Жаңалықтар

ТЕМІРЖОЛ УЧИЛИЩЕСІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ САҢЛАҚТАРЫ

ТЕМІРЖОЛ УЧИЛИЩЕСІНІҢ ТҮЛЕКТЕРІ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ САҢЛАҚТАРЫ

Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің 90 жылдық тарихы бар. Алғашында Жамбыл қаласында жас жұмысшылардың шеберханасы, фабрикалық-зауыттық оқыту мектебі болып 1932 жылы іргетасы қаланып, ғасырға жуық уақыт бойы сала мамандарын дайындап келеді. Алғашында бұл мектеп екі шағын барак типтес үйлерде орналасқан еді. Ол жерде 60 оқушы ғана оқыған екен. Осы жерден біздің колледжіміздің тарихы басталады. 1940 жылға қарай теміржолшылар мектебінің базасында Жамбыл теміржолшылар мектебі құрылып, слесарь-паровозшы, вагоншы, жол бригадирлері секілді теміржол саласының мамандарын дайындады. 1942 жылы училищеден майданға жүзден аса түлек аттанды. Олар Ұлы Отан соғысы жылдарында ерлік пен батылдықтың үлгісін көрсетті. Соғыстың ауыр жылдарында біздің колледжде 52 қаладан келген қыздар мен жігіттер оқып, тәлім-тәрбие алды, жан-жақтан келіп оқыған жастар училищенің даңқын көтерді. Қиын заманда аянбай еңбек еткен, елі мен жері үшін шайқасқан аталарымыз бен ағаларымызды біз мақтан етеміз. Өкінішке қарай соғысқа аттанған сарбаздар мен офицерлеріміздің көбісі соғыстың біткенін де көре алмады. Миллиондаған сарбаздар Отан үшін, халқы үшін өмірлерін қиды. Жыл сайын колледжде студенттер 1942-1945 жылдар аралығында соғысқа кетіп, ерлік көрсеткен түлектерді еске алып, әртүрлі іс-шаралар өткізеді. Соның ішінде мақтанышпен еске алатын түлектеріміз: – «Қызыл Ту» орденімен марапатталған Анатолий Мликов, сұрапыл соғыста «Катюша» дивизиясын басқарған Виктор Холоденко, Кеңес Одағының батыры болған Петр Томасевич, Сталинград, Севастополь қалаларында соғысқан Садықбек Егембердиев, Варшава, Берлинді азат етуге қатысқан Василий Дубовой, Ленинград, Заполярье шайқастарына, Новороссийск, Керчь, Румыния үшін болған шайқастарда аталған аумақтарды азат етуге қатысқан Сабир Ходжаевті айтпай кету мүмкін емес. Отаны үшін, халқы үшін жанын қиған батырларымыз теміржол училищесінің 1942 жылғы түлектері болатын.

Гүлмира ҚОРШЫБЕКОВА, Тараз теміржол көлік және коммуникация колледжінің орыс тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы