Балалар бақыт пен шаттыққа бөленді
Балалар бақыт пен шаттыққа бөленді
Жаңа жыл мерекесінде кез келген бала ғажайыпқа сенеді. Аяз атаға хат жазып, армандарының орындалуын асыға күтеді. Жақында облыстық «Анаға тағзым» орталығында «Аялы алақан» атты мерекелік қайырымдылық іс-шара өтті. Салтанатты кештің мақсаты – жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық, мейірімділік сияқты асыл қасиеттерді дарыту арқылы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және күнкөрісі төмен отбасылары мен олардың балаларына көмек көрсетіп, мерекелік көңіл күй сыйлау. Бүлдіршіндер үшін жаңажылдық мерекелік кеш өткізу арқылы орталық мамандары әлеуметтік жағынан аз қамтылған және күнкөрісі төмен отбасылары мен олардың балаларын қуантып, көңілдерін сергітті. Ал оларды өмірге әкеліп, бағып-қағып отырған ата-аналары жақсы көңіл күймен демалып қайтты. Орталық қызметкерлері мен үйірме қатысушылары әсем ән айтып, күміс күй төкпелетіп, ертегі әлеміне саяхат жасады. Мерекелік кеш тек думандатып қана өткен жоқ, оған қатысқан 15 отбасыға азық-түлік себеті сыйға беріліп, 20 балақайға мерекелік тәттілер мен сыйлықтар үлестірілді. Халқымыздың қанына сіңген асыл қасиеттерінің бірі – жабырқаған жандарға жақсылық жасап, қамқорлық көрсету. «Анаға тағзым» орталығы да мұндай игілікті шараны дәстүрге айналдырған. Өткен жылдары ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасыларға көмек көрсетіліп, қамкөңіл жеткіншектерге сый-сияпат жасалған болатын. Мұндағы басты мақсат – өмірдің түрлі қиын жағдайына тап болған отбасылар да өздерін қоғамның бір бөлшегі екендіктерін сезінсе деген оймақтай ой, таудай тілек қана. Қазақтың ұлы ақыны Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» дегеніндей, орталық ерекше қажеттіліктері бар балалар мен көпбалалы, толық емес, қиын жағдайға тап болған, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға түрлі бағытта қолдау мен көмек көрсете бермек. Ақтоты ЖАҢАБАЙ Aktoty_96_08@mail.ru