Жаңалықтар

ПСИХОЛОГҚА ЖҮГІНУ ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ МЕ?

ПСИХОЛОГҚА ЖҮГІНУ ЕРІККЕННІҢ ЕРМЕГІ МЕ?

Психологқа жүгінген адамның бәрі сырқат емес. Әлі де қоғамымызда әлдебір жағдаймен психолог маманға қаралатындарды сыртынан «жынды» санап, тон пішіп қоятынымыз жасырын емес. Бүгінгідей қым-қуыт тіршілік қабаттасқан заманда іштей дағдарысқа тап болғандарға біреудің сөз көмегі болса да керек екені даусыз. Алайда екінің бірінен ақыл сұрап, айтқанын істей беруге тағы болмайды. Өйткені ел ішінде өздерін ақылман санап әлеуметтік желіде елді аузына қаратқандардың шын мәнінде кім екенін, бұрын немен айналысқанын білетіндер олардың заман тынысын тап басып, ақылын ақшаға сататындар қатарына жатқызып қойған. Одан қалса жұрт арасында «кейбір психологтың өзіне де психолог керек» деген сөз бар. Заман басқа ма, адам басқа ма деп мәселені өзімізден көрмей, өзгені жазғыратынымыз тағы бар. Заман да, адам да орнында, өзгерген біздің ой-санамыз. «Тас лақтырсаң психологқа тиеді» деп олардың көптігін тілге тиек етіп жатамыз. Бірақ жантану ілімін игерген адамдар шынымен ақ өмірімізде керек екен. Балалық шақтан бастау алған жандағы жарақаттарды біртіндеп суыртпақтап шығаратын ілім осы екен. Адам күйзеліске ұшырағанда немесе қатты ауырып қалғанда қанша жерден инемен ем алып жатсаң да басыңдағы шырмаудан құтылмайынша ем қонбайды. Енді психолог пен психиатрды шатастырмауымыз керек. Психолог – өмірдің әртүрлі қиындықтарында, атап айтсақ, оқуда, отбасында, басқа да қарым-қатынаста, түйткілді мәселелерге тап болғанда, жанжалдық жағдайларда дені сау адамдарға кеңес беретін маман. Ал психиатр – есі ауысқан адамдарды емдейтін дәрігер. Адам болған соң өмірде бәрі болады. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, мәселен, біреудің үйінде өлім-жітім орын алады. Енді біреудің отбасындағы бір мүшесі айықпас дертке шалдығады. Немесе екі жұптың бірі араққа салынып, отбасының берекесі қашады. Келесі бір отбасында кісі қолына қарап отырған ерекше баласы бар. Бәрі жақсы деген үйдің өзінде әйтеуір бір ел білмейтін кемшілігі болады. Сондайда құпия сырды, өкпе-наланы ішке бүкпей, психологтың алдынан шыққан жөн екен. Бірақ ақысын төлеп баруға көптеген адамның табысы жетпейді. Айтпақшы, мықты психолог мамандар бүгінде әрбір емханада бар. Бірінші сеанстың өзінен-ақ кәдімгідей жеңілдеп сала бересіз. Айнұр Бекжігітова – 25 жастағы бойжеткен. Ол ел-жұрттың «Қашан күйеуге шығасың?» деген сөзінен шаршағанын айтады. Тіпті осы бір сөз жүрегіне шаншудай қадалғаны сонша, жас қыз депрессияға ұшыраған. – Алла Тағала барлығымызды жұп-жұбымен жаратқан ғой. Менің де жұбым бір жерде, бір әлемде жүрген болар. Қашан кездестіретінімді бір Құдай ғана біледі. Десе де елдің сөзі жасыма жетпей өлтіретін болды. Ол сөздер жеке басыма, намысыма тигені сондай, кейінгі кезде күйзеліске ұшырадым. «Мұның бір шешімін табуым керек» деп, ақырында психологтың алдынан бір-ақ шықтым. Ең алғаш жан ілімін зерттейтін маманға Алматыда көріндім. Санира Шаймұрат есімді білікті психолог бар екен. Біржолғы қабылдауына 30 мың теңге төледім. Кейінірек Таразға көшуіме байланысты емді осында жалғастырдым. Көне қалада да жап-жақсы, білікті мамандар бар екен. Бірақ мұнда баға төмендеу. Бір сағаттық еңбекақысына 15 мың теңге алады, – дейді ол. Қарап отырсақ, психологқа кез келген адам еріккеннен бармайды екен. Бұдан түйетініміз – адамның жеке басына, жеке шаруасына өтпеуіміз керек екенін естен шығарып алатынымыз рас. Неге біреуге «қызыңа серік болатын тағы бір қыз туып ал» немесе «жалғыз жүрме, біреуді тауып ал», «қанша балаң бар?», «күйеуге неге тимей жүрсің?» деп ол кеңес сұрамаса да ақыл айтып, қытығына, жүйкесіне тиеміз. Біз айтпасақ та оны өзі біліп жүр емес пе? Сәті түспей жүрген болар. Құрсақ көтере алмай жүрген бейбақ болса ше? Арына тиіп неміз бар? Біреудің көңіліне тиеді-ау демейді екенбіз. Ал екінші кейіпкеріміз қосағынан жастай қалған Айсара. 25 жасында жесір қалған оның екі баласы бар. – Екі жыл бұрын жұбайым Жансерік жол апатынан қайтыс болды. Жасы 28-де еді. «Отбасылық өмірімізге 5 жыл толады» деп отырғанымызда осындай қайғыға ұшырадық. Алланың басымызға салғанына не шара? Қиын екен. Бастапқыда көндіге алмай жаным азапталды. Ойларым мен ісім қабыспай, ашуланшақ, күйгелек, жылап қала беретін болып қалдым. Қуаныш пен бақыт мен үшін жаралмағандай тек үрейленіп, әркімнен күдіктеніп, басқамызға өлім қай күні келіп қалар екен деп күтіп жүретін болдым. Яғни ол жағдайды саналы түрде қабылдай алмадым. Осылай торығып жүргенімде құрбыларымның айтуымен психолог маманға көріндім. Психолог дұрыс сұрақтар қою арқылы іштегі запыранды бізге өз аузымызбен айтқызады. Әр өткен қабылдау сайын жеңілдегенімді сезіндім. Ешкімге айтпаған сырларымды айттым. Ал мен іштегі сырды ешкімге айта алмай, ешбір тірі жанға сенім арта алмай, құпия сақтап жүріппін. Психологтың кеңесі маған көп көмектесті. Өзімді-өзім бағалау деңгейім жоғарылап, жақсы ой ойлап, жақсы сөз сөйлейтін болдым, – дейді Айсара. Үшінші кейіпкерлеріміз ақшаның жеткіліксіздігінен үйінде болатын күнделікті ұрыс-керістен шаршаған ерлі-зайыптылар – Мақпал мен Досан. Қол ұстасып серттескен кезде бәрі жақсы болған. Арада балалар дүниеге келіп, дәл сол кезде Досан штаттық қысқартуға ұшырап, жұмыссыз қалғанда жанжал өрті тұтанған. – Екеуміз бірдей жұмыс істеп жүргенде табысымыз жеткілікті еді. Қазір күйеуім жұмыссыз отыр. Ер адамның бос отырғаны жаман екен. Бұл да бір бала сияқты болды. Кішкентайларымызға жаялыққа, сүтке ақша жеткізе алмай, үйдің жанындағы дүкенге қарызданып, жанұямызда ұрыс көбейді. Тіпті қол жұмсайтынды шығарды. Ақша таппай отырса да ішкілікке салына бастады. Сонымен ата-анамыздан көмек сұрап, жақсы бір ақылы психологқа көріндік. Екеумізді бөлек-бөлек тыңдады. Не айтқымыз келеді, не ойлаймыз, бәрін айттық. Психолог барынша көмектесті. Үш айдай ем алдық. Ем болғанда психолог дәрімен емдемейді. Ол жылы сөзімен, ақыл-кеңесімен емдейді. Көп ұзамай шаңырағымызға татулық ұялай бастады. Не себепті жұмысқа тұра алмай жүргенін анықтап берді. Яғни ішкі қал-күйді дұрыстады. Мен де кінәлай беруді қойдым. Бір-бірімізге жеке тұлға деп қарадық. Бір-біріміздің құмартатын, ұнататын нәрселерімізге, қасиеттерімізге дұрыс көзқараспен қарай бастадық. Ең бастысы күйеуім жұмысқа тұрды. Жағдай біртіндеп шешілді, – дейді Мақпал. Психолог Әлия Смайлқызының бұл салада тәжірибесі 25 жыл. Ол басқа қалаларда психологқа көріну ерсі емес екенін, ал Тараз, Шымкент, Түркістан өңірінде мұндайға таңырқай қарайтынын айтады. – Өмірдің түрлі кезеңдері бар. Ене мен келін арасындағы мәселелер, ажырасу, жасөспірім кезеңдегі құбылмалы мінез, бәрі психолог маманның көмегін қажет ететін кездер. Яғни болып жатқан жағдайдан көркем түрде шығу үшін, әрине, психолог керек. Біздің мамандық – сапердің жұмысы сияқты қатерлі мамандық. Алдыңа келген, жаны ауырып отырған адамды сен жылы сөзіңмен, дұрыс бағыттауыңмен қауіптен, дағдарыстан алып шығуың керек. Егер абайламай, дұрыс емес бағытты көрсетіп, жаман сөз айтып қойсаң, мұның соңы жақсылықпен аяқталмайды. Яғни адамға бағыт-бағдарды дұрыс беруіміз керек. Ажырасуға оқталып отырған отбасыны қайта жарастыруға сеп боларлық жылт еткен жақсы үміт болса, оларды қайта қосып жіберген абзал. Психолог болу оңай емес. Клиенттің бала күнгі жарақаттарын қайта тырнап алмай, оны емдей білуіміз керек, – деп ой түйді ол. «Ауруын жасырғанның өлімі әшкере» дейді қазақ. Бүгінде жүйкесі тозған адам көп. Не себепті екенін сол пенденің өзі біледі. Алайда психологқа жүгіну арқылы көбіміз ойлана бермейміз. Өз қайғымызбен жеке-дара күресеміз. Мұндайда психологтың көмегі қажет екенін қашанда ұмытпайық. Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru