18 МЕРДІГЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН
18 МЕРДІГЕРГЕ АЙЫППҰЛ САЛЫНҒАН
Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімдігі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Қайрат Бисембаев басқарманың былтыр атқарған жұмысын баяндады. Өткен жылы облыс аумағында 887 нысанның құрылысы жүргізіліпті. Оның 387-сіне мемлекеттік бюджеттен қаржы қаралса, қалғанының құрылысы жеке қаражат есебінен жүргізілген. – 2023 жылы 172 құрылыс объектісіне жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Тексеру жұмыстарының нәтижесінде 86 нұсқама беріліп, 248 әкімшілік іс қозғалды. Тарқата айтқанда, 159 тапсырыс беруші, 50 мердігер, 3 жобалаушы, 26 техникалық қадағалаушы, 10 авторлық қадағалаушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жалпы айыппұл сомасы 68 695 930 теңгені құрады, – дейді Қайрат Әшірәліұлы. Спикер баяндамасында құрылыс-монтаждау жұмыстарын сапасыз орындағаны үшін лицензиясынан айырылған мердігерлер туралы да сөз қозғады. Олардың бірі Жуалы ауданы, Қайрат ауылындағы 149 орындық мәдениет үйінің құрылысын сапасыз жүргізген бас мердігер – «ЕРК-Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Оларға ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 312-бабындағы 2-бөлігіне сәйкес, сот шешімімен 1 380 000 теңге айыппұл салынып, лицензиясынан айырған. Сол секілді «ЖолЭнергоҚұрылыс» ЖШС да Талас ауданындағы Қаратау қаласының №3 ықшамауданындағы №6 жатақхананың сыртқы инженерлік-коммуникациялық жүйелерін қайта жаңғырту барысында сапасыздыққа жол берген. Оған да сот 1 380 000 теңге айыппұл салып, лицензиясынан айырған. Басқарма арқылы жыл ішінде 17 техникалық қадағалаушыға қатысты әкімшілік іс қозғалыпты. Оның ішінде 16 техникалық қадағалаушыға айыппұл салынумен қатар, техникалық қадағалау жүргізу құқығы 6 айға дейін тоқтатылған. Біреуі олқылыққа жол бергені үшін тек айыппұл төлеп құтылған. 22 нысанның құрылыс жұмыстарын сапасыз жүргізген 18 мердігер әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Эльмира БАЙНАЗАРОВА