Жаңалықтар

Әулиеатаның Үздік жастары анықталды

Әулиеатаның Үздік жастары анықталды

Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты өңірлік жастар форумы өтті. Жиынға аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев, әр саладағы белсенді жастар мен БАҚ өкілдері қатысты. Жиын басталмас бұрын «Әулиеата жастары» энциклопедиясының тұсаукесері ұйымдастырылды. Энциклопедияда өңіріміздегі белсенді жастардың есімдері жазылған. Дәстүрлі қызыл лентаны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қиып, құттықтау сөз сөйледі. – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, еліміздің болашағы – жастардың қолында. Сіздерге артылар жүк те, сенім де мол. Биылғы жыл еліміз үшін ерекше бастамалар мен тың өзгерістерден басталды. Бүгінгі таңда Отанымыздың игілігі үшін еліміздің түкпір-түкпірінде Жамбылдан шыққан мықты кадрлар еңбек етуде. Міне, осындай жақсы мамандар кейінгі жастардың да арасынан шығатынына еш күмән жоқ. Сондықтан біздің басты мақсатымыз – өңірдегі жас кадрлардың тұрақты дамуына барынша жағдай жасау. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде, – деді Е.Шырақпайұлы. Сонымен қатар аймақ басшысы волонтерлік қызметке атсалысқан жастарға алғысын білдірді. Бүгінде 14 мыңнан астам жас күн сайын халықтың игілігі үшін тынбай етуде. – Қазіргі таңда жастардың облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып жатқанына қатты қуанамын. Бүгінде облыста 13 жастар ұйымы жұмыс істеп келеді. Биыл өткізілген 1000-нан астам іс-шараға 24 238 белсенді жас тартылды. «Қамқор» әлеуметтік қайырымдылық дүкені ашылып, 150-ден астам мұқтаж отбасыға көмек көрсетілді. Мұндай істердің атқарылуы ізгі қасиеттерді тәрбиелеуге септігін тигізеді, – деп қосты өңір басшысы. Осыдан кейін Ербол Қарашөкеев облыс әкімінің «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығы мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлеріне диплом мен сертификаттар, бағалы сыйлықтар табыс етті. «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша үміткерлер екі грантқа ие болса, үш грант ауыл жастарының бастамаларын қолдауға бағытталды. Ал екі грант бизнес жобаны қаржыландыруға бөлінсе, бес грант жас ғалымдар мен олардың ғылыми жобаларын қолдау үшін берілді. Ал қалған екі грант жастар ұйымдары мен медиа жобаларды қолдауға арналды. Бұдан кейін облыс әкімі «Әулиеата үздігі» сыйлығының 15 номинациясы бойынша жеңімпаздарды марапаттады. Жамбыл ауданының 11-сынып оқушысы Алина Айдаралы «Үздік жас айтыскер» атанса, Данияр Әлімқұлов «Үздік ақын» болып танылды. Облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Мақпал Сүйінбай «Үздік жас журналист» номинациясына ие болса, «RESPUBLICA» партиясынан сайланған депутат Нұрсұлтан Темірхан «Үздік жас депутат» аталымы бойынша топ жарды. «Үздік жас мұғалім» ретінде Жамбыл ауданындағы Антон Макаренко атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Салтанат Кусеева марапатталды. «Үздік жас спортшы» номинациясына мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының мүшесі, грек-рим күресінің балуаны Нұржан Асан ие болды. «Үздік жас денсаулық қызметкері» атағы Жамбыл аудандық орталық ауруханасының денсаулық сақтау және әлеуметтік-психологиялық көмек көрсету бөлімінің меңгерушісі Жұлдыз Қапарбековаға бұйырды. «Үздік жас музыкант» болып К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әртісі Аида Смағұлова танылды. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының жас актрисасы Әсем Қондыбаева «Үздік жас театр қайраткері» атанды. Биыл «Үздік жас құтқарушы» аталымы Жуалы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Берік Қайыповқа берілді. «Үздік жас құқық қорғау қызметкері» жүлдесін Жамбыл аудандық полиция басқармасы тергеу бөлімінің аға тергеушісі, полиция аға лейтенанты Диана Біләл еншіледі. «Үздік жас мемлекеттік қызметкер» номинациясын Шу қаласының әкімі Елдос Нұралиев алды. Амангелді газ өңдеу зауытының бас технологы Дәулет Егембердиев «Үздік жас өндіріс қызметкері» атанды. «Үздік жас кәсіпкер» ретінде «Raf group» ЖШС және «Bs capital service» серіктестігінің құрылтайшысы Арман Бейсенбайдың абыройы асқақтады. Ал «Үздік жас өнертапқыш» аталымы бойынша Тараз қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы Фатима Бәкірованың мерейі үстем болды. Марапаттау рәсімінен кейін сахна төріне форум спикерлері Абылайхан Әбдіреш, Шәміл Ванкеев, Әмірлан Уәлиханов және Ақбота Мәмбеталы шақырылды. Әр спикер өз тәжірибесімен бөлісіп, жастардың тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді. Форум соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Аяулым Жаманқара