Жаңалықтар

«ЕЛГЕ ОРТАҚ АДАМНЫҢ ЕСІМІ ЕСКІРМЕЙДІ»

«ЕЛГЕ ОРТАҚ АДАМНЫҢ ЕСІМІ ЕСКІРМЕЙДІ»

Қазақ тарихында таққа лайықты хандар да, атқа лайықты балуан да, қара қылды қақ жарған билер де көп болды. Ал солардың арасында абыз дәрежесіне дейін көтеріліп, аңызға айналғандары санаулы-ақ. Міне, сондай атақты әз Тәуке ханның уәзір дәрежесіндегі белгілі билерінің қатарында болған, халқы абыз деп әспеттеген батырдың бірі Әлмерек Жаншықұлының орны ерекше. Әлмерек Жаншықұлының ұрпақтары да батырдың елге қараған бетін жерге қаратпады. Мысалы, ержүрек ұрпақтары Тазабек, Саурық және Шалтабай ақын орыс отаршылдарына қарсы жанқиярлықпен күресті. Ал Ұзақ, Әубәкір, Жақыпберді сияқты ұрпақтары 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің алғашқы оғын атты. Міне, олардың шыр айналған оттың ішінен шырпыдай халқының тағдырын қорғап, аман алып шыққан тарихын кейін Мұхтар Әуезовтей ұлы жазушы жазып шықты. Атақты «Қилы заман» романы солардың ерлігіне қойылған ескерткіш іспетті шығарма еді. «Бабаңның кім болғаны емес, балаңның кім болары маңызды» дегендей, бүгін біз ерлігі еліне аңыз болған ұлы тұлға Әлмерек бидің тікелей ұрпағы, «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қоғамдық қорының атқарушы директоры Ысқақ Нұрмұханбетовпен болған сұхбатымызды оқырман назарына ұсынып отырмыз. – Құрметті Ысқақ Молдәлімұлы, жақында ғана исі қазақтың абызы Әлмерек бидің еңселі ескерткіші бой көтерді. Игі істің басы-қасында өзіңіз жүрдіңіз. Олай болса, сөзді өзіңіз басқарып отырған қордың жұмысынан және Дінмұхамед Қонаев пен Әлмеректің рухани байланысынан бастасаңыз. Себебі батыр бабамыздың жерленген орнының табылуына тікелей ықпал еткен Дінмұхамед Ахметұлы екені белгілі. – Әлмеректің жарыққа шығуына бірден-бір себепкер болған Дінмұхамед Қонаев еді. Әңгіме былай, Димекеңнің әкесі Меңліахмет ақсақал өлеңші әрі ұлы жүз Үйсін шежіресін жақсы білетін, молдадан сауат ашқан сұңғыла кісі болған. Негізі Дінмұхамед Қонаевтың өзі Әлмерек биді пір тұтып, құрметтеген. Сөйтіп, бұл құрмет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, кейін 1921 жылы Әлмерек жазығында халық жиналып, тасаттық береді. Сол жерге Меңліахмет ақсақал үлкендерге сәлем берсін деген ниетте тоғыз жасар ұлы Димашты ертіп барады. Тасаттық біткен соң сол маңға жақын Әлмеректің қорған-мазарына ат басын бұрып, дұға оқиды. Өзімен бірге еріп келген баласына: «Мынау Әлмерек деген атақты кісінің мазары» деп, абыз жайында әңгімелейді. Күн ыстық болғандықтан мазардың төменгі жағындағы бұлақтардан екеуі су ішеді. Бұл оқиға бала Димаштың есінде ерекше сақталып қалады. Осы оқиғадан кейін араға жылдар салып Дінмұхамед өзінің жұлдызы жанған жылдарында да бабаның басына барып, дұға оқып кетіп жүреді. Тіпті абыз Әлмерек туралы тарихи деректерді де жинастыра жүреді. Жалпы Әлмерек батырдың өмірі мен өнегесі, ерлігі мен тағылымы жөнінде және оның атамекеніндегі жер-судың қасиеті жайында Димекең өте көп білген. Сондықтан да болар, Гагарин кентінің бұрынғы атауы Әлмерек екенін де бірінші болып айтқан Дінмұхамед Қонаев болатын. Димекең айтқан дерек бойынша Әлмеректің жатқан жері белгілі болып, кейін ескі қорған-мазарына барып, дұға оқушылар қатары көбейеді. Тәуелсіздіктен кейін 1998 жылы жазда Әлмеректің ұрпақтары оншақты киіз үй тігіп, үлкен ас берді. Осылайша Дінмұхамед Қонаевтың білгірлігі мен шежіреге сұңғылалығының арқасында түнектен жарыққа шыққан Әлмеректің көне қорған-мазарының орнына 2001 жылы жаңа кесене салынды. Ал «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қоры 1995-1996 жылы құрылды. Содан бері бұл қор тынбай жұмыс істеп келеді. Қор жұмысындағы негізгі бағыттың бірі – Әлмерек батырдың жүрген ізін, тарихын зерттеумен айналысу. Әрине, Әлмерек батырға байланысты қандай да бір жұмыс істелетін болса, оның басы-қасында біздің жүруіміз заңдылық. Осы күнге дейін бабаның басына барып зиярат етушілердің жағдайын жасауға басымдық бердік. Мәселен, келушілерге арнап демалатын орын салдық. Бір жағынан, бұл бабаны дәріптеу болса, енді бір жағынан, елдің туризм саласының дамуына да зор үлесін қосатын жұмыстардың бірі деуге болады. Әлмерек бабамыздың атын жаңғырту мақсатында Алматы облысының әкімдігі, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтымен бірігіп, 2019 жылы Алматыдағы ғылым академиясында халықаралық конференция өткіздік. Конференция қорытындысымен қазақ тарихында орны орасан ұлы тұлғаның атын дәріптеу, жер-су нысандарына атын беру, ескерткіштер қою ұсынылды. Сөйтіп, 2019 жылы «Әлмерек баба» мәдени-тарихи қоры баба ескерткішіне байқау жариялады. Ұлы тұлғаның бейнесін сомдасам деген 15 үміткердің арасынан екі мүсіншінің жұмысы комиссия мүшелерінің көңілінен шықты. Дегенмен облыстық, республикалық комиссия Елдос Бексұлтановтың жұмысын жоғары бағалады. Аталған ескерткішке қор қаражаты есебінен 250 миллион теңге бөлініп, 5 метр биік тұғырға қоладан құйылған баба ескерткіші орнатылды. Ескерткіштің биіктігі – 7 метр 40 сантиметр. Алматы облысындағы Шонжы елді мекенінің кіреберісіне орнатылған бұл ескерткіш сыртынан қарағанда жанарын дарқан далаға қадап, тұлпарының жанында терең ойда тұрған батырдың мінезі мен шын келбетін ашқандай менмұндалап көзге ұрады. Сонымен қатар біз онда ескерткішті ғана орнатып қойған жоқпыз. Айналасын қоршап, саябақ жасасақ деген ниетте қазіргі таңда абаттандыру жұмысын жүргізіп жатырмыз. Бүгінгі күнде бірқатар жұмыс еңсеріліп қалды. Бұйырса, жоба 2024 жылдың наурыз айында аяқталады. – Әлмерек батыр туралы аңыз-әңгіме көп. Абыздың өміріне айғақ боларлық аңыздардың ішіндегі көп айтылатыны – Әлмеректің батагөй болғандығы. Дегенмен тарихи фактілермен жазылған еңбек аз. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Жалпы сізде батырдың басқа қырлары туралы тарихи деректер бар ма? – Иә, расында, халық арасында Әлмерек абыз туралы аңыз-әңгіме көп. Ал тарихи деректерде Әлмеректің әз Тәукенің «Жеті жарғысын» жазуға атсалысқан би болғаны айтылады. Кейбір деректерде Қазақ хандығының Ата Заңын талқылап, бекіту үшін үш жүздің мықты деген қырық екі биі қатысқаны жазылады. Дала данышпандарының алдыңғы қатарында Әлмерек Жаншықұлы бабамыз да болып, өзінің кейбір ойларын заң баптарына енгізуге ықпал еткен. Бұл туралы басқа да деректерді Мәмбет Қойгелдиев, Нұрпейіс Талдыбек, Әскер Тойғанбек, Бексұлтан Нұржекеев, Талас Омарбеков сияқты жазушы, тарихшылардың кітаптарынан кездестіреміз. Аты аталған ғалымдардың еңбегінде Әлмерек абыздың тарихи рөлі айшықталып көрсетілген деуге болады. Әсіресе Жетісу аймағы ұзақ уақыт бойы қалмақтардың қол астында қалып қойғанда оларға қарсы соғыс ұйымдастырып, жерді қорғап қалған батырлардың бірі де осы Әлмерек баба болғанын тарих жоққа шығармайды. Алайда Әлмерек бабамыз туралы арнайы жазылған шығармалардың аз болуы, бәлкім, нақты зерттелмеуінен шығар деп ойлаймын. Қазақта зерттелмей жатқан тұлғалар аз емес қой. Сонымен қатар бізге мәлім деректердің бірі Райымбек батырдың Әлмеректен бата алғаны туралы Мұқағали Мақатаевтың дастанында айтылады. Ал мұны тарихи шындық емес деп қалай айта аласыз? Демек, біз шын тарихты әлі де зерттей алмай жатырмыз. Шынайы ұлтымыздың абыз, батырларына әлі де болса толық баға бере алмай келеміз. Сондықтан бұл бағытта біздің істейтін жұмысымыз әлі көп. Тәуелсіз Қазақстанның жастары әлі талай тарихтың бетін ашып, нағыз тарихи тұлғаларды зерттеп, зерделейтініне сенімім кәміл. Өйткені мұндай елге ортақ тұлғалардың есімі ешқашан ескірмейтіні ақиқат. Бабалар туралы жазылған шығармаларды жастардың құлағына жеткізе алмай жүрміз. Бұл рухани кедейлік. Меніңше, біз қазақ даласының даңқты батырларына арнап кино түсіруіміз керек. Кино жастарды тәрбиелейді. Сондықтан бұл бағытта ұлт болып жұмыла жұмыс істеуіміз қажет». – Әлмерек батырдың жекпе-жекте жеңген батырларының бірі Шонжы болса, енді бірі Қордай деп айтылып жүр. Бүгінде аталған екі батырдың есімімен аталатын аймақтар бар. Осы орайда Әлмерек батырдың атына неге бір ауданның атын бермеске деген ой түсуі заңдылық. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Иә, ол кезде Шонжының аты Қарадала деп аталатын. Ол кезде жоңғар шапқыншылығы үдеп тұрған болатын. Меніңше, сол жылдары Әлмерек небәрі 22 жаста болған. Алайда өрімдей батыр жоңғарлардың қанды қылышынан сескеніп, хан ордасына қарай немесе басқа жаққа қоныс аудармады. Ол табан тіресіп күресті. Даласын қорғады. Сондай қан кешкен кезеңдердің бірінде жекпе-жекке шығып, қалмақтың Шонжы деген батырының басын алады. Бұл ерлігі, шын мәнінде, біздің бүгінгі тәуелсіз Қазақстанымыздың бір шетін жауға бермей алып қалумен бірдей болды. Мүмкін, сол кезде ерлік танытпай, қара басының қамын ойлап басқа жаққа ауып кетсе немесе көшіп кетсе, біздің картамыз бүгінде басқаша сызылар ма еді, кім білсін. Сондықтан бабамыздың бұл ерліктерін тарихи тұрғыда аса жоғары бағалауға тиіспіз. Жер-су атауларын өзгертуге келгенде сол орынның тарихи тамырымен астасып жатқан дүниелерге баса мән берген дұрыс деп ойлаймын. Бүгінгі таңда көпшіліктің аузында облыстардың, аудандардың атын ауыстыру мәселесі айтылып, жиі талқыланып жүр. Бұл бір-екі күндік жұмыс емес. Сондықтан жан-жағымызға қарап жұмыс жасағанымыз абзал деп ойлаймын. Әрі кезінде елі мен жерін қорғаған батыр бабалардың атын елді мекендерге беру жастардың рухын оятатын келелі бастама деп бағамдаймын. Тіпті ұлттық идеология негізінде бұл үрдіс басталып та кетті деуге болады. Өйткені Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытау, Жетісу, Абай облыстарын құруының өзі мемлекетіміздің жаңаша бағыт алғанының дәлелі. Соның арқасында қаншама қазақтың рухы оянып, қаншама ауыл қайта түлеп жатыр. Мұны тәуелсіз Қазақстанның нағыз жаңару кезеңінің бір көрінісі деп бағалаған дұрыс. Сондықтан болашақта Әлмерек сияқты абыздың да аты кезінде өзі қорғаған елді мекендердің біріне беріледі деген сенімдеміз. – Әлмерек бабаның басына барып, зиярат ететіндердің саны көп екенін айтып қалдыңыз. Осы орайда бабамыздың басына қойылған кесененің бүгінгі жағдайына тоқтала кетсеңіз. – 2004 жылы Серік Сұлтанғазив деген азамат бабамыздың басына кесене орнатты. Содан бері бұл жерден ірілі-ұсақты шетелдік қонақтардың аяғы үзілген жоқ. Иә, бабалардың ізгілікті ісін көрсету, олардың ерліктерін дәріптеу жұмыстары үздіксіз жүргізілу керек. Біз бұл бағытта азды-көпті жұмыстар атқарып жатырмыз деп ойлаймыз. Мысалы, ежелгі Тараз, Түркістан сияқты көне қалаларымыздың атының өзі назарымызды аударып тұрады. Сол сияқты қазақтың әрбір жерінде киелі орындар бар. Ал ол жер неге киелі деген сұрақ тұру керек қазіргі жастардың басында. Олай дейтінім, киелі орын деп біз бабаларымыз туып-өсіп, қорғаған жерді айтамыз. Бекерден-бекер қасиетті деп ардақтамаймыз. Сондықтан Әлмерек батырдың кесенесі де сондай киелі орындардың қатарында деп саналады. Өйткені ол кісі елін-жерін қорғап, аттан түспей өткен қазақтың батырларының бірі. – Дұрыс айтасыз. Шынтуайтында, біз осындай бабаларға құрмет көрсету арқылы егемендігіміздің егесі өзіміз екенімізді ұғынамыз. Бірақ кейде бабалардың басына құлпытас орнатқанда немесе айтулы мерекелерде ғана оларды еске алатын сияқтымыз. Қырғыздар Манасты дәріптегендей, біз өз батырларымыздың даңқын лайықты деңгейде асқақтата алып жүрміз бе деген сауал туындайды... – Қазақта ондай эпостық жырларға енген кейіпкерлер аз емес. Кешегі Алпамыс, Ер Тарғын, Қобыланды батырларымыздың бәрі де бір-бір алып тау іспетті тұлғалар деуге болады. Тіпті одан бергі Райымбек батырдың өзін алып қарасаңыз да оның ерлігі мен батырлығы туралы Мұқағалидың жазған дастанынан артық не бар дейсіз?! Біз бар болғаны олардың сол ерлігін дәріптей алмай жатырмыз. Бабалар туралы жазылған шығармаларды жастардың құлағына жеткізе алмай жүрміз. Бұл рухани кедейлік. Меніңше, біз қазақ даласының даңқты батырларына арнап кино түсіруіміз керек. Кино жастарды тәрбиелейді. Сондықтан бұл бағытта ұлт болып жұмыла жұмыс істеуіміз қажет. Біз шын тарихты әлі де зерттей алмай жатырмыз. Шынайы ұлтымыздың абыз, батырларына әлі де болса толық баға бере алмай келеміз. Сондықтан бұл бағытта біздің істейтін жұмысымыз әлі көп. Тәуелсіз Қазақстанның жастары әлі талай тарихтың бетін ашып, нағыз тарихи тұлғаларды зерттеп, зерделейтініне сенімім кәміл. Өйткені мұндай елге ортақ тұлғалардың есімі ешқашан ескірмейтіні ақиқат». – Қазіргі таңда қоғамда әр ру өзінің батырларын ғана айтып, өздерінің ғана бабасына тартатын жаман әдет қалыптасқан сыңайлы ма, қалай ойлайсыз? Жалпы Әлмерек биді дәріптеу рушылдық деңгейден ұлттық көзқарасқа көтеріле алды ма? – Өз еліңнің батырын дәріптеу рушылдықтың жалауына айналмауы тиіс. Біз кейде тым әсірелеп жібереміз. Тіпті бір рудың ішінде ата-атаға бөлініп жатамыз. Шын мәнінде, мұның түкке керегі жоқ. Ал Әлмерек бидің атын біз рушыл болғандықтан көтеріп жүрген жоқпыз. Оның күллі ұлт үшін жеті ұрпағына дейін жұмыс істеп жатқан тұлға екенін бүкіл қазақ біледі. Әрі оған халықтың өзі солай атақ берген. Мұндай қазаққа ортақ тұлғаларды руға бөліп қараудың қажеті жоқ. Олай ететін болсақ, біз ел болмаймыз. Иә, қазақтың бәрінде батыр, би бар. Бірақ соның ішінде тұтас халыққа ортақ болып, аңызға айналған тұлғалар санаулы. Мысалы, Төле, Әйтеке, Қазыбек би немесе Қабанбай, Бөгенбай, Бауыржан Момышұлы сияқты ұлтқа ортақ тұлғаларды руға бөле тартудың соңы жақсылыққа апармайды. Сондықтан бұл жерде елге танымал тұлғаларға тарихи баға берілуі тиіс. Оған рулық деңгейде атақ беріп немесе жеріне бөліп құрметтеудің керегі жоқ. Ал Әлмерек туралы тоқталсақ, ол кісі туралы аңыз көп. Соның барлығынан біз батыр атамыздың бір ауылдың ғана емес, күллі Алаштың қамын жеген, қазаққа ортақ тұлға болған би екенін аңғарамыз. Оған өзінің «Ошақтың үш аяғындай үш жүз бірге болса, қазақты ешбір жау ала алмайды» деген сөзі дәлел болса керек. Сонымен қатар ол кісі алдына келген адамның ғана емес, өзі барып қонған үйдің, өзі араласып жүрген жұрттың ішіндегі мәселелерге кірісіп, ел ішінде дау тууының алдын алып отырған асқан көреген адам болған. Сондықтан да болар, ол кісінің әр сөзі өсиет болып бүгінге дейін ел ішінде ұмытылмай келеді. Әлмерек би айтыпты дейтін сол ғибратты сөздердің бірі мынадай: «Қазымыр болсаң – ұлың кетеді, Қытымыр болсаң – қызың кетеді. Сыйымсыз болсаң – келінің кетеді, Тынышсыз болсаң – серігің кетеді. Қатал болсаң – жұртың кетеді, Сұраншақ болсаң – ұятың кетеді. Ақылсыз болсаң – бауырың кетеді, Ақымақ болсаң – ауылың кетеді. Аз нәрседен көңілің кетеді, Мұратқа мінін түзеткен жетеді», дейді. Тағы бірде: «Ұлдың жақсы болғаны – өмір ізі, Ұлдың жаман болғаны – көңіл сызы. Келін жақсы болғаны – келген дәулет, Келін жаман болғаны – бітпес бейнет. Қыздың жақсы болғаны – нұры тамғаны, Қыздың жаман болғаны – қырсық шалғаны», деген сияқты аталы сөздері әлі күнге дейін халықтың тәлім-тәрбие алатын нақылына айналып келеді. – Осы орайда Әлмерек би мен Төле бидің арасындағы байланыс туралы да баяндай кетсеңіз. – Әлмеректің әз Тәукенің ордасына кіріп, ханның ісіне араласуына бірден-бір себепші болған адам ол – Төле би. Әрине, ол заманда ерлігіне, тапқырлығына сүйініп, елден естіп, өзі сынақтан өткізіп көрмесе сонау Түркістанда жатқан Төле би Жетісуда жүрген Әлмерекпен барыс-келіс орнатуы мүмкін емес еді. Өйткені Төле би қазақтың төбе биі. Төле бимен байланыс орнатып, кездесу, батасын алу екінің біріне бұйыра бермеген. Ал ұлт ісіне бірге атсалысуға Әлмеректі шақыруы шынымен де Төленің кемеңгерлігін көрсетсе керек. Сонымен қатар Әлмерек ол заманда би немесе батыр ғана болмаған. Ол өте зиялы, оқыған-тоқығаны көп. Елдің іші-сыртын барлай алатын аса ақылды адам болған. Оны Төле бидің қасына тартуы да содан болса керек. Әйтпесе қазақтың дала заңын шығаруға екінің бірін араластырмайтыны белгілі ғой. – Әңгімеңізге рақмет! Сұхбаттасқан Шапағат ӘБДІР