Қабір әлемі және қабір зияратының мәдениеті
Қабір әлемі және қабір зияратының мәдениеті
Ассаламуалайкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. «Тумақ бар жерде, өлмек бар» демекші, бір адам дүние есігін ашып, өмірге келіп жатса, кей адамдар бұл дүниеден озып жатады. Бұл өзгермейтін ақиқат. Мұсылмандар үшін қабір әлемі – мәңгілік өмірдің алғашқы қақпасы, ақірет әлемінің бастауы. Дүниеден озған адамның артында қалған ұрпақтары мен жанашыр жақындары «Марқұмның топырағы торқа болсын», «Алла алдынан жарылқасын», «Жаны пейіште шалқысын» деп ізгі тілек пен дұға жасап жататыны сондықтан. Қасиетті Құранда айтылғандай Алла Тағала адам баласын тіршілік иелерінің ең ардақтысы етіп жаратқан. Сондықтан тірі адам қандай құрметті болса, қайтқан кісілер де сондай қадірлі. Сол себепті адам тәні көмілген зираттарды құрметтеу, таза ұстау, қорғау, бүлінген жерін түзету секілді бірқатар әдептерді ұстану тірілер үшін талап етіледі. Ислам дінінде қайтыс болған кісіні жерлеудің үкімі – парыз. Өйткені мәйіт көмілмей қалатын болса, «адам» деген ардақты жаратылысқа жасалған үлкен құрметсіздік әрі күнә болады. «Зиярат» сөзі – арнайы көруге бару мағынасын білдіреді. Қабірді зиярат ету ханафи мәзһабы бойынша мұстахаб іс. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с) қабірлерді зиярат еткен және біздерге зиярат етуді өсиет еткен. Әнәс ибн Мәликтен (р.а.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (с.ғ.с): «Мен бұрын сендерді қабірлерді зиярат етуден тыйған едім, енді оны зиярат етіңдер. Өйткені ол жүректі жұмсартады, көзден жас шығарады, Қабірді зиярат етіп баруды ниет еткен адам мынадай істерге назар аударуы қажет: Бірінші: Қабір иелеріне сәлем беру Қабірге баратын адам дәретін алып, Алланың разылығы үшін деген ниетте баруы керек. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында Алла Тағала шынайы ықыласпен тек қана Оның ғана ризашылығын қалап жасалған амалдан басқасын қабыл етпейді», – деген (имам Насаи). Әйел кісілерге зират басында сезімге беріліп, дауыс көтере жылап, діннің әдебіне қайшы істер істемеу шартымен қабірді зиярат етуге рұқсат. Екінші: Марқұмдарға дұға бағыштау Қабірді зиярат етуге барғаннан кейін марқұм үшін Алла Тағаладан дұға тілеу, Құран аяттарын оқып бағыштау – марқұмға пайда беретін амалдардан. Тахауи ақидасының мәтінінде: «Тірілердің өлілер үшін жасаған дұғасында және садақаларында дүниеден өткендер үшін пайда бар», – делінген. Қабір басында қасиетті Құрандағы «Фатиха», «Бақара» «Ясин», «Мүлік», «Такасур» сүрелерінің аяттарын оқу жақсы іс болып табылады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында «Мүлік» сүресі – қайтарушы, құтқарушы. Ол қабір азабынан құтқарады», – деп айтқан (имам Тирмизи). Үшінші: Ақыретті еске алу Қабірстан – барша адамзаттың Жаратушы алдында тең екендігін, бай мен кедейдің, жас пен кәрінің, күшті мен әлсіздің бір-бірінен артық еместігін, имандылық, тақуалық секілді ізгі қасиеттермен ғана биік тұратынын көрсететін ғибрат мекені. Дана халқымызда: «Аш болсаң базарға бар, тоқ болсаң мазарға бар», – деген нақыл сөз бар. Шынымен де, қабір басында барғанда адам тәубесін жаңартып, ертең Алла Тағаланың құзырына қайтатын күннің бар екендігін еске алып, ізгі амалдар жасауға деген құштарлығы оянады. Сол үшін де бұрынғы өткен ізгі адамдар: «Қабірстан – хикмет пен ғибрат дәрісханасы», – дейді екен. Төртінші: Зиярат әдептерін сақтау Қабірді зиярат ететін адам мынадай әдептерді білуі керек: 1. Зияратқа дәретпен бару; 2. Қабірді сипаудан, сүюден аса сақ болу; 3. Қабір үстін басып кетпеу үшін арнайы белгіленген жолдармен жүру. Қабірдің үсті мәйіттің құқына жататындықтан оны зияратқа барған адам басудан аса сақ болуы қажет. 4. Дүниеден өткен қабір иелерінің жақсы сипаттарын еске алу. Хадис шәріпте: «Дүниеден өткендерді жамандамаңдар, өйткені олар өздерінің бұрынғы жасағандарына оралды», – деген (имам Бұхари). 5. Құран аяттарын оқығанда қатесіз оқу; 6. Құран оқып, дұға жасағанда Құбыла тарапқа бет бұру; 7.Қабір басында бос сөз бен күлкіден сақтану. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Расында, Алла сендер үшін алты нәрсені жек көрді: намазда тыныш тұрмау, берген садақаға міндетсіну, оразада әдепсіз сөйлеу, қабір қасында күлу, мешітке бойдәретсіз кіру және үйлерге рұқсатсыз көз сұғу», – деп айтқан (имам Бұхари). Қадірменді жамағат! Қабірді зиярат етіп, марқұмдарға дұға ету, ақыретті әркез еске алып жүрудің мүмин адамға тигізер пайдалары өте көп. Абай Хәкім: Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ, Бүгінгі өмір жарқылдап алдар бірақ. Ертең өзің қайдасың білемісің? Өлмек үшін туғансың, ойла, шырақ! – деп, біздерді қайтатын күніміз жайында ойлануға шақырған. Өмірдің жалғандығын ойлау арқылы, адам баласы бұл қысқа ғұмырында әр адамның қадірін біліп, олармен сыйласуға тырысып, барынша жақсылық амалдар жасап қалуға қамданады. Алла Тағала баршамызды ізгілік амалдар жасауда тұрақты етіп, бүгінгі қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болып, елімізге амандық, жұртымызға береке бергей!
Жұма уағызын жүргізген облыстық«Һибатулла-Тарази» мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жәпек