Жаңалықтар

ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМЫМЫЗДАҒЫ ҰЛУ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

ҰЛТТЫҚ ҰҒЫМЫМЫЗДАҒЫ ҰЛУ ЖЫЛЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАН?

«Ай көзді ашып-жұмғанша, жыл жылқы аунап тұрғанша өтеді» демекші, ор қояндай орғыған Қоян жылы да өзінің қонысына кетіп, Ұлу жылы ұясына келді. Тірі адам үшін күннің де, жылдың да жаманы жоқ. Дейтұрғанмен халқымыз жаңа күннен тек жақсылық күтетін болған. Сондықтан да Ұлу жылы ұлтымызға ұлы мерейтойларды нәсіп еткей. Ұлу демекші, қазақтың жыл қайыру ұғымында бұл атау басқаша түсінік береді. Жалпы Азия халықтарының күнтізбесінде бұл жыл бар. Алайда Ұлу жылын аталарымыз Балық жылы деп те атаған. Дәл сол сияқты бұл жылды басқа халықтар айдаһар десе, кейбіреулері кішкене құс деп есептейді. Тіпті тәжіктер мен парсылар қолтырауын деп атайды. Ал қытайдың «лун» сөзі айдаһар деген мағына берсе, түрікмендер «лу» сөзін «балық» деп аударады. Ноғайлықтар үшін «лу» сөзі біресе жәндік, біресе құс атауын білдіреді. Алтайлықтар үшін «улы» – үйрекке ұқсас әлдебір құс, оны батпақта сирек көресің, ол жақсы ұшады» деп бейнеленеді. Сонда бұл жылдың атауын қалай түсінуге болады? Бұған ғалымдарымыз әртүрлі жауаптар беріп келді. Дегенмен де ғалым Мыңбай Ысқақовтың «Халық календары» атты еңбегінде келтірілген деректер көңілге қонымды. Онда ғалым Ұлу жылы туралы мынадай деректер келтіреді. «Бұл хайуанды алтайлықтар мен телеуіттер «ұлы», ұйғырлар және түрікмендер мен қазақтардың бір бөлігі «балық» дейді. Қытайлықтарша ұлы деген хайуан – айдаһар, парсыша – «нехнг», яғни темсақ (қолтырауын). Көрнекті орыс ғалымы, түрколог Платон Мелиоранскийдің айтуынша, ХIV ғасырда бір араб ғалымы Персияда сығыр, ат, балық жылдары болды деп жазған. Қазақ, қырғыз, Қырым татарлары, Ставрополь түрікмендері, ноғайлықтар бұл жылды Ұлу жылы дейді. Бірақ ұлудың қандай хайуан екенін анық білмейді. Александр Самойлович ұлудың мағынасын сұрағанда, Қырым татарлары «бір қара түсті, көбелек сияқты жәндік» деп, Ставрополь түрікмендері «бір кішкене құс болса керек» деп, ноғайлықтар «құс па, маса ма, анығын өзіміз де білмейміз» деп жауап беріпті. Н. Северин ұлуды орыс тіліне «улитка» деп аударыпты. Кумандиндіктер ұлуды «ербалық» немесе «ұлу-ажан» дейді. Алтайлықтардың мүшелді кескіндейтін бір ескілікті суреттерінде ұлу орнына жираф суреті көрсетілген. Мүшел суреті салынған ескі қытай медальдарында ұлу төрт аяқты ұзын жылан бейнесінде. Сондықтан оны кейбіреулер орыс тіліне «крокодил» деп аударады», деп жазады М.Ысқақов. Сонымен, бұл жыл жалпы қай халықтың сөзінен шықты дегенге келсек, әлі де талас жүріп жатқаны белгілі. Мысалы, ғалымдарымыздың айтуынша, тибет тілінде де ұлу сөзі бар екен. Бірақ мағынасы белгісіз. Ал моңғол тілінде ұлу сөзінің екі түрлі мағынасы болған. Олардың бірі – айдаһар, екіншісі – жер мен суды билейтін жын. Моңғолдар күннің күркіреуін көктегі айдаһардың арқырауы деп түсінген. Олардың ойынша, күннің күркіреуі «аспан дауысы» деген ұғымды білдіреді. Алайда бұл ұғымның бәрін жоққа шығарушылар да жоқ емес. Олар ұлуды құрт-құмырсқа, көбелек немесе басқа да жәндіктерге ұқсатудың қажеті жоқ деп есептейді. Өйткені ондай ұсақ жәндіктер жылға кірмейді, оған мән берілмеген. Қайта ірі жануарлар мен хайуандарға көп назар аударылған деген уәжін айтады. Ал айдаһар дегенге келсек, оның көбі түрлі халықтардың қиялынан шыққан фантазиялық ойының жемісі, шын мәнінде, ондай жылан болмаған дегенді айтады. Ал балық дегенге келсек, бұны да жоққа шығаратын ғалымдар жоқ емес. Өйткені жылға таңдалған жануарлардың бәрі де құрлықта өмір сүретіндер. Сондықтан суда жүретін балықты оған қоспайды деген пікір айтатындар да бар. Ал енді ғалым Мыңбай Ысқақовтың жазуынша, ұлу сөзі түркілердің «ұлы» (үлкен, зор) сөзіне жақын. Бірақ бұл сөздің ескі түрі «ұлы» емес, «ұлұғ». Сондықтан ұлуды ұлыдан шыққан деуге де болмайтынын айтады. Сонымен қатар ол Алтай халықтарының мынадай бір ертегісіне тоқталады. Онда Манының жеті ұлы болғандығы, олар – борсық, мысық, барыс, ұлу, қарағұла, ірбіс және текен деп бөлінгендігі айтылады. Бұл тізімнің ішкі мазмұнына қарағанда, ұлу балық та, айдаһар да емес, барыс тұқымдас жыртқыш аң. Сондықтан да алтайлықтардың мүшелді бейнелейтін кейбір суреттерінде ұлу төрт аяқты, құлағы төбесіне біткен хайуан түрінде көрсетілген. «Сайып келгенде, ұлу көбелек те, балық та, темсақ та, айдаһар да емес. Ол қабылан, сілеусін, бұлыңғыр сияқты, жалпы алғанда, зоологиялық жағынан ит тұқымына жататын жыртқыш хайуан. Қазір ұлудың нақты мағынасы ұмыт болған. Ол фантазиялық хайуанға айналып кеткен», деп тұжырымдайды М.Ысқақов. Қарап тұрсаңыз, бір атау бірнеше мағына береді. Енді бір деректерде айдаһар атауы шоқжұлдыздың атауы немесе тізбегі болуы да мүмкін екендігі айтылады. Тағы бір деректер бойынша, Алаша ханды Ұлуша деп атағаны айтылады. Онда ұлу деп бөрі басты айдаһар, яғни құйрықты аңды атаған деп келтіреді. Өйткені күллі түркінің арғы тегі болған Ашинаның арғы атасының да аты Ұлуша деп аталғанына назар аударсақ, онда бұл деректің де жаны бар. Ал енді жалпы осы ұлудың қазіргі бейнесі қандай дегенге келетін болсақ, ұлу дыбыс, түс атаулыны ажыратпайтын, жарық пен қараңғыны, ыстық пен суықты ғана сезіп, тек алға, жарыққа, жылуға ғана ұмтылатын жәндік. Халық болжамы бойынша, Ұлу жылы жанға жайлы, жақсы болады және жауын-шашын көп болып, құрғақшылық болмайды деген түсінік бар. Негізі ұлу соқыр және саңырау болады. Тек жарық пен қараңғылықты ғана ажыратады. Сондай-ақ бір-бірімен жанасу арқылы байланысады. Ең қызығы, қолайсыз жағдай кезінде 6 айлық ұйқыға кете алады. Аяқтары әлсіз, кішкене болса да бір минуттың ішінде 7 сантиметр қашықтықты жүріп өтеді және өз салмағынан 10 есе ауыр затты тасымалдай алады. Сонымен қатар етіндегі ақуыз мөлшері тауықтың жұмыртқасынан көп. Ал тістерінің саны кез келген акуладан көп. Жер бетіндегі ең үлкен түрі – аустралиялық ұлу, салмағы – 40 келі, ал ұзындығы 30 сантиметрге дейін жетеді. Шығыс жылнамалары бойынша, ұлу – даналықтың, күш пен өркендеудің символы. Ал астрологтардың айтуынша, ұлу суда жүретін болғандықтан бұл жылы құрғақшылық болмайды. Жыл тыныштықпен, береке-молшылықпен өтеді. Сонымен қатар бұл жыл шығармашылық, жаңашылдық және жаңа бастамалар үшін қолайлы болады деген де сенім бар. Ұлт тарихындағы Ұлу жылының да небір зұлмат замандармен тұспа-тұс келген кезеңі де болды. Өйткені бабаларымыздың азаттық үшін атқа қонып, арпалысқан кезеңі 1916 жылға тура келеді. Бұл ел тарихында «Ұлт-азаттық көтерілісі» деген атпен қалды. Одан кейін ұлттың басына қара бұлт үйіріліп, халықтың қаймағы болған зиялыларымызды қуғын-сүргінге ұшыратқан репрессия және ашаршылық та 1928 жылы басталған болатын. Бұл естіген адамның сүйегін сырқырататын тарихымыздың да Ұлу жылы басталғаны жанымызға батады. Мына тоқшылық заманға жетуіміздің өзі сол ашаршылық көрген бабаларымыздың қаны мен жанының өтеуі болса керек-ті. Бұлттан кейін күн шыққаны іспетті, осы нәубетті жылдардан кейін қазақ халқы қайта етек жинай бастады. Біздің қазіргі қолданып жүрген әліпбиіміз орыс графикасы негізінде 1940 жылы қолданысқа енгізілген болатын. Бұл да аталған жылмен сәйкес келеді. 1988 жылы Алаш арыстары ақталды. Сонымен қатар біздің ұлы мерекеміз Наурыз да осы жылдан бастап тойлана бастады. Расында, бұл тәуелсіздіктің алдындағы ең жарқын сәттеріміздің бірі еді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Ұлу жылы 2000 жылға түсті. Бұл жылы біз түгел түркінің рухани астанасы болған Түркістанымыздың 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік. Сонымен қатар ең үлкен жетістігіміздің бірі – бұрынғы Семей полигонындағы соңғы ядролық сынақ алаңын жойдық. Сонымен қатар дәл сол жылы 23 тамызда Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры құрылса, 10 қазанда Астанада Еуразиялық экономикалық қоғамдастық атты жаңа ұйым іске кірісті. Сондай-ақ сол жылы Сиднейдегі жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 3 алтын және 4 күміс медаль жеңіп алды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның Олимпиада ойындарына қатысқан жылдарындағы ең үздік нәтиже екенін айта кеткеніміз жөн. Бұдан кейін Ұлу жылы 2012 жылы келді. Ол кезде де еліміздің ішінде неше түрлі өзгерістер орын алып, мемлекетіміз даму жолымен алға ілгерілей түсті. Ұлу жылы тарихымызға жақсылықтармен қатар, ұлы адамдарды да алып келіп отырған. Мысалы, 1016 жылы атақты ғалым Жүсіп Баласағұн туса, 1628 жылы ғұлама Әнет баба, 1664 жылы атақты Қарасай батыр, 1748 жылы Шал ақын, 1820 жылы дәулескер күйші Дәулеткерей Шығайұлы, 1862 жылы қазақтың алғашқы режиссері Жұмат Шанин, 1904 жылы археолог ғалым Әлкей Марғұлан сияқты атақты адамдарды қазақтың маңдайына сыйлаған бұл жылда дүниеге келген көптеген әлемдік деңгейдегі жазушылар мен ақындар да бар. Мысалға алсақ, атақты жазушы, детектив жанрының негізін қалаушы Эдгар По 1810 жылы туса, 1832 жылы әйгілі қаламгерлер Льюис Кэрролл, 1868 жылы Максим Горький өмірге келді. Әлемнің жаратылысы мен тылсымына көз тіккен философ Фридрих Ницше 1844 жылы дүние есігін ашты. Айта берсек, Ұлу жылы дүниеге келген данышпандар көп. Бәлкім, қазір біздің де өз Эдгар Помыз, Ницшеміз дүниеге келуге асығып, анасының құрсағын тепкілеп жатқан шығар. Не де болса, жаңа Ұлу жылы ұлы шаңырағымыздың берекесін нықтай түссін! Шапағат ӘБДІР