«ДӘСТҮР» ФИЛЬМІНЕН НЕ ТҮЙДІК?
«ДӘСТҮР» ФИЛЬМІНЕН НЕ ТҮЙДІК?
Жыл соңында қазақстандықтар асыға күткен «Дәстүр» фильмі көрерменге жол тартты. Картина қоғамдағы шырқырап тұрған зорлық-зомбылық мәселесін қазақ кинематографиясы үшін тың әрі қиын хоррор жанрында қозғайды. Бұл – елімізге есімі жақсы танымал жас режиссер Қуаныш Бейсектің үлкен экрандағы алғашқы толықметражды туындысы. Кино авторлары алдымен блогер, әнші, кино майталмандарының қатысуымен Алматы қаласында кинокартинаның жабық көрсетілімін өткізді. Көрсетілімді қолдауға қазақ киносының мэтры Тұңғышбай Жаманқұлов та келген. Туынды экранға шыққан күні жұрт асыға күткен фильмді алғашқы болып тамашалаған көзі қарақты көрерменнің арасында біз де болдық. Шыны керек, кино аяқталғаннан кейін көрермен біраз уақыт өз-өздеріне келе алмады. Бір қызығы, хоррор дегенмен туынды метафораға толы. Әр көрермен өзінше ой түйіп, мазмұнын өзінше топшылайды. Кейбіреулер фильмде діни уағыз ашық жүргізіліп тұр десе, енді өзгелері елдегі саяси қиындықтарды астарлап жеткізгенін айтады. Жалпы алғанда, фильм қазақ қоғамындағы әйелдердің рөлі мен құқықтарына негізделген күрделі мәселелерді қозғауға күш салады. Режиссер қазіргі заманғы әйелдерге деструктивті әсер ететін және әртүрлі нысандарда зорлық-зомбылық тудыратын бұрмаланған дәстүрлер мен архаикалық нормаларды бөліп көрсете отырып, көрерменге ой салғысы келген. Сюжет желісі Болашақ ауылында өрбиді. Сол ауылдың ең бай тұрғыны Нұрсұлтанның Болат есімді ұлы болады. Әкесі «Мен коммунистік кезеңнің ұрпағымын, Құдайға сенбеймін» деп өзін атеист санайды. Мал-дүние деп баласының тәрбиесіне де мән беруден қалған. Енді өскен соң «еккенін орып», ар-ұяттан ада қалған ұлын жөнге сала алмай әлек. Ең сорақысы, анасы «Жалғыз ұлым, жалғызым» деп Болаттың бетін қақпайды. «Маған бәрі болады» деп есірген еркектерді осындай аналар тәрбиелейтінін әдемі көрсетіп тұр. Ана мен әкені тыңдауды қойған Болат қаладан оқу бітіріп келген домбырашы Диана есімді қызға қиянат жасайды. Ауыл әкімі, ұлдың ата-анасы жабылып жатып ұлын түрмеден алып қалудың жолын іздеуге кіріседі. Анасы бір қыздың өмірін құртқан ұлының қалай қателескенін көруге де тырыспағаны қынжылтты. Күйеуіне «Жалғызымды қамауға қалай жіберемін? Бір ұлыңнан нені аяйсың, малыңды сатсаң да алып қал!» дегенде ызаң келеді. Ақырында зәбір көрген қыздың ата-анасына барып, «Ауылдың бәрі шулап жүр, ұят болады» деген желеумен Болат пен Диананы үйлендіреді. Әуелгіде «Бұл антұрғанды соттатамын, түбіне жетемін» деген қыздың әкесі мен анасы «Ел-жұрт шулап жүр, ұят болады» деген сөзге қарсы келе алмай қалады. Амалсыздан қызын он миллионға сатуға мәжбүр болады. Дүркіретіп той өткізген соң қызын іздеп бармағаны да жанға батады. Көресінің көкесі тойдан кейін басталады. Қиянат көрген қыздың Алла алдында айтқан қарғысы өз иесін табады. Туындыда қызды жылатқан, Құдайдан безген жандар түбінде опық жейтінін анық мысалдармен көрсетіп тұр. Десе де фильмнің атауы қате секілді. Мұндай оқиғалардан соң екі жасты қосып жіберу қазақтың дәстүрінде жоқ. Ішінара кездесетін оқиға екенін мойындаймын. Жоғарыда фильм метафораға толы деп айтып қалдық. Бір ғана мысал, осындай жаға ұстатарлық оқиға орын алған ауылдың аты – Болашақ. Қыз тағдырын саудалаған екі әке тойға арнап жайылған дастарқан басында отырғанда «Бұл даланың ерлері...» деп ән шырқалғаны тіптен керемет теңеу. Танымал тұлғалар мен жаңа таланттарды біріктіретін күрделі актерлік құрам ерекше назар аударуға тұрарлық. Қазақ кино өнеріне зор үлес сіңірген тәжірибелі актер Алдабек Шалбаев, «Оян, қазақ!» фильмінде Мұхтар Әуезовті сомдаған Әсет Есжан, Нұржан Бексұлтанова, Алдияр Жапарханов – «Дәстүр» бейнесін сомдаған қазақстандық актерлердің бір бөлігі ғана. Басты рөлдерді театр және кино жұлдызы Ермек Шынболатов пен аталған фильм алғашқы дебюттік рөлі болып саналатын жас актриса Нұрай Жеткерген асқан шеберлікпен сомдады. Жаңа фильм бұрмаланған дәстүр мен ескірген нормаларды сынға алатын, өзгеріске бағытталған үлкен қадам. «Адамның қарғысынан сақтан» деген ой жатыр фильмде. Қыздың қарғысын алма, ата-ананың қарғысын алма, адамнан қайтпаған кек Алладан жаза болып келеді. Көрсетілімнің негізгі айтары – осы. Режиссер Қуаныш Бейсек осы фильм арқылы бүгінгі өмірдің бір үзігін, тіршіліктің трагедиясын, кісілік келбетінен алыстап кеткен адамдықтың құлдырауын көрсетіпті. Картина отбасылық институттың ықпалы әлсіреген тұста жақсы салт-дәстүрді жеке бастың эгоистік, өзімшіл ындынын қанағаттандыратын азғындықтың құрбандығы еткені туралы. Алайда «Дәстүр» қазақстандық алғашқы хоррор фильм дегеніміз жаңсақ пікір дер едім. Туындыны көріп отырып Ақан Сатаевтың «Адасқан» фильмі миымызға «сарт» ете қалды. Көрерменін соңғы сәттеріне дейін жаңылыстырып жіберетін «Адасқан» заманынан ерте шыққан фильм еді… Қорыта айтқанда, қазақ киносына жаңа леп әкелген «Дәстүр» – ауыр, салмақты, шынайы, қорқынышты, жұмбақты, астарлы ақиқаты бар фильм. Ар жағында тұрмыстық зорлық-зомбылық, баланы өмірге бейімдемеу, ата-ананың баласын қорғаған болып қорлауы, бетімен кеткен жетесіз ұлдың жеткізгені, дәстүр деген қастерлі ұғымды жамылып жымысқы ойларын жүзеге асырмақ болғандардың тұтылуы, бүгінгі қоғамда бар шындықтың әркім сене бермейтін, бірақ жүрек түкпірінде барлығында қорқыныш, үрей шақыратын тылсымның астарласа араласуы жатыр. Жалпы айтқанда, «Құдайдан қорықпағаннан қорық» сипатындағы триллер. Біздің жастар мықты, бір оқиғаның желісінде қоғамның мың ауруын ашып, жалаңаштап көрсетті. Санаңды селк-селт еткізері бар, жан-жағыңа қарататын, Құдайдан қорқытатын фильм. Қазақ жастарына ой салатын мұндай фильмдер де керек-ақ. Сондықтан «Дәстүр» фильмінің қадамы құтты боларына сенім мол. А.Бекенқызы