Бала шақтан болашаққа
Бала шақтан болашаққа
«Құрметті жолаушылар, түсетіндеріңіз алдын ала айтып қойыңыздар. Аялдамалар: «Жансая», қалалық аурухана, автовокзал» деген жүргізушінің сөздері біз үшін мүлде таныс емес еді. Маңдайшасында «Тараз» деп жазылған қалаға кірдік. Біз елестеткен өңір мүлде басқаша еді, кесенелерден бөлек, қыдыратын жерлері де бар сияқты ғой. Іштей мәз болып отырмыз. «Қай аялдамадан түсеміз?» деген сұрақ Гүлнұр екеумізді мүлде мазалап тұрған жоқ, әдемі жерге суретке түсіп, әлеуметтік желілерге «студентка» деген хэштегпен жариялауды ойлаймыз. Біздің тәтті қиялымызды әкемнің сөзі бөліп жіберді. – Әй, менің қызым ТарМУ-ға грантқа түскен, мектепте жүріп ұтып алған ғой осы жердің грантын. Сол университеттің дәл есік алдына апарып таста, ақшаңды екі есе берейін, –деп саудаласып тұр. – Ой, көке, қалалық ауруханадан түсесіз. Ары қарай жап-жақын. Жаяу-ақ жетіп аласыз, – деп түсіндірді жүргізуші. Ауылды көшіріп әкелгендей сөмкелерім өзімнен ауыр. Ол біреу болса бір жөн ғой, оқимын деген кітаптарымның өзі бөлек сөмке. Қайтып Шымкентке бармайтындай барлығын салып ала беріппін. Әкемнің иығында кітап салынған сөмке, қолында анамның аш қалмасын деп беріп жіберген сүрленген еті, жаз бойы бау-бақшадан жинап, банка қылып жауып қойған салат пен вареньелері. «Картоп пен пиязды сатып алып жүрмеңдер, бара салысымен мына етпен тамақ жасап ішіңдер» деп берген ет, көкөнісінен бөлек, ыдысқа құйылған пісте майы да бар. Бір айға жетерлік азық-түлігімізді арлы-берлі сүйретіп жүрміз. Менің қолымда дөңгелектері бар чемодан, бір жерден екінші жерге көтеріп өткізер кезде әкем қолындағы заттарын тастап көмектесіп, ары қарай тағы жүре береді. Осы уақытқа дейін басын төмен салмай, ел бетіне сұсты жүзімен бір қарағанда менмін деген жүректі жігіттеріңнің өзі тұтығып, ауыздарындағы сөзін имене жеткізуші еді. Ал қазір иығындағы ауыр дүниелерім әке еңсесін бәсеңдеткендей көрінді. Сөйтсем, бөтен қалада қалғалы тұрған мені қимай, қиналып келген екен... Жүріп келеміз. Көзімізге жылы көрінген адамдардан «ТарМУ деген университет осы жақта ма?» деп сұрап қоямыз. Маңдайшасында «М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті» деген жазуы бар жерге кіріп бардық, құжаттарымызды тапсырдық. Қабылдаушы апай құжаттарымызды қарап: «Бізде бұл мамандық бойынша грантқа түскен студенттер жоқ. Бұл әскери кафедра, сіздер былай жүріп, солға бұрыласыздар, былайша айтқанда, «Жамбыл» қонақүйінің арты», – деп жол сілтеп жіберді. Сүйретіліп тағы шықтық. Жүріп келеміз. Болмаған соң: «Апайыңа хабарласшы, қай жер екен, тура мекенжайын айтсын», – деп, әкемнің бар шыдамы таусылды. Сабылып жүргенде сағат бес болып қалған екен. Жаманбаева Әсел апайды тауып келдік. Құжат қабылдайтын уақыт өтіп кетіпті. – Бүгінше жатақханаға сіздерді кіргізе беру жөнінде Әзімхан ағайға хабарласып, рұқсат сұрайын, – деді ол. – Иә, иә, алыс жерден келсе, туыстары болмаса, далада қалып қоймасын. Рұқсат қағаз жазып бер, – деген деканның сөзінен кейін еңсеміз биіктей түсті. Енді жатақхананы тауып көр. – «Жүрекке» қарама-қарсы, технологиялық корпустың жанында, тоғыз қабатты үлкен ғимарат бар, – деп апайымыз барлығын айтып шықты. Бізге басқа тілде емес, қазақша сөйлеп тұр. Біз бәрібір мелшейіп тұра бердік. Түсіндіріп уақыт құртпау керек екенін білген ол: «Жүріңіздерші, өзім апарып тастайын», – деді. Неге сол кезде аялдамадан түскен соң бірден таксиге отырмадық екен деп, қазір өзіме-өзімнің жаным ашиды... – Ой, айналып қана кетейін, қарындасым. Қазақтың қыздары өзің сияқты болса ғой, жаңа бір қыздардан сұрасақ, жауап беруге қиналады. Атаңа рақмет, айналайын, – деп әкем алғысын жаудыруда. Жатақханадағы өмір. Үлкендерден естігеніміз бойынша, «комендант» деген құдіретті күш иесі бар екен. «Ол кісіге ұнамай қалсаң, жақсы өмір сүремін деп ойлама. Сені шығарып жіберетін болса, қаңғып қаласың» деген сөздерден кейін «Сәлеметсіз бе?» деп әрең айттық. – 207-бөлмені беремін. Таза ұстаңдар. Тексеріп тұрамын, – деді. Бөлмеде қатарынан екі кереует тұр. Екі шкаф, бір кілемше ғана бар. Бұл жиһаздар бізге суық көрінді. Сөйтіп, өзіміздің қалауымыз бойынша бәрін өзгертіп алдық. Алғашқы күндер қызықсыз өтті. Бәріне күліп қарамасақ, қылмыс жасап тұрғандай сезінеміз. Ыржия беру әдет болып кеткен бе, көшедегі адамдарға да солай қарайтынды шығардық. Университетке студент болдық деп биік өкшелі аяқкиім мен алдын ала сатып алынған классикалық костюм киіп бардық, кішкентай ғана сөмкеміз бар. «Студенттер әдетте осылай жүреді емес пе, болды енді кішкентай қыз емеспіз ғой» деп жігерлендіріп келеміз бір-бірімізді. Жетуін жеттік-ау, бірақ арлы-берлі сандалуымыз көп екен. «Енді кимеспін мына аяқкиімді. Шешіп тастап, жалаңаяқ жүрсек ештеңе етпейтін шығар. Қой, ұят болады» деп, биік өкшемен қиналған құрбым екеуміз миллион теңге берсе де, студент емессің деп қол шұқшитып мазақтаса да енді кимейтін болып келісіп, шаршап-шалдығып жатақханаға келдік. Сырғып жатқан күндер... Әлі үйренісе алмай келеміз. Кафедра меңгерушілері 70 студентке жиналыс жасап, өздерін, дәрежелерін таныстыруда. – Сендерге ендігі өмірлеріңде «мынаны оқышы, сабақ айтшы» деп ешкім айтпайды. Студент дегеніміз – өздігінен ізденетін, талпынатын адам. Мына ағай-апайларыңның әлі тала- а-ай соңдарынан жүгіресіңдер, ал жақсылап танысып алыңдар, – деді де, әр сөзі мірдің оғындай, жанды жеріңе тигізіп тұрып тез-тез сөйлейтін, шашы түйілген, көзілдірігін төмен таққан апай шығып кетті. – Ағай, сіз қай студенттерді аласыз? – деп, сөзінен нәзіктік, мейрімділік самалдай есіп тұратын апай майысып ағайға қарады. – Ой, Балзияш, ала бер, бұлардың бір-бірінен дым да айырмашылығы жоқ, өзің таңдап алып, менің тобымды осы жерде қалдыра бер, – деп күліп, асығыс шығып кетті. – Олай болса, студенттердің өздері шешсін, менімен барғыларың келсе, 205-аудиторияға жүріңдер. Ағайларыңа қалғыларың келсе, осы жерде болыңдар, – деді әлгі апай. Сол-ақ екен, «Сен қайда барасың?», «Сен ше?» деген сыбыр-сыбыр сырласулар естілуде. Біз шешімді оңай шығардық. «Мен ағайда қаламын, Гүл, менің әкеме қатты ұқсайды екен», дедім. «Бірге қаламыз», деп Гүлнұр да келісе кетті. Қай жерге барсақ та «1-курс оқисыңдар ма? Түрлеріңнен көрініп тұр» дейтін. Қызық енді басталды. «Әлем тілдері» факультеті мен технологиялық корпустың арасын «ұлы көш» етіп алғанбыз. 2.2 205 пен 2.1 205 аудиторияларын жиі шатастырамыз, кейде асханада ұзақ бөгеліп қалғанда «Неге кешіктің?» десе, «Мен адасып, 2.2 жақта күтіп тұрсам, осында екенсіздер ғой» дей салушы едік. Кейін бұл сылтауымыз жүзеге аспайтын болды. Технологиялық корпустың іші біз үшін сиқырлы көрінетін, алдынан кіріп, жанынан шыға аласың. Оны былай қойғанда, көш бастайтын ұлы адам болады. Әрине, ол деканат пен ұстаздардың арасындағы «байланыс сым» – старостамыз. Белгілі бір жағдайларға байланысты Темірбай ағайдың тобында старостаны қайта сайлайтын болдық. «Кімнің болғысы келеді? Өз-өздеріңді ұсыныңдар» деп, тәлімгерлік сағатта талқылау болып жатыр. «Менің атым – Қожа»-дағы Жантасқа ұқсап: «Гүлнұр екеуміздің болғымыз келеді, ағай. Гүлнұр болсын, мен көмекшісі боламын. Бірге жұмыс жасаймыз», – дедім. «Қарсы емессіңдер ме?» дегенде, Дінасыл: «Қарсымын ағай, неге Шымкенттен келген бұлар Таразда бізге билік жүргізеді? Олай бізді басынып алуға болмайды!» – деп қатты сөйлеп тастады. – Әй, әлгі сен бала, онда өзің болсаңшы. Әйел бастаған көштің қашан оңғанын көріп едіңдер. Ер баланың сөзі нық, ісі тиянақты болса, неге болмасқа? Осы азамат болсын, – деп әр сөзіне мақал қосып, Хамит ағайымыз қостап шыға келді. – Өләәә, мыналарың не деп кетті? – деп, Гүлнұр екеуміз аң-таңбыз. Сонымен, бұл «биліктен» мүлде қол үздік. Сессия басталғанға дейін бізді ешкім елеген жоқ. Барлық сабақтан «А» алып, тапсырмалардың барлығын орындап, жақсы қырымыздан көріне берген соң, баяғы сорайған Дінасылымыз «Гуля, Гүлеке, екеуіңді қатты сыйлаймын, құрметтеймін ғой» деп жақын араласуды бастады. Демалыстарда үйге барып, қаладан келген қыз болып «біздің Таразда» деп әңгімені бастай кететінбіз. Группаны сағынып, кездесуге асық болып тұратын уақыттар қандай тәтті, бақытты сәттер еді. 1-курс, сен маған студент екенімді сезіндіре алдың, адасу, сабақ үшін жылау, белсенділермен бірге болу сияқты әр сәттің әсері бөлек. Ұстаздар көзіне тек жақсы жағынан көрінуді де осы сенің арқаңда үйрендім. «Студенттік өмірімнің» әңгімелері, қызықты оқиғалары көп. Бүгінде жоғары оқу орнын тәмамдап, үлкен өмірге қадам басқанымызбен сол бір күндерді сағынады екенсің...
Гүлжауһар БАЖАҚАЙ