Әлеумет

«Fix Price»-тағы қате аудармалар түзетілді

«Fix Price»-тағы қате аудармалар түзетілді

Осыдан біраз бұрын газетімізде «Fix Price» дүкендер желісіндегі сорақы аудармалар туралы жазғанбыз. Тауарлардың орысша атауларын қазақшаға аударғандағы ақылға қонымсыз, тіпті мағынасы да келмейтін сөздерді көпшіліктің назарына ілген дүкеннің бұл әрекетін сынға алған едік. Сол мақалада бұл істі аяқсыз қалдырмайтынымыз да айтылған еді. Міне, соның нәтижесін көру үшін аталмыш дүкендер желісінің Тараз қаласындағы нысандарын тағы да араладық. Бұл жолы тек газет тілшілері емес, облыс әкімдігінің Тілдерді дамыту басқармасының қызметкерлерімен және облысымыздағы тіл жанашырларымен бірге бардық.

Ондағы қызметкерлердің айтуынша, дүкен ресейлік болғандықтан барлық тауарлардың атауының қазақша аудармасын «Яндекс аударма» қосымшасынан алады екен. Ал мұндағы қазақ қызметкерлер компанияға аудармалардың қате екенін айтқанымен олар оны елең қылмайтын көрінеді. Дүкен жұмысшылары «AR-AI» газеті сорақы аудармаларды сынға алғаннан кейін біразын түзетіпті. Алайда біз тағы барғанымызда көп тауардың ішінде әлі де қалып кеткендерін көрсетіп, көз алдымызда алғыздық. – Еліміздің баршаға ортақ Заңында бұрын тауар атаулары, қоғамдық орындардағы жазбалар қазақ және орыс тілінде жазылуы міндеттелсе, енді ол тек мемлекеттік тілде жазылуы керек деп өзгертілді. Егер қажет болған жағдайда екінші тілде жазуға болады. Ал тұтынушылардың назарына ұсынылған тауар атауларының қазақшасы түсініксіз жазылғаны тұтынушының құқына нұқсан келтірумен бірдей. Егер аударма жасауға қиналса немесе қызметкерлер мемлекеттік тілді білмесе, біз тегін әдістемелік көмек көрсетуге дайынбыз. Тіпті аудармасын да дұрысымен жасап бере аламыз. Осыны көптеген қоғамдық орындарға барып, түсіндіріп жүрміз, – дейді облыстық тілдерді дамыту басқармасы тілдерді оқыту орталығының директоры Гүлхан Әлімбекова. Бізбен бірге барған мемлекеттік тілдің жанашыры, ұлты украин Тарас Леоненко: – Отанымыздың мемлекеттік тілін білуге әрбіріміз міндеттіміз деп есептеймін. Сондықтан да ұлтым украин болғанымен, бала күнімнен қазақтың байтақ жерін мекендеп, өскендіктен қазақшаны үйрендім. Қазір мемлекеттік тілді үйренемін деген адамға мүмкіндік мол. Егер тіл білсе, мұндай кемшіліктер орын алмас еді. Ал тұтынушыға тауардың атауы, бағасы, құрамы туралы мәлімет мемлекеттік тілде дұрыс берілмесе, ол әрине, тұтынушының құқының тапталуы. Мұндайға жол берілмеу керек. Бәріміз де тұтынушымыз, өзімізге қажет нәрсенің сипаттамасын өзімізге түсінікті тілде алуға құқылымыз. Сондықтан қоғамдық орындардағы мұндай олқылықтарды көрсетіп, оны түзеуге көп болып үлес қосу – бәріне ортақ қоғамдық мәселені шешудің ең оңтайлы жолы деп білемін, – дейді. Бастысы – біз қателіктің түзелгеніне қуандық. Тіліміздің, сол арқылы өзіміздің құқымыздың тапталмауына бірге күш салайық.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА