Әлеумет

Әсіптің әдісі бөлек, дәмі ерек

Әсіптің әдісі бөлек, дәмі ерек

Қазақтың дастарқаны тіл үйірер дәмді тағамдарға бай. Шыж-мыж, бұжы, жұмыр, әсіп... Тізбелесең осылай жалғасып кете береді. Бүгінгі таңда халықтың көпшілігі дүкен сөрелеріндегі қоспасы көп дайын өнімді ала салады. Десек те ішінде де мал бағып ағарғанын, ет өнімдерін кәдеге асырып, ескі үрдісті ұстанғандар бар. Мәселен, Айгерім Әбжаппарова есімді келіншек әсіп өнімін сатылымға шығарып қазақтың ұмыт бола бастаған ұлттық тағамын дәріптеп жүрген жайы бар.

Құланның ерке қызы Алматыдағы Т.Рысқұлов атындағы Қаз ЭУ-де оқып, «Халықаралық қарым қатынастар» мамандығын алып шыққан. Біраз уақыт Нұр-Сұлтан қаласында қалып «Қоршаған ортаны қорғау» министрлігінде жұмыс істеп, 2011 жылы Таразға қайтады. Сол жылы өзінің теңін тауып, Аслан есімді жігітпен шаңырақ көтереді. Нұр-Сұлтан қаласында өз мамандығы бойынша «дипломат» боламын деп жүрген ару бір күнде келін атанып шыға келеді. Жастайынан тәтті-дәмді пісіруге құмар Айгерім бірер жыл бұрын ұлттық тағамымыз әсіпті жаңғыртуды қолға алды. Бұл тағам еліміздің оңтүстік бөлігінде белгілі. Ал басқа аймақтар біздің дәмді шұжықтарымызбен аса таныс емес. Өзіміздің ұлттық тағамымыз, теңдесі жоқ дәмді шұжық Қазақстанның барлық аймағына танылсын деген ниетпен авторлық рецепт арқылы дайындалатын әсіптерін сатылымға шығара бастады. Әсіпке пайдаланылатын таза, құнарлы ет жеке шаруа қожалықтарынан әкелінеді. Сондықтан да бұл әсіп бар жамбылдықтардың көңілінен шыққан. Бұл тағам түрін дайындаудың әдісі бөлек әрі еңбекті қажет ететін болғандықтан қасына көмекке төрт кісі алған. – Әсіптің жасалуы оңай емес, ұқыптылықты қажет етеді. Алдымен малдың ішек-қарнын жақсылап тазалау керек. Қарынды езіліп кетпейтіндей етіп пісіреміз. От қатты болмауы тиіс, егер қарын қатты болса, дәмі шықпай қалады. Кейін қарынмен қоса жүрек, өкпе, бүйрек, ұлтабары бар, бәрін еттартқыштан өткізесің. Дәмі шықсын деп пияз, болгар бұрышын, сарымсақ қосамыз. Кейбіреулер ащы бұрыш қосуымызды сұрап жатады. Талғамға қарай қосамыз ғой. Бәрін де еттартқыштан өткізу керек. Кейін күріш араластырасыз да, бәрін ішекке тығасыз. Қазанға су құйып, бір қайнаған соң отты бәсеңдетіп, 45 минут жай қайнап тұруы тиіс. Егер қатты қайнаса, жарылып кетуі мүмкін. Айта кету керек біздің әсіп жас тайдың етінен дайындалады. Сондықтан тағам тек дәмді ғана емес құнарлы, – дейді кәсіпкер. Ұлттық тағамға деген сұраныс көбірек, халықтың пікірі де жақсы. Тек Жамбыл облысынан емес, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан да тапсырыс түседі. Фаст-футтың түр түрі самсаған заманда осылай ұлттық тағамымызды дәріптеп, ұмыттырмай жүрген кейіпкеріміздің ісі мақтауға тұрарлық. Айгерім әсіпті енді сатылымға шығара бастағанда әлеуметтік желінің көмегіне жүгінгенін жасырмады. Шынында да «Instagram» әлеуметтік желісі кәсіп бастаймын дегендерге таптырмас мүмкіндік. Айгерім де солай етті. Бір күнде парақша ашып (halal_asip_taraz) өнімдерін сонда жариялап отырды. Парақшаны өзі жүргізіп оқырман тарту мақсатында түрлі ойындар, сауалнамалар ұйымдастарып, қызықты постарды салып отырады. Әлеуметтік желі жөнінде өзі «Егер Instagram болмағанда әсібімізді таныта алмай, осындай жетістікке жетер ме едік, кім білсін?» деп бұл желінің тиімді тұстары көп екендігін ұқтырды. Әсіпке пайдаланылатын еттің бәрі отбасылық жеке шаруа қожалықтан әкелінеді деп айтып қалдық. Ендеше шаруа қожалықпен қысқаша таныстыра кеткен жөн болар. Айгерім келін болып түскен шаңырақ жұмыстан қашпайтын, обал-сауаптың қадірін білетін еңбекқор жандар. Келіндіктің алғашқы жылдары ата-енесі «бақыт бәрін салып еңбектенгенге бұйырады» деген ұстаныммен жеке шаруа қожалықтарын ашуды жоспарлайды. Бие сатып алып, ақырындап қымыз сатумен айналысады. Отбасы үшін маңызды кезеңде биелерді Айгерім өз қолымен сауып жүреді. Дәмі тіл үйірер балдай тәтті сары қымыз лезде облыс жұртшылығына танылып, кәсіптері дөңгелей бастайды. Жамбыл жұртшылығын он жыл бойы таза өнімдерімен қуантып, өз мінберінен түспей келе жатқан көпшілікке танымал «Аслан» шаруа қожалығы осылай құрылған. – Алғашқы жылдары маған қиындау болды. Шаруашылықты дөңгелетіп әкету оңай емес. Бие сауып, қымыз пісеміз. Қала аралап қымыз сатамыз. Балаларым кішкентай, олардың да жағдайын жасау керек. Үйдің күйбең тіршілігі бітпейді. Ал менің тұрмысқа шықпай тұрғанда армандарым мүлде басқа еді. Жұмыс істеп, ешкімге тәуелді болмасам, шетел араласам, үлкен қалада тұрсам дейтінмін. Күйеуге шыққан соң өмірім мүлде өзге арнаға ауысты. Жолдасымыз екеуміздің арамызда да көп түсініспеушіліктер болды. Кішкентайларымыз да көп ауыратын. Қыз кезімдегідей жұмысқа шыққым келді. Сол кезде ғана өз-өзіңе қарайсың, дамисың деген ой болды менде. Біраз уақытқа дейін жұмысқа шығам деп бұлданып жүрдім. Бірақ ата-енем өте еңбекқор, ақылды кісілер. Сол кісілерге қарап үлгі алып, алға мақсат қойдық! Сол кісілердің бағыт-бағдарымен еңбек еттік. «Осы істі дамыту, ары қарай алып кету екеуіңе байланысты» деп отыратын атамыз. Осы орайда жолдасымның қолдауы көп көмек болды. Таза еңбекпен, бар күш-жігерімізді іске салдық. Оңай болған жоқ. Біріге жасаған тірлігіміз, аянбай еңбектенуіміз қазіргі өмір арнамызға алып келді. Аллаға шүкір! Ісімізді дөңгелетіп отырмыз. Өнім түрлерін көбейтіп жатқанымызға өздеріңіз куәсіздер. Ұлттық тағамдарды дәріптеу мақсатында елордадан дүкен және қымызхана аштық. Қазір мен бақытты жармын, 4 батырдың бақытты анасымын. Біздің фермерлік шаруашылығымыз бар. Ет, қымыз сатумен айналысамыз Қазір енді мемлекеттік жұмысқа шық десе де шықпас едім. Жасап жатқан ісімді сүйемін, ас үйде жүру мен үшін рухани демалыс! Өз-өзіме бастықпын. Адал еңбегімізбен елдің алғысына бөленіп, халал іспен айналысып келеміз, – дейді кейіпкеріміз. Айта кетерлік бір жайт, Айгерімнің жары Аслан Дінмұхамед бокстан Азияның екі дүркін күміс жүлдегері, екі рет Қазақстан Республикасының 2005-2006 жылдардағы чемпионы. Облысқа алғашқылардың бірі болып қазақы шұжықтарды танытқан Айгерімнің еңбегі еш емес. «Ең үздік халал әсіп дүкені» номинациясының иегерлері. Облыстағы кәсіпкер әйелдер қауымдастығының мүшесі. Табысты кәсіпкер көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, қайырымдылық шараларға да белсене қатысады. Бұл кейіпкеріміздің тынымсыз еңбегі үшін берілген ең жақсы марапат. Өйткені әсіп дайындау оңай жұмыс емес. Бұл жерде әлеуметтік желінің ықпалы зор болғанын айта кеткен жөн. Ең маңыздысы – өзін түсінген отбасының, парақшада жанашырлық таныта білген оқырмандарының жылы лебізі, қолдауы.