Жаңалықтар

ҚАРТТАР ҮЙІ ҚАЖЕТ ПЕ?

ҚАРТТАР ҮЙІ ҚАЖЕТ ПЕ?

Қарт десе, барлығының көз алдына өз шаңырағына құт-береке кіргізіп отырған ақ жаулықты әже мен ақ сақалды қариялар елестері анық. Балалары мен немерелерінің қызығын көріп, орталарында аман-есен отырса дейміз. Өкінішке қарай, қазіргі кезде перзент атаулының барлығы ата-аналарын алақандарында салып аялап отырған жоқ. Түн ортасында ұйқысын төрт бөліп, бар махаббатын, жан шуағын аямаған ата-анасына қатігездікпен қарайтын адамдар елімізде көбейіп келеді. «Біздің елімізге қарттар үйі керек пе?» деген сауалға тоқтала кетсек. Меніңше, керек емес. Не себепті жастар өз ата-анасын қарттар үйіне өткізгісі келіп тұрады? Жалпы қазақ қанында мұндай сұмдық бұрын-соңды болмаған. Заман өзгерді ме, әлде адамдардың пейілі өзгерді ме? Осы орайда қарттар үйінің пайдалы және пайдасыз жақтарын саралап көргеніміз жөн. Туған балалары мен немерелері ата-әжелерімізді қадірлемей, қарттар үйіне тапсырып, өмірлерін сағыныш пен мұңға толтырып жатқаны жат қылық, әрине. Бір мезет болсын балаларының жүзін көріп, мауқын басу үшін құшағына алуды аңсаған қарттарды көрген кезде елжіремейтін жүрек қалмайды. Әр адамның тағдыры әрқилы. Қарттар үйін пана етіп отырған қарт кісілердің өмірін елестетіп көрсек, қартайған шағында өмірінің соңын жалғыздықта төрт қабырғада қамалып, бұлыңғыр терезеге үмітсіз телміріп, алып кетеді деген сеніммен отырады. Жай ғана сипаттағанның өзінде көзге еріксіз жас келеді. Біздің ойымызша, осының бәрі ұлт тәрбиесіне тіреліп тұр. Өзгеден үлгі алатын бүгінгі ұрпақ санасына «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» ұғымдарын, адамгершілік сезімдерін ұялату керек. Бізге тәрбие беріп, бүгінге дейін жеткізген ата-анамызды, ата-әжелерімізді құрметтеп, алақанымызға салып, жан жылуымызды молынан сыйлауымыз қажет. Мәселен, қарияларды қарттар үйіне жетелейтін тағы бір мәселе – жастардың үлкенге деген құрметсіздігі. Бұрынғы уақытта қарттарымыз бізге ақылдарын, өсиеттерін және де үлкенді қалай құрметтеу керегін, кішіге қалай қамқор болу керегін айтып отыратын. Қазіргі кезде кейінгі буын үлкендердің сөздеріне пысқырып та қарамайды. Беттен алып, төске шабатын заман болып барады. Өйткені бұл өсиеттерді өмір талаптарынан артта қалушылық деп санайтындар көбейіп келеді. Эльниза КЕМЕЛБАЕВА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 1-курс студенті