Дін

КЕШІРІМ МЕН МЕЙІРІМНІҢ МЕРЕКЕСІ

КЕШІРІМ МЕН МЕЙІРІМНІҢ МЕРЕКЕСІ

Жаратқан Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға салауаттар мен сәлемдер болсын! Ассаламуалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Қадірменді жамағат, құрметті бауырлар, баршаңызға күндердің төресі қасиетті жұма мүбәрак болсын!

Қасиетті Құрбанайт – ғасырлар бойы халқымыздың қанына сіңген, ұлы дала төсіндегі ұлық мереке. «Құрбан» сөзі араб тілінде «жақындау», яғни жасаған ізгі-сауапты істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу дегенді білдіреді. Ал шариғаттағы мағынасы: «Арнайы шарттарымен санаса отырып, құлшылық ниетімен мал бауыздау» деген сөз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Кәусар» сүресі, 2-ші аятында: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырған. Құрбан шалу сонау Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) дәуірінен бастау алады. Ибраһим пайғамбар көп уақыт Аллаға жалбарынып, ізгі ұрпақ тілейді. Алла Тағала тілегін қабыл етіп, оны қартайған шағында Исмайл атты ұлмен қуантады. Бала ержеткен кезде Ибраһим пайғамбар түсінде өз ұлын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Басында күмәнданғанымен, түс артынша үш мәрте қайталанып кіреді. Бұл күн қажылық маусымының тәуриә, арафа және айттың бірінші күндері еді. Пайғамбарлардың түсі уахи болғандықтан не де болса бұл бұйрықты орындауға бел байлайды. Баласына көрген түсі жайында хабар берген уақытта ұлы да еш ойланбастан: «Әкетайым, өзіңізге бұйырылған істі орындаңыз» деп, бірнеше тілегін айтады. «Уа, әкетайым! Қолдарым мен аяқтарымды мықтап байлаңыз, тепкіленіп ыңғайсыздық қылмайын. Пышағыңыз өткір болсын. Өзіңізге бұйырылған әмірді орындағанда менің жүзіме қарамаңыз. Әкелік мейіріміңіз оянып, Ал л аның әмірін кешіктіруіңіз мүмкін. Жейдемді анама апарып беріңіз. Оны қолына алып, жұбаныш табар», дейді. Бұл сөздерді естігенде Ибраһим пайғамбар (оған Алланың сәлемі болсын) көзіне жас алып, Алла Тағала жалбарынып, өзіне бұйырылған әмірді орындауда бекемдік сұрайды. Ұлын етбетімен жатқызып, қолына өткір пышақты алып, ұлының мойнына қойып, тартып жібергенде пышақ өтпейді. Өйткені сол сәтте Алла Тағалаға Жәбірейіл періштеге: «Пышақтың жүзін аудар», деп бұйрық беріп, Жәбірейіл періште (оған Алланың сәлемі болсын) өзіне тапсырылған бұйрықты әп-сәтте орындаған болатын. Ибраһим болған жайды түсінбей, қолындағы пышақпен тағы қайталап тартып көріп еді, бұл жолы да пышақ өтпейді. Сол уақытта: «Иә, Ибраһим! Расында, түсіңді шындыққа шығардың. Шын мәнінде, игілік істеушілерді осылай сынаймыз», деген дауыс естіліп, ұлының орнына құрбандыққа үлкен бір қошқар түсіріледі («Саффат» сүресі, 104-аят). Осылайша әкелі-балалы екеуі өздеріне берілген сынақтан еш мүдірмей өтіп, шүкірлік айтып, үйлеріне қайтады. Ендеше, құрбан шалу – пайғамбарлардың атасы Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті. Бұл дәстүр біздің үмметке де мұра болып қалған. Зайд ибн Әрқамнан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) адамдар: «Уа, Алланың Елшісі! Құрбандық деген не өзі?» деп сұрағанда, Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аталарың Ибраһим пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) сүннеті», деп жауап берген. Содан с оң: «Од ан біз ге қандай сауап бар?» деп сұрақ қойылады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әрбір тал қылшығы үшін сауап аласыңдар», дейді (имам Ахмад). Қасиетті Құрбан айт мерекесінде құрбан шалып, жоқ-жітіктерге жәрдемдесу, құрбандық етінен тарат у сауабы мол іс. Алайда құрбан шалуды ниет еткен әрбір жан ең алдымен құрбандығының дұрыс болуына аса мән беруі қажет. Ол үшін құрбан шалудың мынадай талаптарын білуіміз керек: Бірінші: Шамасы келетін мұсылманның құрбан шалуы уәжіп. Құрбандық шалуға шамасы келетін мұсылман жанның жылына бір мәрте құрбандық ш ал уы уәжіп. Ард ақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деп бұйырған (имам Ахмад). Құрбан шалу уәжіп болу үшін мынадай шарттар қажет.

  1. Мұсылман болу
  2. Құрбан айт уақытында жолаушы болмау
  3. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болу.

Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», деп айтқан. Шариғатымызда нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки құнына тең келетін ақша. Зекет ғибадаты сияқты құрбанның уәжіп бол уы үшін нисап мөлшеріне жеткен малға бір жыл толу шарт емес. Нисап мөлшерінде артық қаражаты болмаса да мұсылман кісінің құрбан шалуына болады. Шалған құрбандығы нәпіл құрбан үкімінде болады. Екінші: Құрбандықты құрбандық уақытына сай шалу. Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Қасиетті Құранның «Кәусар» сүресіндегі: «Раббың үшін намаз оқы және құрбан шал» делінген аяттың мағынасында бірінші айт намазы оқылып, одан кейін ғана құрбандық шалынатыны баяндалып тұрғанын ғалымдарымыз айтқан. Үшінші: Құрбандықты Алла Тағаланың ризалығын көздеп шалу. Құрбандық малын адам баласы шынайы ықыласымен, Алла Тағаланың ризалығын көздеп шалуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», деген (имам Насаи). Төртінші: Құрбандыққа жарамды малдарды шалу. Қой, ешкі, сиыр және түйе малдарын ғана құрбандыққа шалуға болады. Құрбан ретінде шалынатын қой және ешкі кем дегенде бір жасар, сиыр екі жасар, түйе бес жасар болуы керек. Қой мен ешкінің еркегін, сиырдың ұрғашысын шалу абзал. Елік, арқар сияқты аңдар мен тауық, қораз, қаз, үйрек сияқты құстар құрбан ретінде сойылмайды. Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені, яғни ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісі бірігіп, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді. Мынадай кемшілігі бар малдар құрбандыққа жарамсыз болып саналады.

  1. Бір көзі соқыр
  2. Сойылатын жерге жете алмайтын дәрежеде көтерем;
  3. Құлағы немесе құйрығы тумадан жоқ немесе басым бөлігі кесілген;
  4. Тістерінің көбі түсіп қалған;
  5. Емшек терінің басы жұлынып қалған;
  6. Бір мүйізі немесе екеуі де түбінен сынған;

Құрбан шалуы уәжіп болған кісінің құрбандық малында аталмыш кемшіліктердің біреуі сатып алғаннан кейін пайда болса немесе алған малы өліп қалса, қайтадан құрбандыққа жарайтын мал сатып алып шалуы керек. Ал құрбан шалу уәжіп болмаса да, сауап үшін шалуды ниет еткен кедей адамның сатып алған құрбан малында бір кемшілік пайда болса, сол малды шала береді. Тіпті құрбан шалуы уәжіп болмаған кедей адам бойында кемшілігі бар малды сатып алып, құрбан ретінде шалуына болады. Өйткені, кедей адамның шалған құрбандығы – нәпіл құрбан. Нәпіл ғибадатта кешірім бар. Сондай-ақ құрбандық малын мүмкіншілік болса, мойнына уәжіп болған адамның өзі шалғаны дұрыс. Алайда өзге біреуге немесе қасапшыға өкілдік беруіне де болады. Сол секілді телефон арқылы немесе хат сияқты жолдармен өзінің орнына басқа адамды өкіл ретінде құрбан шалуы үшін тағайындай алады. Бесінші: Құрбан малының дұрыс шалынуына мән беру. Құрбандық ретінде шалынатын малды қинамау үшін өткір пышақ қолдану керек. Малды сою үшін жерге жатқызғаннан кейін пышақты көз алдында жалақтатып қайрау – мәкрүһ. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, Алла барлық істі ең көркем түрде (ихсанмен) істеуге бұйырған. Егер сендер өлтіруге мәжбүр болсаңдар, онда оны ең көркем түрде істеңдер, егер құрбан шалатын болсаңдар, оны ең көркем түрде орындаңдар, пышақты қайрап, малды азаптан құтқарыңдар», деген (имам Хаким). Алтыншы: Құрбанд ық малының еті мен терісін дұрыс пайдалану. Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі өзінің отбасына, бала-шағасына беріледі. Бірақ шалынған малды түгелдей кедей-мұқтаждарға таратуға болатыны сияқты, түгелдей өзінің отбасына қалдыра алады. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресі, 28-аятында: «Құрбанның етінен өздерің жеңдер әрі міскіндер мен кедейлерге жегізіңдер», деп айтқан. Қадірменді жамағат! Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбан айт күні адам баласы атқаратын амалының Алла Тағалаға ең сүйіктісі – құрбандық малын сою» деген (имам Тирмизи). Қасиетті Құрбан айт күндері құрбан шалуымызбен қатар, құрбандығымыз қабыл болуы үшін шынайы ниет етіп, оның дұрыс орындалуына барынша мән берейік. Алла Тағала келе жатқан қасиетті Құрбан айт мерекесін баршаларымызға мүбәрак етіп, шалатын құрбандықтарымызды, атқаратын ізгі амалдарымызды қабыл еткей!

Жұма уағызын жүргізген –

«Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан АМАНБАЕВ