Жаңалықтар

БАҒЫТЫ АЙҚЫН СҰХБАТ

БАҒЫТЫ АЙҚЫН СҰХБАТ

Ел Президентінің еліміздің бас басылымы «Еgemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатын аса зор ықыласпен оқып шықтым. Онда бәріміздің ойымызда жүрген сауалдарға орнықты жауап берілгенін оқып, риза болдым. Сұхбатта саяси ахуал, алдағы міндеттер, Қаңтар оқиғасы, заң үстемдігі, демократия қағидаттары, Президент сайлауы, Үкімет жұмысы, энергетикалық қауіпсіздік, тағы басқа бағыттармен бірге экономика тақырыбының қозғалғаны өте құптарлық жағдай деп түсінемін. Әлбетте, ел-жұртымыз қашанда қоғамның ақиқатын күтеді. Сол ақиқатты Мемлекет басшысының өзі айтты. Ал экономика мәселесіне келсек, Мемлекет басшысының айтуынша, ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру және инвестиция тарту – ең маңызды міндеттер. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру мен активтерді қайтару науқандары да септігін тигізбек. Бұл тұрғыда Салық кодексі мен Бюджет кодексінің де тиімділігін атап өткен жөн. Квазимемлекеттік сектордың ықпалын арттыру да басты назарда. Осының бәрі мақсатты түрде іске асқан жағдайда барлық міндет орындалмақ. «Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Шынын айту керек, көптен бері жауабын іздеп жүрген сан сауалға Қасым-Жомарт Кемелұлы нақты әрі шынайы жауаптар қайтарып, ел дамуындағы басым бағыттарды дәл жеткізді. Ендігі мақсатымыз – айқын. Оған жету үшін өткеннен сабақ алып, тек қана өрге ұмтылуымыз қажет. Президент соңынан еріп, тиянақты да жоспарлы әрекет жасасақ, алынбайтын асу, бағынбайтын биік қалмас. Ол үшін сын кезеңнен ынтымақпен өткеніміз абзал. Әрине, бұл ретте сырттан айтылған қанқу сөзге құлақ аспай, арандатушыларға ермей, бірінші кезекте елдігімізді сақтаған жөн дер едім. Президент өз сұхбатында 2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғанын айта келіп, «Біз негізгі саяси реформаларды аяқтап қалдық. Конституциялық Сот жұмысын бастады. Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайланды. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайладық. Ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жалғасты», деді. Иә, бұл жұмыстар биыл да жалғаспақ. Осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болатынына сенемін. Қоғамды толғандырған мәселелер туралы ашық сұхбатты баспасөз ғана емес, бүкіл Қазақстан жұртшылығы күткені анық. Сұхбатты оқып отырып, әрбір азамат үлкен әсер алғаны сөзсіз. Бұл орайда менің басты айтарым, ел Президентінің ой-тұжырымдарын көңілге тоқып, еліміздің жарқын болашағы үшін қолға алған стратегиялық жоспарлары мен реформаларын сәтімен жүзеге асыруға бәріміз бірдей жұмыла атсалысуымыз керек. Сұхбат кезінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекетіміздің алдында тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды. Алдағы бес жылда жалпы ішкі өнімді қазіргіден екі есе арттыру, ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастыру, бірнеше беделді халықаралық ұйымға төрағалық жасау, Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу, ел тарихында айрықша орны бар тұлғаларға құрмет көрсету сияқты мерейлі міндеттерді атап көрсетті. Бұл жылдың ел тарихында қандай орын алатыны елі мен жерін сүйген азаматтарымыздың сана-сезіміне, ерік-жігеріне, таным-түйсігіне байланысты болмақ. Ол үшін біз бірлігіміз бен достығымызды жарастырып, татулықты ту етіп, халыққа ортақ мүдде жолында белсене іске кіріскеніміз дұрыс. Ерлан ҚЫДЫРАЛЫҰЛЫ, Жамбыл ауданының әкімі