«ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»
«ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ – ҰЛТ БОЛАШАҒЫ»
2021-2022 оқу жылының 1 қыркүйек - 30 желтоқсан күндері аралығында жобаның ұйымдастыру кезеңі өтті. 2021 жылдың 31 желтоқсан күні жобаны іске асыру мақсатында №Ө-411 бұйрығы шығарылды, ал 2022 жылдың 5 қаңтарынан 2024 жылдың 25 мамырына дейін жобаны жүзеге асыру кезеңі өтті. Ұлттық құндылықтар негізінде 2021-2022 оқу жылында мектептің мәдени ортасы қалыптастырылып, ұлттық салт-дәстүрде амандасу енгізіліп, мектеп қоңырауы орнына күй шырқалатын болды. «Ұлттық тәрбие-ұлт болашағы» жобасын іске асыру үшін 44 сыныптың ішінен 2 «Б», 3 «Ә», 4 «Б», 4 «В», 5 «В», 6 «В», 7 «Б», 8 «В» сыныптары іріктеліп, эксперименттік сыныптар болып бекітілді. Осы сыныптардың жетекшілері жылдық тәрбие жоспарларына төмендегі жобаның бес бағыты бойынша іс-шаралар енгізіп, арнайы сынып сағаттары өткізілді. Атап айтсақ, «Туған өлкем – тұғырым» бағыты оқушыларды туған елін, жерін қадірлеуге, оның тарихы мен мәдениетін білуге шақырса, «Үлкенге құрмет – кішіге ізет» бағыты үлкен мен кішіні сыйлауға, ата-ана мен ұстазды құрметтеуге, сыныптастарына сыйластықпен қарауға шақырады. Ал «Салт дәстүр – ұлттық тәрбие негізі» бағыты ежелден келе жатқан қазақи салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты күнделікті өмірде қолданыста ұстау әдебін үйретеді, шығармашылыққа баулып, өнерге шақыратын «25 ән», «Ұлттық спорт ойындары» бағыттары баланың ұлттық нақышта шығармашылықпен дамуына септігін тигізетін жоба. Сонымен бірге ұлттық құндылықтар мен адалдыққа тәрбиелеу мақсатында мектебіміздің дәлізінде «Тіліңді, дініңді құрметте!», «Еліңді жеріңді сүй!», «Өз тарихыңды біл!», «Жеті атаңды біл!», «Ата-анаңды құрметте!», «Үлкенді сыйла!», «Ұстазыңды ұлықта!», «Ешкімнің ала жібін аттама!» деген әрбір оқушымызға ой салатындай өсиет сөздерді іліп, оларды сынып сағаттарында талдап, түсіндірілді. Халқымызда «Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады» деген дана сөз бар. Осыған байланысты балаларымызды ізетті, кішіпейіл, еңбекқор болуға, имандылыққа тәрбиелеу үшін Абай атамыздың «Адам болам десеңіз...» деген сөзінен басталатын «Рақмет!», «Кешірім өтінемін!» деп жиі айт», «Үлкенге – құрмет, кішіге ізет көрсет», «Өзіңе сен, ешқашан мойыма», «Жаман ой ойлама, позитивті бол», «Тазалық – саулық кепілі екенін ұмытпа», «Жаман әдеттен аулақ бол, спортпен шұғылдан», «Жиі арманда, мақсат қоя біл», «Өсек-өтірік айтпа», «Мақтаншақ, еріншек болма», «Талаптан, білімге құштар бол», «Қанағатшыл, рақымды бол», «Еңбекқор бол» деген сияқты қанатты сөздерінің бала тәрбиесіне қосатын үлесі өте зор екенін ескере отырып дәлізге стенд орнатылды. 2022 жылдың 17 наурызында мектептің мәжіліс залында «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» жобасы аясында ұйымдастырылған мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Оразкүл Асанғазымен сұхбат түріндегі семинар-кеңес өтті. Семинар-кеңеске облыстық әкелер кеңесінің басшылық өкілдері, қалалық білім бөлімінің әдіскері М.Алиева, қалалық ата-аналар комитетінің төрайымы Г.Орынбаева мен ата-аналар комитетінің төрайымдары және мектеп директорлары қатысты. Аталған жобаның жұмысы жалғасын табуда. Жоспар бойынша осы бағытта бірнеше іс-шара («Бұрымды қыз», «Батамен ел көгерер» челленджі, «Бала даусы» патриоттық әндер байқауы, «Менің өлкем – қандай көркем» сурет байқауы, «Менің әкем – ең жақсы адам» бейнеролик байқауы т.б.) ұйымдастырылып, әлеуметтік желіде жариялануда. Ел Президенті Қ.Тоқаевтың «Біз қандай жағдайда жас ұрпақты нағыз отаншыл етіп тәрбиелеуіміз керек» деген сөздерін рухани тұрғыда бала тәрбиесімен байланыстыра отырып, шәкірттерімізді ұлтжанды етіп тәрбиелеуге арналған жобамызды 2024 жылдың 25 мамырына дейін жүзеге асырып, ары қарай оқу-тәрбие үрдісінде дәстүрлі түрде жалғастырамыз деп жоспарлап отырмыз.
Орынбасар АБИРОВ, Тараз қаласындағы №36 орта мектеп директорының оқу бағдарлы ісі жөніндегі орынбасары