Жаңалықтар

«PINDUODUO» АРҚЫЛЫ АЙЫНА 500 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАБАМЫН»

«PINDUODUO» АРҚЫЛЫ АЙЫНА 500 МЫҢ ТЕҢГЕ ТАБАМЫН»

«Pinduoduo» – Қытайда киім, жиһаз бен тамақтан бөлек, тағы миллиондаған тауар сататын онлайн сауда платформасы. Онлайн дүкенде айына шамамен 750 миллион қолданушы сауда жасайды екен. Бүгінде платформада тек сауда жасап қана қоймай, оны кәсіп көзіне айналдыруға болады. Мұндай нәтижеге қол жеткізгендердің бірі –тараздық келіншек Інжу Дәлібаева.Інжу Берікқызы платформа арқылы сауда жасаумен қатар, кәсіп жүргізудің тетіктерімен бөлісті.

– Інжу Берікқызы, әдетте көпшілік платформаны сауда жасау бағытында ғана қолданады. Ал сіз осы арқылы табыс тауып отырсыз. Мұндай ой сізге қайдан келді? – Мен Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында ағылшын-қытай тілдерінен аудармашы мамандығы бойынша білім алдым. Ата-анам жастайымыздан еңбекке баулыды. Өмірлік жарымды жолықтырғаннан кейін сән салонында директорлық қызмет атқардым. Бірақ балаларым дүниеге келген соң үйде болуым керек екенін түсіндім. Сол жылдары әлеуметтік желі арқылы табыс табуға болатынын еститінмін. Бірақ тұрақты түрде блог жүргізбедім. Кейіннен декретке шыққаннан кейін отбасы құндылығы туралы ойларыммен бөліскім келіп, «Instagram» әлеміне аяқ бастым. Жазылушылардың да саны күн санап арта бастады. Бір күні әлеуметтік желіден «Pinduoduo» туралы жазбаны байқап қалдым. Нарықтағы бағадан арзан, тауардың сапасы да жақсы екенін естіген соң платформа туралы білім алайын деп бекіндім. Өздеріңіз де білесіздер ғой, қазір кез келген тауардың бағасы қымбат. Кейде сол бағаға татымайтын тауар алуға мәжбүр боласың. Платформада сауда жасауды үйренгеннен кейін бірден өзіме қажетті тауарларға тапсырыс бердім. – Алғашында қандай тауарға тапсырыс бердіңіз? Сізге несімен ұнады? – Бірінші кезекте балаларға киім мен ойыншыққа тапсырыс бердім. Маған тауардың сапалы әрі сәнді болғаны ұнады. Өзіміздің нарықтан ондай тауарларды таба бермейсіз. Бірден өз блогымда бөлісе жөнелдім. Жазылушы достарым да қызығушылық танытты. «Платформада сауда жасауды үйретесіз бе?», «Қандай каргоны пайдаландыңыз?», «Тауардың сапасы ұнады ма?» деген сынды сұрақтардың саны да артты. Шыны керек, әлеуметтік желіде мұндай қызу талқылау болады деп күтпедім. Жұбайыммен ақылдаса келе, платформада тапсырыс беруді үйретемін деп шештім. Оқырмандарға бағасы ыңғайлы болсын деп курстың құнын 5 000 теңгеден асырмадым. Қазақстанның өзге қалаларынан да сұраныс арта берді. Осылай онлайн, офлайн форматта да оқыта бастадым. Бүгінгі таңда 300-ге жуық оқушыға білім беріппін. – Жақындарыңыз мұндай шешіміңізді қалай қабылдады? – Жұбайым әрбір бастамама қолдау білдіреді. Ата-анам да шешіміме қуанды. Мұндай қолдаудан кейін қалай берілуге болады? Кейіннен онлайн ойыншықтар дүкенін аштым. Дүкенге кіші қызымның атын бердім. Балалардың миын жаттықтыратын, дамуына қолғабыс жасайтын ойыншық түрлерін үнемі іздеп жүретін едім. Бірінің түсі ұнамаса, бірінің сапасы көңілден шықпайтын. Кейде бағасына сәйкес келмейді. Ата-ана болғаннан кейін бауыр етің – балаңа бар жақсыны бергің келеді. Осылайша платформадан ойыншықтарға тапсырыс бере бастадым. Балапандарыма ұнағандарын, сапасына көңілім толған ойыншықтарды дүкеніме де әкелдім. Әлеуметтік желі арқылы бар процесті көрсеттім. Ойыншықтарды ұнатқан жандар көп болды. Бірнеше қайтара сатып алып, тұрақты тұтынушыға айналған жандар да табылды. – Тараз қаласынан карго ашу идеясы қайдан келді? – Бірінші кезекте каргоның не екенін түсіндірейін. Карго – логистикада жүк тасымалы үшін қолданылатын термин. Бұл әртүрлі тауарлар мен жүктерді бір жерден екінші жерге тасымалдаумен байланысты. Шыны керек, каргоны ашу туралы көп ойландым. Оқиғаның негізі биыл платформа арқылы курс оқығаннан басталған. Сол уақытта өзіме ыңғайлы карго іздей бастадым. «Pinduoduo» арқылы тапсырыс бергендер біледі, Қытайдан келген әрбір заттың салмағына да ақы төлейсіз. Тапқан карголарымның бағасы қымбатқа шықты немесе үйімнен алыс болды. Оқырмандарым да өзіме «каргоңызды ашыңызшы, сізден алғанымыз жақсы» деп байланысқа шықты. Бірақ үшінші балама жүкті болғаннан кейін бұл жұмысқа үлгере аламын ба деген үлкен сұрақ тұрды. Ашқанның өзінде, тіпті қойма да жоқ еді. Уайымға толы осы ойымды жұбайыммен бөлістім. Ол карго ашу туралы ойымды қостай кетті. Ата-анам да қолғабыс етті. Әуелі тауарларды өз үйіме тіркеп, сосын каргоны аштым. Оқырмандарым да, оқушыларым да бірден жазылды. Кейін каргода жеңілдіктер ұйымдастырдық. Бұл да өз пайдасын тигізді. Қазіргі таңда өзім тауарларды іріктеймін. Күйеуім де, анам да тұрақты түрде көмектеседі. Тауарды күйеуім жұмыстан шыққан соң бірге жеткіземіз. Бұл іс мен ойлағаннан да жеңіл болып шықты. Барлық мәселенің бәрі өз ойымызда екен. Ниетің түзу болса, Алла өзі жеңілдігін береді. Бүгінгі күні карго арқылы айына 500 мың теңгеден астам қаражат тауып отырмын. Өз қалауымды орындаймын, ең бастысы, сүйікті ісіммен айналысамын. Әр күніме шүкір етемін. Каргоны тиімді жолмен ашу туралы сабақтарым да бар. Оқушыларыма өз тәжірибеммен бөлісіп келемін. – Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда алдағы жылдары өз жалғасын таба бере ме? Эксперт ретінде өзіңіздің ойыңызбен бөліссеңіз. – Биыл Қазақстан мен Қытайдың дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 32 жыл толды. Осы уақыт ішінде екі елдің сауда-экономикалық стратегиялық әріптестігі нығая түсті. Тек биылдың өзінде 30-дан астам үкіметаралық құжатқа қол қойылды. Оның үстіне жуырда ғана Қазақстан мен Қытай арасында визасыз режим енгізілді. Бұл екі елдің арасында сауда айналымы артады дегенді білдіреді. Статистикамен де дәлел келтірейін. Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасының мәліметі бойынша, пандемия мен геосаяси факторларға қарамастан, 2022 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 31 миллиард доллардан асты. Осы жылдың 10 айының қорытындысымен бұл көрсеткіш 32,7 миллиард долларға жетті. Ал қос мемлекет арасындағы жүк тасымалының көлемі – 26,1 миллион тонна. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,4 пайызға артық. Осы уақыт аралығында бір ғана платформа арқылы миллиондаған сауда жасалды. – Інжу Берікқызы, өміріңізді 10 жылдан кейін қалай елестетесіз? – Өзімді көпбалалы ана, бақытты жар, әлемдік нарықта жұмыс істейтін бизнес-леди ретінде көремін. Алла Тағала әрекет етсең, ниетіңе түбінде жеткізеді. Менің армандарымның да орындалатынына сенемін. – Арманыңызға жетіңіз! Әңгімеңізге рақмет!

Аяулым Жаманқара