Әкім жақсы болса, ауыл азбайды
Әкім жақсы болса, ауыл азбайды
Қазір қыс мезгілінің екінші айы басталса да ауа райының жылылығы сонша, күн көзі құдды бір наурыз айындағыдай шуақ шашып тұр. Алайда өткен жылдың желтоқсан айының басында қаһарлы қыстың қалай басталғаны көптің есінде деп ойлаймын. Өз басым сол уақытта табиғаттың қатал мінез танытқанын әлі ұмыта алмаймын. 13-14 желтоқсан күндері Шу ауданының Далақайнар ауылында қатты дауыл соққан болатын. Сол кездері отағасы екеуміз ұзақ жолға сапарлап кеткен едік. Қордай, Жуалы ауданының асулары өткел бермей, өзіміздің ауданда да пойыз тоқтап қалғанын жаңалықтардан біліп отырдық. Байланыс үзіліп, бала-шағамен тілдесе алмай қатты уайымдадық. Үйге келгенде ауылдастардан, балаларымнан күшті дауыл салдарынан ауылдағы тұрғындардың үйлерінің және қора-жайларының шатырлары ұшып кеткенін естідім. Дауылдан мүлкіне залал келгендер арасында біздің үй де бар еді. Бұрқасынды бораннан далаға ешкім шыға алмай қалған екен. Қатты суық болып, ауыл бойынша электр желілері үзіліп, ауызсу өшіп, интернет желісі, телефон байланысы болмады. Қар нығыздалып, көшелер, негізгі жол жабылып қалды. 15 желтоқсан күні Далақайнар ауылдық округінің әкімі Болат Ошанов жас та болса бас болып, өзінің іскерлік, ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, ауданнан «CAT» техникасын алдыртып, басты жол саналатын ауыл көшесін қалың қардан тазартты. Жарықты да сол күні қосып, ел ауызсумен қауышты. Ұялы байланыс та іске қосылып, ауылдың тіршілігі жандана түсті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, Әлия Молдағұлова көшесінің тұрғыны Азиха Сүлейменованың да үйінің шатыры түгелімен ұшып кеткен болатын. Күннің суығына қарамастан, ауыл әкімі тұрғындарды асарға шақырып, 16-17 желтоқсанда жұрт ауызбіршілікпен ол үйдің шатырын жауып берді. Асыл ана көмек берген жандарға алғысын білдіріп отыр. Ауа райының күрт өзгеруінен туындаған келеңсіздіктерден зардап шеккен әлеуметтік осал топтағы ауыл тұрғындарының үй іргесіндегі үйілген қарды шығаруға ауыл әкімшілігіндегі қоғамдық жұмысшылар үлкен үлес қосты. Нақты айтқанда, ауыл әкімі Болат Жақсылықұлының басшылық етіп ұйымдастыруымен ауылдағы көшелердің жолы және осал топтағы екі ауыл тұрғынының үй іргесі қардан тазартылды. Өйткені боран қарды үріп әкеліп, үй бойындай нығыздалған қармен бірнеше баспананы көміп тастаған еді. Ауыл тұрғындары табиғаттың тосын мінезіне қарсы тұра білген әкімімізге уақыт оздырмай жұртты ортақ іске дер кезінде жұмылдыра білгеніне, суықта үйде жатпай әр тұрғын үшін алаңдап, көмек беру ісінің бел ортасында өзі де бірге жүргені үшін зор алғыс білдіріп, үлкендер ақ батасын берді. Мен де өз атымнан Болат Ошановқа облыстық «AR-AI» газеті арқылы алғыс білдіруді жөн көрдім. Оның боранда бүгежектемей ел ортасынан табылуынан бөлек, ауылымыздың көркеюі, тұрғындардың жұмыспен қамтылуы, жұрттың әл-ауқатының көтерілуі, кәсіппен айналысуы бағытында да атқарып жатқан еңбегі елеуге тұрарлық. Әкім жақсы болса, ауыл азбайды деген осы. Зәуре АБРАИМОВА, Далақайнар ауылының тұрғыны, Шу ауданы