Жаңалықтар

Тарихтан алар тағылым мол

Тарихтан алар тағылым мол

Жаңа жылдың алғашқы күндері «Egemen Qazaqstan» газетіне Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы сұхбат берді. Сұхбатта еліміздің ішкі және сыртқы саясатына қатысты көптеген тақырып қозғалды. Сонымен қатар сұхбатта өткен күнге баға беріліп, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар жан-жақты сараланған екен. Мысалы, Мемлекет басшысы 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтетінін, сонымен қатар Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық ететінін жеткізді. Мұның барлығы бізді биыл бірнеше сындарлы кезеңдер күтіп тұрғанынан дерек берсе керек. Сондай-ақ Президент биылғы болатын мәдени іс-шараларға да тоқталып: «Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізетінін» де айта келіп: «Биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаевтың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақымжан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынады. Биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмыстарын да аяқтаймыз. Бұл – өзімізден 200-ден астам, шетелден 60-қа жуық маман жұмылдырылып, тыңғылықты жасалып жатқан үлкен шаруа», деді. Міне, бұдан біз расында да халқымыздың береке-бірлікке ұйысатынын, осындай іс-шаралардың арқасында ойдағы елдің басы, қырдағы елдің малы қосылып, қазақ даласында ұлы дүбір, ұлан-асыр тойдың шашуы шашылатынын аңғарып отырмыз. Тыныштығы мен берекесі жарасқан елде тойдан басқа не болсын?! Осы күніміз ұзағынан болғай! Ерлан ЖҮНІСБАЙ, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы