала және аудандық ветеринариялық стансасына, «Jambyl 109» бірыңғай диспетчерлік қызметіне түскен жазбаша немесе ауызша өтініштері түссе ғана әрекет етеді. Жалпы, жыл басынан бері 6 881 ит пен 109 мысық ауланған. – Тұрғындар қазір екіге бөлініп алған. Бірі итті атпаңдар, жеті қазынаның бірі десе, енді бірі атыңдар деп шығады. Сондықтан ит ату кезінде дау-жанжал көп шығады. Кей тұрғындар жауапкершілікті сезінбейді. Сондықтан иттерін кешке бос жібере салады. Менің ойымша, иттерге арнайы белгі салып, тіркеуге алу керек. Мысалы, иттердің жұқа шабына белгі соғуға болады. Сол арқылы көшеде жүрген иттерді ұйықтатып тастап, иесін тауып алуға болар еді. Әрбір адам ит пен мысықты қаңғытып жіберудің соңы өкіметке шығын екенін білсе ғой. Жалпы айтқанда, жұртта жауапкершілік болса біздің жұмыс жеңілдейтін еді, – дейді облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев. Басқарма басшысы алдымен үй жануарларын қызық үшін асырап, кейін оны көшеге босатып қоя беретін қожайындарының әрекеті дұрыс еместігін де сөз етті. Бүгінде әлеуметтік желілерден қаңғыбас иттердің адамдарға шабуыл жасағаны туралы жағдайларды көптеп кездестіруге болады. Қоқыс контейнерлерін паналайтын иесіз иттердің инфекциялық аурулар тасымалдаушысы екендігіне де ешкім шүбә келтіре қоймас.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ