Жаңалықтар

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ КӨСЕМІ

ҚАЗАҚТЫҢ ҚАСИЕТТІ КӨСЕМІ

Қазақтың рухани даму үрдісі барысында елі үшін аянбай еңбек сіңірген тұлғалардың қасиетті сара жолын бағалай алудан асқан арман жоқ. Әр кезде де халқының баянды бақытын аңсаған бабалар өсиетіне адал жандардың болатыны ақиқат болса, солардың табиғи болмысына біткен ақиқи істерінің өз дәргейінде бағалануы қажет-ақ. Құйынды дауылдың қанаттас қара боранына қасқайып қарсы тұрар ұлт мәйегінің өзегі болған қайраткерлеріміздің дара басын ойламай, елі мен жерінің құшағында құлап жатып жастанатын рухты ерлігін айтуға міндеттіміз. Ондай тарихи тұлғалардың қазақ арасында шоқтығы биік шоқыдай шошайып тұратыны белгілі. Мақтануға да, мадақтауға да тұрарлық сондай тұлғалардың бірі – Дінмұхамед Қонаев. Ол аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы атақтарын ала отырып, Қазақстанды 40 жылға жуық уақыт басқарды. Әрине, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік жолы оңай болған жоқ, оның еңбек жолы сонау соғыс жылдарынан бастау алады. Ұлт көсемі 1941 жылдың өзінде-ақ қайраткер болып қалыптасып үлгерген тұлға десек те қателеспейміз. Сұрапыл сұр борандай сорлатқан соғыс көптеген жастарды ерте есейткені де рас. Әрине, біз Д.Ахметұлының халқы үшін жасаған барлық саяси қайраткерлігін таңға айтып тауыса алмаспыз, дегенмен ол кісінің қазақ мәдениеті мен өнеріне, білім-ғылымына сіңірген үлкен парасатты еңбегін атап кетуге міндеттіміз. Мәселен, Д.А.Қонаевтың мәдениет пен өнердегі қамқорлығы мынада: мәдени өміріміздегі елеулі жаңалық Д.Қонаевтың ықпалымен 1958 жылы Алматыда телестудия құрылысы аяқталып, қазақ теледидары өз хабарларын тарата бастады. 1958 жылы 13 желтоқсанда қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігі өзінің ұлттық өрнегімен, ішкі мазмұнымен ерекше есте қалды. Онкүндік – өнер бәсекесі, сан қырлы шығармашылық өмірдің сарапшысы ғана емес, ұлттық келбетіңді, болмыс-бітіміңді, бар табиғатыңды танытудың, салт-санаңды, дәстүріңді, әдет-ғұрпыңды насихаттаудың соны жолы еді. Осы онкүндік қарсаңында ақын-жазушыларымыздың ең үздік шығармалары жарық көріп, театр ұжымдарының шеберлік шыңын танытар тамаша қойылымдары сахнаға шығарылды. Мысалы, Мәскеудегі осы онкүндікте Ришад Абдулин қатысқан «Абай», Роза Жаманова дүлдүл мінез танытқан «Біржан мен Сара» операларын, сондай-ақ Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкеева басты рөлдерде ойнаған «Асауға тұсау» спектаклін жұртшылық қатарынан бірнеше күн тамашалаған. Осы жолы Бибігүл Төлегенова өзінің табиғат берген талантына тән өнер танытып, қалың жұртшылық алдында үлкен беделге ие болды. Онкүндікке қатысушылар үшін үлкен театр, кіші театр, академиялық көркем театры және Мәскеудің басқа да ғажайып залдары бөлінді. Аталған Мәскеудегі мәдениет күніне қатысты іс-шаралардың барлығының басы-қасында, әрі осы мәдени шараны өткізу жөніндегі комиссияның төрағасы ретінде де Д.А.Қонаевтың өзі болып, өзі жүрді. Д.А.Қонаевтың ықпалымен өнер шеберлері мемлекеттік және үкімет наградаларына ие болды, ал Ш.Аймановқа, Р.Жамановаға, Қ.Қуанышбаевқа, Е.Серкебаевқа, М.Төлебаевқа, В.Харламоваға 1959 жылы қаңтарда «КСРО Халық әртісі» деген құрметті атақ берілді. Қарашаңырақ – Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры «Ленин» орденімен наградталды. Кейінгі уақыттарда да таутұлға өнер және мәдениет майталмандарына көп қамқорлық жасады. Мәселен, композитор Нұрғиса Тілендиевке КСРО халық әртісі атағы берілсе, Шәмші Қалдаяқовты Алматыға шақыртып, оның әндері жинағын баспаға шығартуға тапсырма беріп, өзіне баспана ұсынған. Дінмұхамед Ахметұлы тек Нұрғиса мен Шәмшіге ғана емес, сол уақыттағы қазақтың көптеген өнер қайраткеріне материалдық, әлеуметтік көмек қолын созып, олардың мемлекеттік және үкіметтік наградаларға ие болуына барынша қолдау білдірген. Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары Алматыдағы биік ғимараттар мен қонақүйлер, «Медеу» кешені, орталық стадион, тағы да басқа көптеген зәулім нысандар және театрлар, «Қазақфильм» орталығы, филармония, кітапхана сынды бірнеше мәдени орын ашылып, пайдалануға берілді. Ол басқарған соңғы онжылдықтың өзінде әлеуметтік мәдени орталықтар Арқалықта, Жезқазғанда, Шевченкода (қазіргі Ақтау), Теміртауда, Талдықорғанда, Көкшетауда ашылып, театрлар мен филармониялар жұмыс істей бастаған екен. Қазақ КСР Мемлекеттік өнер музейінің, суретшілер одағының көрме залының кең сарайлары салынып, пайдалануға берілген. Шымкентте суретшілер үйі, Алматыда баспа үйі салынып, «Жалын», «Өнер» баспалары ашылды. Қазақтың ұлттық музыкалық аспаптар музейі ұйымдастырылып, оған бұрынғы офицерлер үйінен жай берілді. Ол республика жұртшылығының сүйікті орны ғана емес, шетелдерден күн құрғатпай келіп-кетіп жататын қонақтардың арнайы ат басын тірер орталығына айналды. Білім мен ғылымдағы еңбегіне келер болсақ, Д.А.Қонаевтың кезінде жалпы білім беру жүйесі, оның ішінде жоғары білім беру үлкен биікке көтерілді. 1936 жылы елде 83 орта арнаулы оқу орны болса, Д.А.Қонаев 1980 жылдары оны 231-ге жеткізген. Сондай-ақ 1945 жылы Қазақстанда 14 жоғары оқу орны болса, олардың қатары 1960 жылы 28-ге, 1985 жылы 55-ке артты. 1955 жылы студенттер саны 70 мың болса, 1985 жылы 270 мың болған. Ол кезде жоғары оқу орнында оқитын қазақтар аз еді. Мысалы, 1955 жылы студенттердің 28 мыңы ғана қазақ екен. 1985 жылы олардың саны 151 мыңға жеткен. Д.А.Қонаев мәдениет пен өнерге, ғылым мен білімге көңіл бөле отырып: «Кем дегенде әр облыста бір институттан болсын. Ол тек оқу орны ғана емес, мәдени, ғылыми, әлеуметтік орталыққа айналсын», деген талап қойды. Соның нәтижесінде Алматыны айтпағанда, студенттер қаласының қатарына Қарағанды, Жамбыл, Шымкент, Ақмола, Қостанай, Өскемен, Семей қалалары қосылды. Оның талабымен барлық облыста педагогикалық институттар ашылды. Дінмұхамед Ахметұлының Қазақстан ғылымына сіңірген еңбегі де ұлан-ғайыр. Соның ішінде ол кісінің Қазақ КСР Ғылым академиясын басқарған жылдары өте нәтижелі кезең еді. Д.Қонаевтың Ғылым академиясына барған уақыты өте қиын мезгіл болатын. Көп ғалымдар мен жазушылар Компартияның тарапынан қуғындалып жатқан тұс еді. Д.А.Қонаев сол уақыттарда басына қиын іс түскен М.Әуезов, О.Сүлейменов, І.Есенберлин сынды көптеген академиктер мен жазушыларға араша түсті. Тіпті Ғылым академиясы жұмысының жандануына барынша атсалысты. Елде көптеген әр салалық ғылыми институттар ашылды. Біздің академиктеріміздің арасынан 7 Еңбек Ері, 18 Лениндік сыйлықтың, жүзден аса КСРО және Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының иегерлері шықты. Мұндай жетістік ешбір академияда, ешбір елде болған емес. Мұның бәрі Д.А.Қонаевтың ғылымға үзбей жасаған қамқорлығының жемісі. Сауран Қалиев, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры