Жаңалықтар

Ербол Қарашөкеев әр саладағы үздік жастарды марапаттады

Ербол Қарашөкеев әр саладағы үздік жастарды марапаттады

Таразда өңірлік жастар форумы аясында облыстық «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығы және «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері марапатталды.

Шара барысында «Әулиеата жастары» энциклопедиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев түрлі салада үздік атанған жастарды құттықтап, мемлекет тарапынан жастарды қолдауға айрықша ден қойылып отырғандығын баса айтты.

Аймақ басшысы «Әулиеата жастары» тұрғын үй бағдарламасын жалғастыру бойынша жан-жақты мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын хабарлады. 2022 жылы аталған бағдарламаны қолдау аясында жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлініп, 41 жас маман баспанамен қамтылса, биыл 125 жас тұрғын үйге қол жеткізген.

Өңір басшысы салтанатты шара барысында «Әулиеата үздігі» жастар сыйлығының жеңімпаздары мен «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлеріне диплом, сертификаттар мен наградалар табыс етті.

Жас ғалымдар «Ақпараттық технологиялар» бағытында жобаларды іске асыру үшін екі грант алса, ауыл жастарының бастамаларын қолдауға үш грант бөлінген. Ал, мүмкіндігі мол бизнес-жобаларға екі, жас ғалымдар мен олардың ғылыми жобаларын қолдауға бес грант қаралған. Сол секілді жастар ұйымдары мен медиа жобаларды қолдау бағытында екі грант берілді.

«Әулиеата үздігі» сыйлығының жеңімпаздары 15 номинация бойынша марапатталды. Лауреаттардың қатарында ақын, журналист, депутат, мемлекеттік қызметші, педагог, спортшы, құтқарушы, әскери, денсаулық сақтау мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, әнші, кәсіпкер, өнертапқыш, театр және кино, өндіріс (зауыт, фабрика)  саласындағы жас мамандар бар.

Өңірлік жастар форумы концерттік бағдарламамен түйінделді.