Жаңалықтар

ТЕАТР ТАРЛАНЫ ТУҒАН ӨЛКЕСІНДЕ

ТЕАТР ТАРЛАНЫ ТУҒАН ӨЛКЕСІНДЕ

Облыс әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұловтың 75 жасқа толу мерейтойына орай Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында «Абылай ханның ақырғы күндері» драмасы қойылды. Мерейтойға келген қонақтар, ең әуелі, театрдың 1-қабатындағы фойесінде орналастырылған Т.Жаманқұловтың спектакльдерде, киноларда киген сахналық киімдерінен ұйымдастырылған фотокөрмесімен, пайдаланған реквизиттерімен танысты. Одан кейін LED-экраннан Т.Жаманқұловтың әр жылдары ойнаған спектакльдері мен кинолардағы бейнежазбасын тамашалады. Ал Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері келген қонақтарға Тұңғышбай Жаманқұловқа арналған өлең шумақтарын оқыды. Ары қарай қонақтар көрермендер отырған залға барып «Абылай ханның ақырғы күндері» драмасын тамашалады. Қойылым қазақ тарихындағы ең ұлы билеушінің бірі болған және қазақтың он сегізінші ханы Абылай ханның өмірін суреттейді. Жерлестеріміз Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының ұжымы ұсынған «Абылай ханның ақырғы күндері» драмасынан ханның Қазақ хандығына қосқан үлесін, саяси жолын, оның стратегиясын біле алды. Қойылымда хан өмірінің соңғы үш күні баяндалады. Аталған драмада режиссер өмірінің соңғы күндеріндегі Абылай ханның арманын, еңбегінің жемісін, өкінішін, күйінішін, саяси жолын зерделеп, өз-өзіне есеп бергенін әдемі суреттеген. Оған қоса Абылай хан мен Бұқар жыраудың арасындағы байыпты диалогтарды көрсетеді. Қойылым авторы, режиссері – Маман Байсеркеев. Бас кейіпкер Абылай хан рөлін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов сомдады. Драмада заманынан озып туған Абылай хан бейнесінің көркемдік сипаты жан-жақты ашылған. Жиырма жасында таққа отырып, бар ғұмырын ел билеумен өткізген Абылайдың да төрт құбыласы тең емес екен. Ол да ет пен сүйектен жаралған, тірі пендеге ортақ арман мен мұң, сүйініш пен күйініш, іштей мазалайтын көңіл күй арпалысының иесі болған. Драмада Абылайды меңдеген сырқаты мен тақап қалған ажалы емес, қайта керісінше артында қалып бара жатқан қалың елінің тағдыры, соның бүгіні мен ертеңі көп алаңдатады. Өйткені драмадағы «Алты алаштың айбыны мен айбары. Алда-жалда туы қисайып, шаңырағы шалқая қалар күн туса, бұл халыққа кім ие? Айдынынан, Абылайынан айрылған күні не болмақ?» деген сұрақ-жауаптармен берілетін монологтар осы сөзімізге айқын дәлел бола алады. Ал драмада Бұқар жырау Абылайдың ел басқару жұмысына ақыл-кеңесімен, асқан ой-парасатымен ықпал жасап отырған ханның идеологы, яғни оң қолы болған ойшыл қоғам қайраткері ретінде бейнеленеді. Қойылымның соңында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Тұңғышбай Жаманқұловты 75 жас мерейтойымен құттықтап сөз сөйлеп, иығына шапан жапты. – Бүгін шын мәнінде рухани кеш болды. 75 жасыңызға орай туған өлкеге осындай туындыны алып келіп, көрсетіп жатқан өзіңізге зор алғысымды білдіргім келеді. Сіз актер ретінде халқыңыз үшін қалтқысыз қызмет етіп, біздің рухани қазынамызды аса құнды қойылымдармен толықтырған жансыз. Бұл еңбегіңізді біз аса жоғары бағалаймыз, – деді Ербол Шырақпайұлы. Сонымен қатар кеше Қазақстанның кино және театр тарланы Тұңғышбай Жаманқұловтың мерейтойына орай М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің педагогика және гуманитарлық ғылымдар факультеті, мәдениет және өнер кафедрасынан өнер иесінің шеберханасы ашылды. Шапағат ӘБДІРҰЛЫ